17 там, 2020 сағат 14:55

Қазақстан шекарасы маңында бубон обасының қоздырғышы табылғаны рас - ҚР ДСМ

Қазақстан шекарасы маңында бубон обасының қоздырғышы табылды. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында журналистер ресми өкілден: «Қазақстан шекарасы маңында бубон обасының қоздырғышы табылды деген ақпарат қаншалықты рас? Аталған аурумен ел аумағында тіркелген науқастар бар ма?», - деп сұраған еді.

Өз кезегінде Бағдат Қожахметов бұл ақпараттың расталғанын атап өтті. 

«Бұл Моңғолияда, әсіресе РФ-ның Алтай өлкесінде табиғи бубондық обаны тасымалдайтын жануарлар мекендейтін жерлерде жыл сайын тіркеледі. Қазақстанда бубон обасымен ауырды немесе жұқтырды деген дерек жоқ. Неге десеңіздер, шекарада тосқауыл қойылған. Санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстар жүргізілуде», - деп жауап берді ол.