Қазақ тілінің болашағы: үрдістер, трендтер, қауіптер және қадамдар мен шешімдер
Үрдістер: 1. Ұлттану (қазақтану). Жаһандануға қарсы ұлттық құндылықтар мен ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті сақтауға бағытталған күш, ұлттық сананың өзін сақтауға беталысы.
2. Латындандырылу. Жаһаниятпен құрмаласа отырып, ұлттық жазу дәстүрін сақтауға, жетілдіруге мүмкіндік беретін жаңа латыннегізді әліпбиге көшу;
3. IT-коммуникациялар, технологиялар мен виртуалды кеңістіктің ұлттық тілде дамуы.
Трендтер: 1. Вестерндену (әсіреағылшындану). Батыстың құндылықтарын (тілін, ділін, дінін, мәдениетін) көзсіз әкеп таңу.
2. Әсіреарабтану. Ислам дінін таратуды желеу ету арқылы араб ұлтының құндылықтар жүйесін әкеп таңу.
3. Қазақтілділердің басым көбінің әлеуметтік ахуалының төмендігі, қалалану (урбанизация) үдерісінің әлі де стихиялы түрде өтуә.
4. Саяси элита мен бизнес элита қазақ тілін өз әлеуметтік топтарының ерекше белгісіне айналдыра алмуы, қазақ тілі саясат пен экономикада төмен деңгейде, сондықтан саяси және бизнес элита өкілінің қазақтілділер арасында имиджі төмен (өздері, балалары, айналасы шетелден білім алғанды, орысша, ағылшынша сөйлегенді артық көреді, сол арқылы өздері шыққан қазақтілді ортаны менсінбеушілік теріс мессиджін насихаттайды)
Қауіптер: 1. Ағылшын тілінің экспансиясына қарсы тұру механизмдері әлсіз, себебі білім берудегі үштілділік арқылы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныбынан, тіпті балабақшадан ЖҮЙЕЛІ түрде ағылшын тілі оқытылады, жоғары сыныпта маңызды жаратылыстану пәндерін қазақ тілінде емес, ағылшын тілінде оқыту «дұрыс» саналады;
2. Саяси, экономикалық, қаржылық, дипломатиялық дискурста қазақ тілінің қолданысының аясы да тар, мәдениеті де тиісті деңгейінен төмен.
3. Ғылымдағы жемқорлық пен дағдарыс, онсыз да осы саладағы әлсіз дамыған қазақ тілінің қолданысын әлсіретіп жіберді.
4. Жемқорлықтың салдарынан мемлекеттің тілді қолдауға, қолданыс аясын арттыруға берілетін бюджеттің тиімсіз жұмсалу фактілері бар.
Мемлекеттік тілдің болашағы үшін жасалатын қадамдар мен шешімдер
- Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жетті. Осыған дейінгі Тілдер туралы заң мемлекеттік тілді білуді либералды әдіспен, яғни мейлінше жұмсақ талап етті. Либералды кезең өз жемісін берді. Енді инструменталды әдіс негізіндегі нақты заңнамаға көшу керек. Бұл жағынан Қазақстан барлық унитарлы елдер, посткеңестік елдерден қалып қойды. Оларда мемлекеттік тіл туралы инструменталды заң бар. Ол заңда мемлекеттік тілді қай кезде қашан, қалай қолдауға МІНДЕТТІ жайттар, қолданбаған жағдайда қандай айыптар, жазалар берілетіні анық көрсетіледі.
- Мемлекеттік тілдің мәселесін тек Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрілігің құзырына қалдыруға болмайды. Ол кезең аяқталды. Мемлекеттік тіл барлық министрліктер мен ведомстволардың күнделікті қызметінің ажырамас бөлігі. Мемлекеттің тілді білу Отан алдындағы парыз ғана емес, кез келген кәсіп, мамандық, лауазым иесінің кәсіби құзіреттілігінің маңызды бір компоненті. Сондықтан барлық министрліктер мен ведомстволар мемлекеттік тілді қолдану мен дамыту бойынша ішбағдарлама жасауға міндетті.
- Қазақ жазуын латын әлпбиіне көшіру үдерісін тоқтатпау, қарқындату керек. Латындандыруды үлкен ұлттық идеямен байлаулы түрде, яғни мықты иделогиялық месседж ретінде жүзеге асыру байқалмайды. Мәселен, бұл тек қана әліпби ауыстыру емес, «ұлтты, мемлекетті нығайту, ұлттың, мемлекеттің іргесін бекіту, жаңа әліпбимен жаңа өмірге бастау алу, алыс болашқта емес, осы жақын болашақта жемісін көретін, креативті жазу иесі болу, жаңа креативті сана қалыптастыру» деген месседждер осы реформаның барлық операторлары мен менеджерлерінің насхаттайтын ісі болу тиіс еді.
Шешім: реформаға идеологиялық база берудің тетіктерін анықтау. Мысалы, ХХ ғасырдың басында Түркия латынға көшкенде, араб графикасымен жазу исламның каноны бола тұрса да, тіпті мешіттерде латынның пайдасы туралы уағыз жүрген, яғни барша қоғамдық институттар осы реформаның идеологиялық базасын жасауға қатысқан.
Жаңа жазу реформасын сәтті жүзеге асыру үшін:
- А.Байтұрсынұлы атынағы Тіл білімі институты мен «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жазу теориясының мамандары, орфографист тілтанушы ғалымдарымен ақылдаса отырып, Жаңа әліпбиге аздаған реттеулер жүргізу керек;
- ҚР Үкіметі жанындағы Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы Жаңа әліпби негізінде мақұлданған Жаңа емле ережелерін толықтырып бекітуге ұсынуы керек.
- Жаңа емле ережелері Үкіметтің қаулысымен бекітілуі тиіс. Себебі жазудағы плюрализм сауатсыздыққа апарады, оған жол бермеу үшін Жаңа емле жоғары құзырлы органмен бекітілгені абзал.
- Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы Жаңа әліпбидегі көркем жазу үлгісін, жаңа әліпбимен оқытатын әліппе бағдарламасын әзірлеп, 2020 жылдан бастап, БҒМ жаңа жазумен оқытуға кірісуі керек.
- Қазақстанда әзірленетін ғылыми диссертациялар мен ғылыми есептердің бір данасын мемлекеттік тілде әзірлеуді нормативті түрде бекіту керек. Ғылым тілі қазақшаланбай, өркениетке ілесе алмаймыз. Ғылыми еңбегін қазақ тілінде әзірлеп, халықаралық атақ, марапат алған ғалымдарды көтермелеу шараларын қалыптастыру керек.
- Әлемдік ғылыми әдебиетті қазақ тіліне аудару ісін қарқындату керек. Ағылшын тіліндегі сапалы ақпаратты қазақшалау үдерісін жақсарту, сапалы жолға қою керек.
- Филологиялық білім беруге реформа керек: 1) Қазақстанда ағылшын және басқа тілдердің мұғалімдерін дайындау бағдарламаларына салғастырмалы қазақ-ағылшын, қазақ-орыс грамматикалары пәндерін міндеттеу керек. Ағылшын тілін қазақ тілінің негізінде оқыту керек. Шет тілін оқытатын пән оқулықтарының контентін ұлттық реалийлер, оқиғалар мен құндылықтар туралы ақпаратпен жаңарту керек. 2) Қазақ филологиясын бітірген маман классикалық филологиялық білімдермен қоса салалық, тарбейінді (филолог-заңгер, филолог-логопед, филолог-экономист, филолог-жарнамашы, филолог-спичрайтер, т.б.) мамандықтың білімдермен қаруланып шығып, сапалы қазақ тіліне деген қоғамның сұранысын өтей алуы керек.
- IT-коммуникация, компьютерлік технология, робототехника, жаратылыстану, инженерлік іс саласы мамандарының ішінде қазақтілділердің саны аз. Осы және басқа да мамандықтарды қазақ тілінде даярлау ісін жетілдіру керек. Сонда қазақ тілі жаңа технология мен интернет тіліне жылдам айналады.
- Қазақ тілін цифрландыру керек! Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасауға еліміздің филологтарын жұмылдыру керек. Барлық дамыған елдерде өз тілдерінің ұлттық корпусы бар. Бізде бұл сала кенжелеп қалды. ЖОО филология факультетерінде корпустық лингвистика мамандарын даярлауды қолға алу керек.
- Ұлттық білімдер жүйесі қазақ тілінде ғана сақталған. Затттық, артефактілік объектілер керек: ескерткіштер, киелі орындар, мұражайлар, т.б. Осыған қоса қоғамның рухани саламаттылығын ескеру керек. Рухани, яғни зияткерлік (интеллектуалдық), ахлақтық (моральдық), эмоциялық саламаттылық тек заттық мәдениет үлгілерін тамашалаумен, тұтынумен, бағалаумен қалыптаса алмайды. Ол үшін халықтың рухани құндылықтарын қалыптастыратын білімін көтеру керек. Мұндай білімдер тек тіл, әдебиет, тарихтан ғана емес, басқа пәндерден де жүйелі берілуі керек.
Шешім: «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», т.б. бірегей бағдарламалар бойынша анықталған ұлттық ғылыми білімдер жүйесін отандық оқулықтарға енгізу. Мәселен, халықтық географиялық білімдер: географиялық жер бедері аттарының жүйесі, жан-жақты классификациясы ұлттың терең білімдерін көрсетеді, бұлар оқулықты жоқ. Мысалы, бел, белес, дөң, дөңес, қыр, қырат, шоқы, шоқтық, шоқпыт, мұздақ, мұзарт, шың, шыңат, төбе, асу, ойпат, ойпаң, ернеу, арна, аңғар, шатқал, т.б. географиялық аппелятивтердің жүйесі оқулықта берілмейді, сол сияқты ұлттық тілдегі өсімдік особьтары мен кластарының, типтерінің алуан түрлі аттары мен сол аттардың астарында жасырылған өсімдік әлемі туралы нәзік те терең халықтық білімдер жүйесі оқулықта жоқ. Тарихи прецеденттер, оқиғалар тек тарихи фактілерді жаттатпайды, сонымен бірге оқушының рухани құндылықтар жүйесін, моральдық бейнесін, ұлттық санасын қалыптастырады.
Мұны жүзеге асыру үшін оқулық авторларына курстар ұйымдастыру керек, әрбір оқулыққа енгізілетін халықтық білімдер жүйесін анықтау жөнінен комиссия құрып, оларға жұмыс істетіп, осы контентті шығарып алу керек. Кейін осы контенттің оқулыққа енгенін қадағалау керек. Аталған контентті БАҚ пен медиада кеңінен насихаттау шараларын жүзеге асыру керек. Бұл істе жаңа технологияларды қолданған абзал: мәселен, голограммалар.
- Кез келген унитарлы мемлекеттің беріктігі, өміршеңдегі ондағы азаматтардың ортақ санасының болуына, ортақ тілде түсінісуіне тығыз байланысты. Мұны мемлекеттік тілдің белсенді қолданысынсыз жүзеге асыру қиын. Ортақ тілсіз саясаткер өз электоратымен дұрыс тіл табыса алмайды, дәрігер науқасты ойдағыдай емдей алмайды, мұғалім оқушыға толық білім бере алмайды. Сайып келгенде ортақ тіл ортақ сана қалыптастырмаса, мемлекет өз бірегейлігін ұзақмерзімге әрі берік сақтай алмайды. Ондай болса, идеологияны тілден іздеу керек, тіл арқылы жасау керек. Ал қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалында проблемалар көп. Соның бірі – терминология. Дамыған тілде жылына 10 000 жаңа атаулар пайда болады. Ал қазақ тілінде ондайлар болғанымен жүйеленбейді не ұлттық тілдің заңдылығына сәйкес реттелмейді. Осы мәселені шешу керек.
Шешімі: Тіл-қазына орталығы мен Тіл білімі институтына жыл сайын жаңа атауларды реттеуге, кодификациялауға қаражат көзін қарастыру. Бұл шараны жыл сайын үзбей жүйелі түрде атқару. Терминологиялық комиссияны Үкімет жанын құру, құзіретін арттыру, жұмыс сапасын жақсарту (құрамына жас кративті қазақтілді кадрларды алу).
Анар Фазылжан,
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»
ұлттық ғылыми-пркатикалық орталығының
ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты