06 қыр, 2021 сағат 15:35

Қазақстан Түркияға ұшатын әуе рейстері санын арттырады - министрлік


2021 жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасы аумағында коронавирус инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі - Ведомствоаралық комиссия) кезекті отырысына Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстерді ұлғайту мәселесі шығарылды.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналында хабарланды. 

Осылайша, 2021 жылдың қыркүйек айының ортасынан бастап Air Astana және Turkish Airlines әуе компаниялары (Air Astana - 17 қыркүйектен, Turkish Airlines - 25 қыркүйектен) Алматы – Ыстанбұл бағытындағы рейстер санын 2-ден 3 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр. 

Сондай-ақ, 2021 жылғы 22 қыркүйектен бастап SCAT әуе компаниясы Ақтөбе - Ыстанбұл бағытында аптасына 2 рейспен ұша бастайды.

Түркиямен арадағы рейстер санын әрі қарай арттыру эпидемиологиялық жағдайға, Ведомствоаралық комиссияның және Түркияның тиісті мемлекеттік органдарының шешімдеріне байланысты болады.

«Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады», - делінген хабарламада.