12 ақп, 2021 сағат 10:00

Қазақстан бизнес жүргізу қолайлы ТОП-20 елдің қатарына кіруі тиіс

Қазақстан әлемдегі бизнес жүргізуде барынша қолайлы жағдайы бар ТОП-20 елдің қатарына кіруі тиіс. Бұл туралы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мықты кәсіпкерлік санатты қалыптастыру жөніндегі жаңа әдістерді жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 4 млн адамға жеткізіледі. Жылдық өсім 100 мың адамды құрайды. Биыл шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 3,6 млн адамға жетеді. Бұл ретте биыл ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 30,5 пайызға артып, 2025 жылға қарай аталған көрсеткіштің мәні 35 пайызды құрайтын болады», - деді Үкімет басшысы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасын талқылау барысында. 

Оның айтуынша, экономиканы одан ары индустрияландыру аясыында өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 1,5 есе артады. 2021 жылы өсім 10,8 пайызды құрап, 2025 жылға дейін жыл сайынғы өсіммен 51 пайызға дейін жеткізіледі. 

«Іскерлік ортаны жетілдіру жөніндегі жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстан әлемдегі бизнес жүргізуде барынша қолайлы жағдайы бар ТОП-20 елдің қатарына кіруі тиіс. 2025 жылға дейін жеке бизнес ашу үшін 50 мың азаматқа, оның ішінде 42 мың ауыл тұрғынына жалпы сомасы 250 млрд теңге болатын шағын кредит беріледі. Биыл шағын несие 8 мың азаматқа беріліп, 2025 жылға қарай 12 мың адамға дейін кеңейтіледі. Шикізаттық емес экспорт көлемі 2 есе, 41 млрд долларға дейін артады. 2021 жылы аталған көрсеткіштің мәні 29 млрд доллардан асып түседі», - деді Премьер-Министр.