21 қаз, 2020 сағат 14:20

Қазақстан 26 қазаннан бірқатар шет мемлекетке авиарейстерді қысқартады

Қазақстан 26 қазаннан бірқатар шет мемлекетке авиарейстерді қысқартады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сондай-ақ әлемдегі эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты ведомствоаралық комиссия шекарадағы бақылауды қосымша күшейту туралы ұсынысты мақұлдады. 26 қазаннан бастап мына елдерге әуе рейстерінің саны қысқартылады: Украина, БАӘ, Германия, Беларусь, Түркия. Қазақстан Республикасына келетін азаматтардың міндетті түрде тапсырылғанына 72 сағаттан аспаған ПТР-тест анықтамасы болуы қажет. Егер анықтамасы болмаса, қазақстандықтар екі тәулікке карантиндік стационарға жатқызылады. Шетелдік азаматтар еліне қайтадан департацияланады», - деді Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 12 өңірдің – Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының , СҚО, БҚО, Ақмола, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Қостанай, ШҚО, Қарағанды, Жамбыл облыстарының әкімдіктері карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдады. 

«ПТР-тест тапсырғандар қатарының көбеюіне байланысты COVID-19-ға шалдыққандар саны артуда. Қазіргі уақытта зертханалар тәулігіне 55 мыңға жуық тест жасай алады. Елімізде 13 355 инфекциялық төсек-орын бар. Оның 16 пайызында бүгінде науқастар жатыр – 2 мыңнан астам. Сондай-ақ 6 841 карантиндік төсек-орын дайындап қойдық. Оның 8 пайызында ғана пациенттер бар, 600-ге жуық адам. Қосымша 3 335 керует жаңа инфекциялық ауруханаларда іске қосылады», - деді вице-министр.