15 мау, 2021 сағат 15:05

Қазақстан Аралдың табанына сексеуіл егу ісінде Өзбекстан тәжірибесіне сүйенбекші


Аралдың Өзбекстанға қарасты қаңсыған аумағында 1,2 млн гектар алқапқа сексеуіл егіліп, жерсіндірілген. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова осы тәжірибені отандық мамандар зерттеп жатқанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шын мәнінде, бұл кешенді мәселе және тек бізде ғана қалыптасқан проблема емес. Өткен аптада біздің делегация Өзбекстандағы сексеуіл егу тәжірибесімен танысып қайтты. 1 млн 200 гектар жерге егілген сексеуіл тамыр алып, жерсініп кеткен. Кейбір елді мекендерде өтіп жатқан бір реттік акциялар жақсы нәтиже беруі үшін біз де осындай тәжірибені қабылдауымыз керек. Шаңды құйындардың зардабынан құтылу үшін жаппай сексеуіл отырғызу қажет. Қазір біздің министрлікте бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін бағдарлама әзірленіп жатыр. Сексеуіл егудің бірнеше тәсілін қолданбақшымыз. Әуеден тұқым шашу, механикалық тәсілмен егу қатар қолданылады», - деді вице-министр. 

Ведомство өкілі сексеуілді қорғау мәселесіне де тоқталды.

«Қазір Мәжілісте «Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Сол заң қабылданса, өсімдіктерді қорғау саласы ретке келер еді. Заң бүкіл қоғамның өсімдіктерді өсіру жөніндегі жауапкершілігін, міндеті мен құқықтарын айқындайды. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - деді Әлия Шалабекова.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаевтың айтуынша, вице-министр айтып отырған жоба 2030 жылға дейін іске асырылады. 

«Аралдың қаңсыған табанында сексеуіл егу 1980 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін ондағы орманды алқаптың жалпы көлемі 337 мың гектардан асты. Көктемде арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция мүшелері қаңсыған алқаптардың біразын аралап өтті. Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орманға жарамды жерлердің бәрі іздестіру жұмыстарынан кейін анықталады. 2030 жылға дейін 1 млн гектардан астам жерге сексеуіл егу жоспарланған», - деді ол.