Фото: Аlmaty.tv
Бүгін Алматыда қазақ жұртшылығы классик жазушы, белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековты ықтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Ult.kz Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.
Жазушылар Одағы ғимаратында өткен жазушымен қоштасу рәсіміне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізген қаралы жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.
«Көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабекұлы Исабековтің дүниелен өткіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын. Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!» – делінген Президенттің көңіл айту хатында.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Дулат Исабекұлын ерекше қадірлейтінін, оның шығармаларымен, ұстанымдарымен жете таныс екенін, ұлт руханиятына қосқан үлесі мен қоғамдық дамудағы жасаған еңбегін бағалайтынын айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы өз Жарлығымен Дулат Исабекұлын Қазақстанның Еңбек ері атағымен марапаттағанына тоқталды.
Мемлекеттік кеңесші сонымен қатар жазушының достарына арнайы көңіл айтатынын, «бұл буын өзара әдемі әзіл мен хикаяларға толы адал достығымен ерекшеленгенін» атап өтті.
Еске сала кетейік, Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Жазушы әр жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980) болған.
Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас редакторы (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылыми зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.
Жазушының «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» (роман, 1980) т.б. кітаптары жарық көрген.
«Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары шыққан.
Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен таңылды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген.
Қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы. «Әпке», «Ертеңдi күту», «Мұрагерлер», «Кiшкентай ауыл», «Ескi үйдегi екi кездесу», «Тор», «Актриса», «Аққу-Жiбек», «Әншi құстар фестивалi», «Мұңлық- Зарлық» атты пьесалары республика сахналарынан ұзақ жылдар бойы түспей келе жатыр. Санкт-Петербург, Омск, Лондон қалалары мен Болгария, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Башқұртстан сияқты алыс-жақын мемлекеттердің сахналарында жиі қойылып жүр. 2012 жылы жазушының 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен «Исабеков әлемі» атты халықаралық театр фестиваліне алты отандық, алты шетел театрлары қатысты.