25 қаз, 2021 сағат 14:59

Қазақстанда 100 шылымқордың жетеуі күніне 25 данадан астам темекі шегеді


Қазақстандық 100 шылымқордың жетеуі күніне 25 данадан астам темекі шегеді. Мұндай мәліметті energyprom.kz порталы ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық статистика бюросы осы жылдың шілде айында 5,5 млн азаматтың арасында сауалнама жүргізген. 

Сауалнамаға қатысқандардың ішінде 1,1 млн-нан астам адам темекі, ал 190,1 мыңы кальян шегетіні анықталды. 26,1 мың адам кальянды күнделікті, ал 164 мың адам ара-тұра шегеді. 

Ал шылымқорлардың ішінде 914,4 мың адам темекіні күнделікті, ал 190,7 мың адам анда-санда шегетіндігін айтқан. 

Темекі шегетіндердің 851 мыңы - ер адамдар, 254 мыңы - әйелдер. 663,2 мың шылымқор қалада, 441,8 мыңы ауылда тұрады. 

Сауалнама жүргізілген 5,5 млн адамның 4,4 миллионы қазіргі уақытта темекі шекпейтіндіктерін айтқан. 

Оның ішінде 15,9 мың адам бұған дейін күнделікті, 318,2 мыңы ара-тұра шылым шексе, 3,5 млн-ы мүлдем темекі тартпаған. 

Қазақстандық шылымқор бір күннің ішінде 12,8 млн дана, оның ішінде еркектер 10,5 млн, әйелдер 2,3 млн дана темегі шегеді. 

Күнделікті шылым шегетін 915 мың респонденттің 378,7 мың күніне - 15-24, 214,4 мыңы - 10-14, 168,7 мыңы - 5-9, 90,1 мың ары кеткенде - 5, ал 63,2 мыңы 25-тен көп дана темекі тартады. 

Айта кетерлігі, осы жылдың қыркүйек айының қорытындысында темекі өнімдері бір жылдың ішінде 15,9 пайызға қымбаттаған.