Фото: ktk.kz
Жасыратыны жоқ қазақ театры бүгінде өлместің күнін кешіп келеді. Және бұл түйткілдің жыл өткен сайын өзектілігі артып барады. Сол себепті саясат пен экономикада ғана емес, осы театрдың көсегесін көгертуі тиіс өнер мен мәдениет саласы да батыл реформалық өзгерістерді қажет етіп отыр. Реформа ең алдымен салалық министрліктен басталуы керек. Содан кейін барып, кадр дайындау, мемлекеттік сатып алу, техникалық қызметтер мәселесі уақыт созбай жүйеге түсуі тиіс. Бұл туралы театр мамандары айтып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.Мәселен, қазір бізде мемлекеттің есебінен қаржыландырылатын 57 театр бар десек, соның 11-не ғана Мәдениет министрлігі иелік етеді. Қалған театрлардың барлығы өзді-өзімен кейбір жергілікті әкімдіктердің аса ықылассыз қарауында күн кешіп отыр. Бұлай бөліну республиканың біртұтас театр картасын қалыптастыруға, мәдени-рухани өміріміздің кеңістігін бөлшектеп, үлкен зардабын тигізіп келеді.
Жуырда Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде Қазақстандағы театрлар жұмысының негізгі бағыттарын жүйелеу туралы кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етіп, мемлекеттік орган өкілдері, мәдениет және театр салаларының мамандары, сарапшылар қатысты.
Асхат Аймағамбетов палатада мәдениет және білім беру туралы заң жобасы әзірленіп, бірінші оқылымнан өткенін, екінші оқылымға дейін оған тиімді ұсыныстар енгізу маңызды екенін айтты. Осыған орай отырысқа жиналған сала мамандарынан Мәжіліс тарапынан қосымша қандай қолдау қажеттігін сұрады.
"Бірінші кезекте бізге залда жиынға қатысып отырғандардың ғана емес, өңірлердегі театрлардың басшылары проблемалық мәселелерін, ұсыныстарын ортаға салса, бізге керегі осы. Әрине, өзіміздің де оймызды бөлісеміз. Бірақ біз үшін бірінші кезекте өңірлердегі театрлардың, мәдениет басқармалары басшыларының ойы маңызды. Өйткені бүгінде бізде депутаттардың бастамашылығымен дайындалған арнайы заң жобасы қарастырылып жатыр. Ол бірінші оқылымнан өтті. Сондықтан екінші оқылымға дейін театр саласына қатысты біршама тиімді нормаларды, жақсы жаңалықтарды енгізуге болады.
Салада түйткілді мәселе көп. Оның ішінде кадр дайындау, қаржыландыру, техникалық қызметкерлердің жалақысы, авторлық құқықты қорғау, отандық және шетелдік қойылымдардың тепе-теңдігі және басқалар. Өнер саласында магистратура немесе докторантураға оқуға түсу және тестіден өту бағытына да тиісті өзгеріс қажет секілді. Театрлардың қалыпты жұмыс істеуіне, жаңа таланттарды тартуға және сапалы өнер туындыларын жасауға мүмкіндік беретін стратегия әзірлеуіміз қажет", – деді комитет төрағасы.
Мәжіліс депутаты, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ринат Зайытов театрларға қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.
"Театр – идеология тұрғысынан маңызды фактор саналатын мемлекеттік саясаттың үлкен бір бөлігі. Бірақ біз отыз жылдан бері барлық салаға көңіл бөліп келгенімізбен, театрға қалыпты, стандартты жағдайда қарап келдік. Соның салдарынан көптеген заңдарда театрға қатысты ньюанстар ескерілмеген. Қазіргі таңда еліміздің театрлары көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Кадрлар мен білікті мамандар бойынша мәселе бар. Театр қызметіндегі жарық қоюшы, сахна техниктері де негізінен шығармашылық адамдары. Декорацияны құру мен жарық қою да шеберлікті, білімді талап етеді. Осы мамандардың мәселесі шешілмеген. Жалпы, театрлардың дүрыс жұмыс істеп, дамуы үшін қаржыландырудың маңызы ерекше", – деді Р.Зайытов.
Сондай-ақ ол театр қойылымдарына мемлекеттік сатып алу заңнамасы аясында бөлінетін қаржыландыру ісінде де алалаушылықтың, әділетсіздіктің барын айтты. Кейбір қойылымдарға бөлінген қаражат сапалы киім тігуге жетпейді екен.
"Театрлар арасында қаржы бөлу әділетсіздігі байқалады. Мысалы республикалық бюджеттен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры бір қойылымға ары кетсе 6 млн теңге, кеңірек бөлінгенде 10 млн теңге алды дейік. Ал Астана балет театрының «От қыз» деген қойылымына 309 млн теңге бөлінген. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында, демеушісінің айтуына қарағанда «Хан Сұлтан. Алтын орда» операсына 736 млн теңге бөлдік деп көрсетіп отыр. Қаржы бөлудің арасында бұл қандай әділеттілік болуы мүмкін", – дейді депутат Р.Зайытов.
Сондай-ақ депутат оқу орнын бітірген түлектерді жұмыспен қамту жолға қойылмағанын, театр мамандарын баспанамен қамтуға қатысты бағдарламалар қолға алынбағанынын баса айтты. Бұдан бөлек қызметкерлерге атақ пен марапат беруде де даулы мәселелер туындайтынын, ал атағы бар өнер майталмандарына жеңілдіктер қарастырылмағанына да назар аударды.
Мәжіліс депутаты сөзінің соңында театр саласының жұмысын заңнамалық тұрғыдан жүйелемей, қаржыландыру мәселесін реттемей, кадрлық, білім беру мәселелерін шешпей ешқандай жемісті жұмыс істеу мүмкін емес екенін айтты. Бұл істе мемлекет театр ұйымдарымен, мәдениет үйлерімен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс екенін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков инклюзивті театрларды қолдап, оларды мемлекеттен де, жеке тараптан да демеу қажеттігіне назар аударды.
"Инклюзивті театрлар біздің елде ғана емес, Орталық Азия көлемінде санаулы-ақ. Мәселен Астанадағы «Қанаттылар» инклюзивті театры әупірімдеп жүріп дербестік алып еді, оның өзі қағаз жүзінде қалды. Әйтпесе бұл театрдың өзінің жеке ғимараты жоқ. Қорғаныс министрлігіне қатысты ескі музейдің ғимаратын берген екен. Ол музейге адам баласы аяқ аттап баспайды", – деген депутат Т.Серіков бұл ғимарат мүмкіндігі бар актерлер үшін, олардың қойылымға дайындалуы үшін мүлдем қолайсыз екенін жасырмады.
Ғимаратқа кіріп-шығу мәселесі өте қиын көрінеді.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, елімізде 57 мемлекеттік театр бар, оның 11-і республикалық, 46-сы өңірлік театр. Олардың репертуары 3391 қойылымды құрайды, соның ішінде 1744 отандық авторлардың шығармасы, 1647 шетелдік авторлардың шығармасы бар.
"Жалпы қазіргі уақытта барлық өңірде облыстық театр бар. Алайда Екібастұз, Рудный, Сәтбаев, Қонаев сияқты шағын қалаларда театр ашу қажеттілігі сақталып отыр. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі өңірлерге мазмұны тұрғысынан жаңа қойылымдардың жоспарын уәкілетті органмен келісуді, шетелдік режиссерлердің ұлттық шығармаларды қою тәжірибесін қысқартуды ұсынады", – деді А.Сыдықов.
Вице-министр республикалық театрлардың ғимараттарын жөндеуге, театр қызметкерлерінің жалақысына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде А және В санатындағы қызметкерлерге 50 пайызға дейін үстемақы көзделген, бірақ техникалық құрам қызметкерлері кіретін С және Д блогында ол қарастырылмаған. Осыған орай Айбек Сыдықов депутаттардан аталған қызметкерлерді В санатына көтеру туралы министрліктің ұсынысын қолдауды сұрады.
Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының төрағасы, Қазақстан халық артисі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, режиссер, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақ мемлекеттік академиялық театрының көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали және басқа да театр мамандары саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов елімізде бой көтеріп жатқан және жөндеуден өткен мәдениет үйлері, олардың халыққа қызмет көрсету сапасының өсуі, сондай-ақ жаңадан сахналанған қойылымдар мен олардың ұлттық мәдениетімізді дамытуда жасалып жатқан жұмыстарына да назар аударды.
Жалпы, жиында театрларды қаржыландыру, қойылымдардың мән-мазмұны, театр жанынан көркемдік кеңес құру, кадрлық қамтамасыз ету, материалдық-техникалық жабдықтау, білім беру, театр өнерін халыққа қолжетімді ету, инклюзивті театр ұжымдарын қолдау және ондағы өнер иелерін оқыту және басқа да мәселелер қаралды.
Жасұлан Бақытбек