Ақмола облысында «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ-нан катодты алтын ұрлаған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақмола облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрлық 2 наурызға қараған түні болған. Бұдан кәсіпорынға 122 миллион теңге залал келген.
«Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі «ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары қолға алынды. Осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау үшін криминалдық полиция мен тергеудің тәжірибелі қызметкерлері қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды», - деді ведомстводан.
ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру және тергеу іс-шарасы барысында 300-ге жуық адамнан жауап алынды, кәсіпорын объектілерінде, сондай-ақ кенттің периметрі бойынша орналасқан бейнебақылау камераларынан бейнежазбалар зерделенді және талданды.
«Нәтижесінде Жолымбет кентінің 26 және 34 жастағы тұрғыны, яғни «Қазақалтын» тау-кен металлургия комбинаты» АҚ-ның екі қызметкері анықталды. Күдіктілер өздерінің қылмыстық ниетін қылмыс жасаудан алты ай бұрын жоспарлағаны белігілі болды. Күдіктілер қылмыстарын мойындады. Заттай дәйектерді күдіктілердің бірі туысының пәтеріне жасырғаны анықталып, тәркіленді», - деп толықтырды ведомстводан.