29 нау, 2022 сағат 14:38

Қазақстан бойынша 223 архив бар



Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы Комиссия құрылып, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті де белсенді жұмыстар атқаруда, –  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Аталған комитеттің бас сарапшысы Ибраим Бабаев Комиссия жұмыс тобының, өңірлік жұмыс тобының барлығына жағдай жасалып жатқанын айтып өтті.

«Қазақстан бойынша 223 архив бар. Комиссия жұмыс тобының, өңірлік жұмыс тобының барлығына жағдай жасап, сүйемелдеп, карантин кезінде де архивист мамандар жұмысқа шығып, үлкен жұмысты бәрі бірлесе атқарып келе жатыр. Расында біраз құжаттар құпиясыздандырылса, өңірлерде 68-70 мыңға жуықтап қалды. Көп облыстарда саралап, талдап, құпиясыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алматыдағы Орталық мемлекеттік архивтің өзінде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың 40 мыңға жуық дүниесі жатыр екен. Соның бес мыңы ғана құпиясыздандырылды, әлі қаншамасы бойынша жұмыс жүргізілуі керек. сондықтан қазір жүргізіліп жатқан жұмыс өте кең, ауқымды жұмыс», –  деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің бас сарапшысы Ибраим Бабаев.

Оның айтуынша, өткен жылы қазақстандық делегация Украина мемлекетіне барып, архивпен жұмыс істеген. 20-30 жылдары Қазақстанның бай-кулактарын жою саясаты өте қарқынды жүргендіктен, екі рет саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар да бар екен.

«Сол құжаттардың көшірмелерін бәрін алып келіп, қазір мемлекет есепке алып, ғылыми анықтамалық аппарат жасап, ғылыми айналымға енгізуге кіргізіп жатыр», –  деді Ибраим Бабаев.

Ал Мемлекет Тарихы Институтының директоры, Тарих ғылымының докторы, профессор Еркін Әбілдің айтуынша, сол шетелдегі архивтермен жұмыс істеу едәуір қиындықтарға әкеліп соқтыруда.

«Қазір қиындық боп тұрған шетелдегі архивтер. Бұған дейін Ресейдегі архивке кіру қиын болды. Себебі басында Ресей 80-жылдары өте көп жұмыс істеді. Бірақ 2013-2014 жылдан бастап архивтер қайтадан жабыла бастады. Арнайы шешім қабылданып, әскери архив толығымен жабылды. Репрессияға қатысты материалдарды зерттеушілерге бермейді, тек қана жеке сұраныс болса, туғандары, ұрпақтары сұраса солардың сұранысы бойынша береді. Сонымен қатар, Өзбекстан архивіне кіру қиын, көптеген архивтер сол жерде де бар. Ал Украинаға біздің зерттеушілер барды, олар әлі де бірге жұмыс істеуге дайын», –  деді профессор Еркін Әбіл.

Ал Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев еліміз Тәуелсіздік алған жылдары архив саласымен ынтымақтастық туралы 18 елмен келісімшарт жасасқанын, алайда ол қазір күштік құрылымдарға байланысты мүмкін еместігін айтты.

«Бұл мәселені түбегейлі зерттеуде өзіміздің ішкі құжаттарға сүйеніп қалуға болмайды. Посткеңестік елдермен қатар салыстырмалы түрде жүргізілуі керек. жалпы архив саласымен ынтымақтастық туралы 18 елмен келісімшарт бар. Бірақ бұл Тәуелсіздік алған жылдары болған келісім, өте нәзік дүние. Сол келісімдеріміз қазір ғалымдардың Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне барып жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді. өйткені олар күштік құрылымдардың деңгейінде бір-бірімен келісімге келуі керек. Оларда да құпия түрде жатқан құжаттар бар. Қазір комиссия төрағасының тапсырмасымен Өзбекстан, Қырғызстан елдерімен жұмыс жүргізіліп жатыр, күштік құрылымдар келісім жасасу деңгейінде. Егер келісім сәтті аяқталса, біздің ғалымдарға мүмкіндік беріліп қалар деген үміт бар. Ол тарихи сәттерге Орталық Азия елдерінің бәрі қатысқан, архив деректері бар», –  деді Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев.

Сонымен қатар, Тарих ғылымының докторы Бүркітбай Аяған Қытай, Иран елдерінен де біршама құжаттар табылуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

«Біршама құжаттар Қытайда, Иранда біршама құжаттар табылуы мүмкін. Осы күнге дейін аз зерттелген мәселе, 30-жылдары қазақтардың шетелге кеткен. Сол кету жолында шекарадан өтпекші болған талай адамды, жас-кәрі, бала-шаға демей қырды, атты. Оны өздері доклад қылып жазып, баяндап отырған. Осы зеттеруімізде Қытайға, Иранға, Ауғанстанға кеткендерді қалдырмауымыз керек. Ал оларды осы күнге дейін құрбан ретінде ешкім санамайды. Біздің саяси қуғын сүргін босқындарын қазіргі әлемдегі мигранттармен салыстыруға болмайды. Қазіргі босқындарға ешкім тиісіп жатқан жоқ қой жолында. Ал тарих беттерінде қызыл әскер шекара асқан қазақтарды атқан, қырған. Адай көтерілісіне қатысты Маңғыстауда құжаттар көрдім», –  деді Мемлекетттік тарих институтының директоры, комиссия мүшесі Бүркітбай Аяған.