29 там, 2020 сағат 17:40

Қазақстан мен Қытай түсірген «Композитор» Ванкувер фестивалінде төрт жүлде жеңіп алды

Қазақстан мен Қытай бірлесіп түсірген «Композитор» фильмі 8-ші Ванкувер халықаралық қытай кинофестивалінде «Қызыл үйеңкі жапырағы» сыйлығының бірден төрт жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ш. Айманов атындағы Қазақфильмге сілтеме жасап.

Режиссерлер Сәбит Құрманбеков пен Шеризат Якубтың «Композитор» туындысы «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік әйел рөлі» және «Үздік ер адам рөлі» номинацияларында топ жарды. 

Түсірілім тобының қуанышты жаңалығын фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған қазақстандық актриса Аружан Жазылбекова бөлісті.

«Достар! «Композитор» кинокартинасының барлық түсірілім тобын жеңісімен құттықтаймын! «Қазақфильмге», біздің режиссерлеріміз Сәбит Құрманбеков пен Шеризат Якубқа және біздің кішкентай Ділнәз Нұрсейітке (бұл оның дебюттік рөлі), Алтынай Нөгербекке, Берік Айтжановқа және Ху Цзюньге алғыс білдіргім келеді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Мен сіздерді шын жүректен құттықтаймын», - деп ақжарма тілегін жеткізді А. Жазылбекова. 

«Композитор» фильмі белгілі қытай композиторы Сянь Синхайдың Алматыда екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі өмірі мен оның белгілі қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовпен достығын баяндайды.

Фильмдегі басты рөлдерді Ху Цзюнь, Берік Айтжанов, Юань Цюань, Аружан Жазылбекова және Алтынай Нөгербек сомдаған.