17 қаз, 2019 сағат 15:30

Қазақстан Алтын орданы жекешелендіріп алуды ойлап отырған жоқ - тарихшы

Алтын орданың Қазақстан үшін маңызы қандай? Бұл сұраққа Әлемдік экономика және саясат институтының «Ішкі саяси, гуманитарлық және медиа зерттеулер» бағдарламасының бас сарапшысы Радик Темірғалиев талдау жасай отырып, жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтын орда Қазақстанға несімен маңызды? Біріншіден, тарихтың маңызды бөлігінің көлеңкеде қалып қоюы – біздің тарихты тұтастығынан айырады. Былайша айтқанда, ата-бабамыздың екі ғасырлық тарихын шетке ысырып, Қарахан әулетінен немесе Қыпшақ хандығынан бірден Қазақ хандығына секіріп түсе алмаймыз. Яғни, олай ету Қытай тарихын Таң династиясынсыз немесе Ресейді Рюрикович кезеңінен бөліп қарастырумен бірдей. Бұлай етсек, тарих логикасы құрдымға кетіп, тарихи процестегі байланысты үзіп аламыз», - деді Радик Темірғалиев елордада өткен «Алтын орда. Тарих пен тағылым» атты дөңгелек үстелде.

Сарапшы Алтын орданың тарихын толығымен зерттеп алмай, Қазақ хандығын тану мүмкін емес екенін айтты.

«Екіншіден, қазақстандық қоғам Алтын ордасыз өзінің символикалық капиталының маңызды бөлігін жоғалтып алады. Әртүрлі зерттеу жұмыстары қоғам мен жеке тұлғаның дамуына қаншалықты әсер еткенін, психологиялық ықпалы болатынын дәлелдеген. Қысқаша айтқанда, мығым әрі экономикасы дамыған, мәдениеті бай, әскери-саяси державаның негізін қалаған бабаларымыздың үлгісі қазіргі қоғамның амбициясына қоғамдық әсерін тигізеді. Өзіңе деген сенім жоқ болса, ешқандай асуды ала алмайтыныңыз анық. Бұл ретте Алтын орданың тарихы халықтың рухын жаңғыртып, қазақ патриотизмін бекемдеуде маңызды рөл атқарады», - деді Радик Темірғалиев.

Тарихшының сөзінше, Қазақстан Алтын орданың қандай да бір мұрасын жекешелендіріп алуды ойлап отырған жоқ.

«Бұл – түркі халықтарының ортақ мұрасы. Аталған тарихи кезеңді зерттеуде Татарстан ғалымдарының қаншалықты үлес қосқанын білеміз. Бір-бірімізбен етене жұмыс жүргізудің арқасында ғана біз Алтын ордаға әлемдік тарихта лайықты орын бере аламыз», - дейді сарапшы.

 

Еске сала кетсек, бүгін елордада «Алтын орда. Тарих пен тағылым» атты дөңгелек үстелі өтіп, Алтын орда тарихына қатысты татарстандық тарих ғылымының докторы, этнограф Дамир Искаков, Түркі академиясының сарапшысы, филология ғылымдарының кандидаты Тимур Козырев, тарих ғылымының докторы, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркіт Аяған пікір білдірген еді.