29 қар, 2020 сағат 12:00

Қазақстан чемпионаты: 18 жастағы боксшы Азия чемпионын ұтып кетті

Шымкент қаласында бокстан ерлер арасында Қазақстан чемпионатының финалдық бәсекесі өтуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аса жеңіл, 49 кг салмақта ақмолалық Теміртас Жүсіпов пен батысқазақстандық Даниял Сәбит шаршы алаңға шықты. 

Азия чемпионы, басқа да атақтары жетерлік Т.Жүсіпов 32-де болса, 18 жастағы Д.Сәбит финалға шыққан спортшылардың ең жасы еді.

Бұл бәсекеде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жеткен Даниял Сәбит Қазақстан чемпионы атанды.

Тағы бір жас боксшы, шымкенттік Махмұд Сабырхан 52 кг салмақта олимпиада жолдамасының иегері, түркістандық Сәкен Бибосыновты ұтып кетті.

Ерлер арасында финалдық жекпе-жектер одан әрі жалғасуда.