21 жел, 2020 сағат 09:23

Қазақстан-Қытай шекарасында автокөлік өткізетін 5 бекеттің 3-еуі ғана жұмыс істеп тұр

ҚР Қаржы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту және ҚР Сыртқы істер министрліктері Қазақстан-Қытай шекарасындағы пункттерде өткізу мүмкіндіктерін арттыру бойынша шараларды әзірлеуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұсынылған шаралар туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кезекті кеңесте айтылды. 

«Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) Қытай тарапымен «Қалжат-Дулаты» және «Майқапшағай-Зимунай» өткізу пункттерін ашу туралы келіссөздер жүргізуде. Сондай-ақ, МКК қытайлық тарап қабылдайтын автокөлік құралдарының саны белгіленген бақылау-өткізу пункттері арқылы тауарларды өткізу тәртібін (регламент) айқындауды және жемістер мен көкөністерді тасымалдаушылар үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру қажеттілігін алға тартуда», - делінген ақпаратта.

Министрліктен атап өткендей, «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетінде контактісіз жүк тасымалы қытайлық тіркемелердің көлік-логистикалық орталығына (КЛО) кіруіне мүмкіндік беру арқылы жүзеге асырылуда. 

«Биылғы 10 қарашадан осы модель бойынша қытай тауарлары бар 538 көлік тіркемесі әкелінді. Олар межелі аймақтарға өту үшін КЛО-да қазақстандық тасымалдаушылардың көліктеріне қайта жүктелді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қытай тарапы жүктерді КЛО-да контактісіз тасымалдау үшін тартқыштар санын көбейтуді сұрайды.

Комитет жүктерді «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетіндегі көлік-логистикалық орталықтан түсіргеннен кейін қайтып келе алмайтын қытай тіркемелерін қайтару механизмін әзірлеп жатыр. Сондай-ақ, «Нұр жолы» бекеті жұмыс уақыты ҚХР Мемлекеттік кеден қызметкерлерінің жұмысымен сәйкестендіріледі деп жоспарлануда», - деді ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз қызметінен.

А.Смайылов тасымалдауға қатыспайтын автомобильдер мен көлік құралдарының кезегін болдырмау мақсатында биылғы 23 қазанда енгізілген электронды кезекті екі ай ішінде уәкілетті органдардың мәліметтер базасымен интеграциялауды тапсырды.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ҚХР билігі қабылдаған шаралар сондай-ақ, Ресей, Моңғолия және Қырғызстанмен шекарада кіру режимінің күшеюіне әкелді. Ресей-Қытай шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттері де өте шектеулі режимде жұмыс істейді, бұл көбінесе шекара аймағында кептелістерге алып келуде. 

«Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жүк тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70% төмендеді. Айта кетейік, Қазақстан-Қытай шекарасындағы 5 автокөлік бекетінің тек 3-еуі ғана жұмыс істеуде. ҚХР жағынан «Дулаты» (Қазақстан жағынанан – «Қалжат») және «Зимунай» (Қазақстан жағынан – «Майқапшағай») өткізу пункттері жабылды», - делінген таратылған ақпаратта.