06 қыр, 2018 сағат 12:17

Қазақстан-Грузия матчына жанкүйерлерді жеткізу үшін автобустар шығарылады

Астанада өтетін Қазақстан-Грузия футбол құрамаларының ойынына жанкүйерлерді жеткізу үшін қоғамдық автобустар ұйымдастырылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Astana LRT»-ның мәліметінше, шаттл-автобустарда жол жүру құны электронды картамен - 90 теңге, қолма-қол ақшамен 180 теңге болады.

Автобустардың жөнелтілу уақыты 18:00-ден 19:00-ге дейін. Адамдардың жиналу орны: «Қазақстан» СК тұрағы; «Нұр Астана» мешітінің тұрағы; «Астаналық цирк» көлік тұрағы.

Еске сала кетсек, 6 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында сағат 20:00-де Қазақстан мен Грузия командалары кездеседі. Ойында Qazaqstan мен Qazsport телеарналары тікелей эфирден көрсетеді. Билеттер бағасы 500 теңдеген басталады. 

Ұлттық құраманың бас бапкері Станимир Стоилов кеше өткен баспасөз мәслихатында футболшыларымыз алаңға жеңіс үшін шығатынын айтқан еді.

«Біз топты бірінші орынмен аяқтауға тиіспіз. Ертең ойынның басынан аяғына дейін ұйымдасқан футбол көрсетуге әрекет жасаймыз. Командам кез келген тактикаға қарсы ойнай алады. Иә, біз - жалпы турнирде аутсайдерміз, бірақ шәкірттерімнің деңгейі рейтингтегі қазіргі орыннан әлдеқайда жоғары», - дейді бапкер.

Айта кетейік, Ұлттар лигасы - УЕФА-ның жаңа турнирі. Ол Еуропа құрама командаларының жолдастық кездесулерінің орнына ұйымдастырылып отыр.