08 қар, 2021 сағат 14:32

Қазақстан студенттері төлем мерзімі кейінге қалдырылған кепілсіз несиені ала алады


Қазақстан студенттері оқу ақысын төлеу үшін негізгі қарызды 10 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдыру арқылы кепілсіз несие ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Несиелер бойынша кепіл ретінде ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ кепілдігі әрекет етеді. 

Қаржы орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, несие бойынша жеңілдік кезеңіне оқу мерзімі және негізгі оқу курсы аяқталғаннан кейін алты ай кіреді. Бұл кезеңде тек пайыздық мөлшерлеме төленеді. Содан кейін негізгі қарызды төлеу мерзімі басталады.

Несие кепілсіз және сыйақы мөлшерлемесі - 20%.

Қазақстанның барлық аймақтарында және еліміздің барлық жоғары оқу орындарында оқу үшін мақсатты несие алу мүмкіндігі бар.

Несие алушы келесі құжаттарды ұсынуы керек:

- жеке куәлік / паспорт;

- ҰБТ/КТА сертификаты немесе соңғы сессияның транскрипті;

- оқу мерзімінің құны көрсетілген ЖОО-мен келісім немесе төлемге шот.

Қатысушылардың шарттары мен банктері туралы толық ақпаратты 8 800 080 28 28 телефоны арқылы алуға болады.