12 қар, 2020 сағат 15:57

Қазақстан мен Ресей COVID-19-ға қарсы вакцинаны бірлесе шығару мәселесін пысықтауда

Қазақстан мен Ресей COVID-19-ға қарсы вакцинаны бірлесе шығару мәселесін пысықтауда. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескен болатын. РФ Президентінің ресми сайты таратқан ақпаратқа қарағанда, тараптар әңгімелесу барысында коронавирус пандемиясымен күрес, оның ішінде Қазақстан аумағында бірлескен вакцина өндірісін ұйымдастыру жоспары талқыланған. Ал бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері вице-министрден вакцина өндірісіне қатысты жоспар жайында сұраған еді. 

«Кеше Мемлекет басшылары телефон арқылы әңгімелесу барысында бұл мәселені көтерді. Бүгінгі күні бұл мәселе пысықталуда. Бұл идея бір күн бұрын ғана туған еді. Сондықтан дәл қазір нақты ештеңе айта алмаймын», - деп жауап берді Ерлан Қиясов. 

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер еліміз коронавируспен күрес үшін сатып алынуы мүмкін 3 вакцинаны атаған еді.