Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) «Ақтөбе» футбол клубының айналасында қалыптасқан мәселеге байланысты мәлімдеме таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан футбол федерациясының Халықаралық футбол қауымдастықтарының федерациясына (ФИФА) мүше болуы - ұлттық қауымдастықтар мен футбол субъектілерін ұйымның жарғысы мен ережелерін сақтауға міндеттейді. ҚФФ «Ақтөбе» футбол клубының ішкі және халықаралық аренадағы табыстарын ескере отырып, чемпионатқа, футболшылар мен футбол қоғамдастығына нұқсан келтірмейтіндей реттеуге талпынды. Сондай-ақ ФИФА мен ҚФФ-тың ережелері мен құжаттарын қатаң сақтау жөнінде клубты бірнеше рет хабардар етті. Сонымен қатар, ойыншылар алдында қарызды міндетті түрде өтеу қажеттігін хабарлады, - делінген ҚФФ мәлімдемесінде.
Атап өтілгендей, ФИФА мен Қазақстан футбол федерациясының заң органдарының шешімін елемеу және орындамау арқылы қатаң санкцияларға ұшырайтыны жөнінде «Ақтөбе» футбол клубы облыс жетекшілігінің деңгейіне дейін бірнеше мәрте ескертілген.
«Қазіргі уақытта футбол клубына қатысты сот ісі жоғарыда айтылған құжаттардың талабына қайшы жүріп жатыр», - деді ҚФФ-тан.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық бірқатар БАҚ-та ФИФА-дан ҚФФ-тің жауапты хатшысының атына хат келгені айтылды. Онда Халықаралық федерация ҚФФ-тан «Ақтөбе» футбол клубына және оның бұрынғы ойыншыларына қатысты сот отырыстарына нүкте қою үшін «қисынды шаралар қабылдауды» сұраған. Сот отырыстары қазір Ақтөбе қалалық сотында өтуде.