ҚР Мәдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан тарапынан Оскар сыйлығына ұсынылған «Айка» фильмі неге өтпей қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің атап өтуінше, «Айка» көркем фильмінің режиссері Сергей Дворцевой Қазақстанда туып өскен, алайда кейін Ресей азаматтығын алған.
«Фильмнің басты продюсерлерінің бірі - ол Қазақстанның азаматтығы бар Гүлнәр Сәрсенова, сонымен қатар басты рөлде Самал Еслямова ойнады. Яғни осы туындыны қазақстандық деп айта аламыз. Біз фильмді Оскар сыйлығына ұсынған кезде, біздің өтінім өтпей қалды», - деді А. Мұхамедиұлы.
Оның түсіндіруінше, бұл мәселеде халықаралық талаптар өз ықпалын тигізген, яғни фильмдегі актерлардың 50 пайыздан көбі өндіруші елдің азаматтығында болуы тиіс.
«Осы орайда талаптарды саралаған кезде, Дворцевой Қазақстан азаматы емес екені көрсетілді және қалғандары фильмдегі ілеспе актерлер. Онда тек Гүлнар Сәрсенова мен Самал Еслямова Қазақстан азаматтары. Бұл ретте аталған норманы ескере отырып, біздің өтінімге қолдау жасалмады. Халықаралық норма болғандықтан, оны бізге ұстану керек», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Кинематография туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасын таныстыру барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті ірі кинокомпанияларды атады.
Сонымен қатар министр фильмдерді қазақ тіліне аударудың үш нұсқасын ұсынды.