ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 70-сессиясына қатысуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Денсаулық сақтау министрлігнің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
«Бүгін ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының 70-сессиясы басталды, COVID-19 пандемиясына байланысты биыл жиын алғаш рет виртуалды форматта өтеді. Еуропа аймағындағы ДДСҰ-ға мүше 53 мемлекеттің денсаулық сақтау министрлері мен өзге де жоғары лауазымды азаматтар, сондай-ақ серіктес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері екі күн бойы денсаулық сақтау саласындағы түрлі мәселені талқылайды»-делінген хабарламада.
Қысқартылған сессияның күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі: аймақтағы және әлемдегі COVID-19 пандемиясына қарсы іс-қимыл мен тәжірибе, 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды жақсартуға бағытталған жаңа Еуропалық бағдарлама.
Сессияның алғашқы күнгі бағдарламасында Данияның Ұлы мәртебелі кронханшайымы сөз сөйлейді деп жоспарлануда. Бұдан кейін Еуропалық өңірлік комитеті жиырма жетінші шақырылымның Тұрақты комитетінің есебі тыңдалып, тиісті қарардың жобасы қабылданады.
Сондай-ақ, ДДСҰ бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус аймақтық комитет сессиясының делегаттары алдында сөз сөйлейді. Ол әлемдегі жағдайға, соның ішінде COVID-19 пандемиясымен күресу тәжірибесіне шолу жасайды.
Сессия отырыстары ағылшын және орыс тілдерінде көрсетіледі. Сонымен қатар, халықаралық жиын ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының арналары арқылы жарияланады
ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының сессиясы Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 13:00-де тікелей эфирде басталады. Оны мына сілтемеден көруге болады.