10 қыр, 2020 сағат 19:00

Қазақстанда 2025 жылға дейін 11 мың шақырым жол жөнделеді

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша қызу жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Биыл біздің елде жөндеу жұмыстарымен 4 мың шақырым жол қамтылды. Жалпы «Нұрлы жол 1» және «Нұрлы жол 2» бағдарламасы бойынша жоспарды орындап келеміз. Яғни 2015-2020 жыл аралығында «Нұрлы жол 1» бағдарламасы бойынша жұмысты аяқтап, 13 мың шақырым жолды қайта жөндеуден өткіздік. 8 мың шақырым жолды І және ІІ санатты жолдардың қатарына енгіздік. Биылдан бастап «Нұрлы жол 2» бағдарламасы басталды. Бұл жолы 2020-2025 жылға дейінгі аралықта жол жөндеу жұмыстары басталады. Оған сәйкес жалпы 24 мың шақырым жолды «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайға жеткізуді көздейміз. Оның ішінде жолдың 60 пайызы І және ІІ санатқа енгізіледі», - деді Ұлан Әліпов «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының тікелей эфирінде сөйлеген сөзінде. 

Компания басшысының айтуынша алдағы бес жылдың ішінде 11 мың шақырым жол жөнделеді. 

«Биыл 2600 шақырым жолды асфальтты-бетонды жабындымен жапсақ дейміз. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Атап айтқанда Қарағанды – Балқаш – Алматы жолдары осы жабындымен қамтылады. Қазір осы аралықта қызу жұмыс жүргізілуде. Ақтөбе – Атырау – Астрахань жолында да жұмыс қарқынды. Ұзынағаш – Отар, Қарабұтақ – Комсомольская – Денисовка – Қостанай, Үшарал – Достық, Нұр-Сұлтан – Петропавл, Таскескен – Бақты, Талдықорған – Өскемен, Мерке - Бурылбайтал жолында да жөндеу жұмыстары жалғасуда», - деді ол.