Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Кипр Республикасының Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Конвенция Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының модельдік конвенциясының негізінде жасалған. Осындай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік беріп, салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділетті бөлісуге мүмкіндік береді.
Конвенция келесі мақсаттарды көздейді: біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуды қалыптастырып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайту; екіншіден, резиденттікті дәлелдейтін, екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілеу; үшіншіден, дивидендтер, пайыздар, роялти сияқты пассивті табыстарға шекті ставкаларды бекіту; төртіншіден, екі елдің құзыретті органдардың арасындағы салықтық дауларды шешу үшін құқықтық негіз қалыптастыру.
«Кипрмен өзара сауда-саттық туралы деректерді қысқаша айтып өткім келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 440 млн долларды құрады. 2016 жылы жалпы сауда айналымы 7 млн долларды ғана құраған болатын. 2019 жылдың 9 айы бойынша Қазақстан және Кипр арасындағы өзара сауданың көлемі едәуір ұлғайып, 30 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт – 28 млн доллар, импорт – 2 млн доллар. Тауар айналымның көбеюі Қазақстанның мұнай өнімдерін экспортқа көптеп шығаруына байланысты. Қазақстанның Кипрге экспортының негізінде көмір, мұнай өнімдері, алюминий және азық өнімдері қамтылған. Импорт құрылымында, көбінесе фармацевтік және тамақ өнімдері, парфюмерлық, косметикалық және тазалықпен байланысты заттар», - деді ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов.