23 ақп, 2025 сағат 15:01

"Қазақ психологиясының қалтарыс-бұлтарыстарындағы нәзік сезімдерді терең сезген". Қаламгерлер Дулат Исабеков туралы естеліктерін бөлісіп жатыр

Фото: ашық дереккөз

Жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 83 жасқа қараған шағында өмірден озды. Жазушының шығармаларын жата жастанып өскен ұрпақ әлеуметтік желілерде заңғар тұлғаға деген қимас сезімін жеткізіп, естеліктерін бөлісіп жатыр. 

"100 пайыз оқылған жазушы, ақын кім?" десе "Дулат Исабеков" дер едік

Жазушы Ақберен Елгезек Дулат Исабековтың адам жанының иыр-шиыр иірімдерін қаламының көзімен көре алған, қазақ психологиясының қалтарыс-бұлтарыстарындағы нәзік сезімдерді терең сезіп, дөп баса алған ғажайып қаламгер деп сипаттайды. Оның шығармалары оқымаған қазақ кемде-кем.

"Бүгін таңда ғана әдебиеттегі дос жігіттермен “100 пайыз оқылған жазушы, ақын кім?” деген тақырып айналасында аз-кем пікір алмасып қалып ек. Бейімбет атамызды, Тынымбай ағаны айттық. Сол тізімге Дулат ағаны да ойланбастан қосуға болады. Дулат Исабековты оқымаған қазақ жоқ десек еш қателеспеспейміз. Ол кісінің өзіне ғана тән қоңыр, қоңыр болғанда да тайпалған жорға тілі бар еді. Және сол стилі арқылы Дулат аға қазақ тілін драматургияға салсаң да керемет құлпырып шығатын ғажайып тіл екенін көрсеткен суреткер.

Бір ауыз сөз арқылы сарказмды, бір қимыл арқылы уытты иронияны әдемі ойнатып жіберіп, суреттеп отырған кейіпкерінің ішкі жан дүниесін ақтарып, алдыңа тастай салатын.

Дулат ағаның шығармасындағы адам – қашанда қазақ. Дулат ағаның шығармалары арқылы қазақ жанының бөтен адам ешқашан байқамайтын құпия тұстарын көріп қаласың да, кейде қуанасың, ал кейде шошисың. Бірақ Дулат аға қай кейіпкерін болсын түбінде оқырманына және ақтатып алады. Оны дәл сол ситуацияда неге олай істегенін өзің түсініп отырасың, ит болса да оны ақтап аласың. Ойдан шығарылған кейіпкеріне деген автордың жанашырлығы – Дулат ағаның мейірбан жүрегінен деп ойлайтынбыз. Бірнеше рет сапарлас, дәмдес болдық, әңгімесін тыңдап отырғанда сол ойымыз расталғанына қуанғанбыз.

Аға өте жақсы кісі болатын, нағыз зиялы, мәдениетті, бір басына жетерлік бірбеткей мінезі де бар, принципшіл адам еді. Әңгімені, қаламдас достарының арасындағы әзіл-оспақты керемет айтатын. Өзі де рахаттанып күлетін, өзгені де риясыз күлдіретін.

Енді бүгін Дулат Исабековтей қазақ әдебиетінің, руханиятының, қала берді тұтас бір дәуірдің жарық жұлдызы арамыздан ұзай ұшып, Тәңірісіне бет алды. Мәңгілік сапары оң болсын, бақидағы ғұмыры баянды, бақытты болсын деп тілейміз. Алла тағы бір ардақты ағамызды алдынан жарылқап, Өзінің шексіз Мейіріміне, Рақымына бөлесін, мекенін жұмақтан қылсын деп дұға етеміз", - деп жазды Ақберен Елгезек.

Хал үстінде жатса да, елінің болашағын ойлап жатты

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Дулат Исабековтың қазақ руханияты үшін орны ерекше екенін атап өтті. 

"Дулат Исабеков қазақ әдебиетіне ерекше құбылыс болып келді. Шын мәнінде шоқтығы биік шығармалар жазып, қалың оқырманның жүрегіне жол тапты. Оның қаламынан шыққан әрбір туынды жұртшылық іздеп жүріп оқитын классикалық дүниеге айналды. Біз әйгілі қаламгердің әрбір шығармасын жастана оқып өстік.  Дулат Исабековтың «Қарғын» романы – төл әдебиетімізді дамытуға ерекше ықпал еткен туынды. Сондай-ақ, оның «Гауһар тас» повесі – қазақ оқырманы ең көп оқыған шығарманың бірі. Әйгілі повестің негізінде түсірілген фильм қазақ киносының алтын қорына қосылған құнды қазынаға айналды. Елу жылдан астам уақыт бұрын жазылған осы шығарманың желісінде Астана қаласының Музыкалық жас көрермендер театры қойған спектакль екі жылдан бері аншлагпен өтіп келеді. Мұның өзі жазушы шығармаларының арада қанша жыл өтсе де өміршеңдігін жоймайтынын айқын көрсетеді.   

Мен Дулат ағамен жақын араластым, сыйлас інісі болдым. Біз үнемі кездесіп, түрлі тақырыпта әңгіме-дүкен құратынбыз. Ағамыз айықпас сырқатқа шалдығып, соңғы кезде хәлі тіпті ауырлап кетті. Әлсін-әлсін хабарласып, хал-жағдайын сұрап қоятынмын. Өткен аптада аяқ астынан ағадан хат алдым. Өзінің жағдайы төмендегенін сезген-ау, «Енді көріспеспіз, ағалығымды арқаланып артық кеткен кездерім болса кеш» деген сарында жазыпты. Дүйсенбі күні таң ата Алматыға ұштым. Тура ағаның үйіне тарттым. Дулат аға қиналып жатыр екен, бірақ қазақтың қаранары сыр білдірмеуге тырысты. Неғып суыт жүрсің деп, әдеттегідей әзілдей қарсы алды. Хал үстінде жатқанына қарамастан еңсесін түсірген жоқ. Жанын жегідей жеген дертін емес, елдің сөзін айтты. Өзі ерекше сүйген қазағының ертеңіне, мына алмағайып замандағы мемлекетінің болашағына қатысты ойларын жеткізді. Ара-тұра сәл кідіріп, терең тыныстап алып, туған елі туралы айтқан сөздерін ағаның бізге, кейінгі ұрпаққа қалдырып жатқан аманаты, өсиеті деп қабылдадым. Жанынан жібергісі келмесе де, «Жұмысың көп қой, жолыңнан қалма» деп, менің қамымды ойлап жатты. Ал, мен қанша қимасам да ағаның асыл жаны қиналып қалмасын деп, амалсыз кеттім. Шынымды айтсам, қоштасуға барғанымды біліп тұрғанмен, онымен қоштаса алмадым, дұрысы, қоштасқым келмеді. Әлі де жанымызда жүре тұрғанын қаладым. Біз, бір-екі аптадан кейін тағы да кездесіп, әңгімелесетін болып келістік. Бірақ, келесі кездесуді жазбапты...", - деп еске алды Ерлан Қарин.

Дулат Исабеков Нобель сыйлығына ұсынылған еді

Ақын Қазыбек Иса биыл Дулат Исабековтың шығармасы Нобель сыйлығына ұсынылғанын жазды.

"Тәуелсіздік алған осы жылдарда әлемдік Нобель сыйлығына 2016 жылы ұсынылған қазақ әдебиетінің классигі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтен кейін биыл Дулат Исабеков ұсынылып отыр еді… Қазақ әдебиетінен басқа ешкім бола қойған жоқ. Өйткені, 30 жыл бойы билік бір адамның ғана Нобель сыйлығын алуы үшін жұмыс істегені белгілі ғой.

Дулат Исабековты Нобель сыйлығына сол Нобельдің отаны Швециядан бастап, Корея, Түркия, Грузия, Түрксой Жазушылар одағы секілді шетелдік ұйымдар бастап, Қазақстан Жазушылар одағы қостап, 9 ұйым атынан ұсынылған еді.

Дулат Исабековтың  драмаларын оқыған Грузияның Мачабели атындағы Цчинвали кәсіби мемелекеттік драма театрының режиссері  Гоча Капанадзе: «Исабековтың тек «Актриса» пьесасының өзіне  ғана Нобель сыйлығын беруге болады»-деп жазды.

Енді, міне, қазақ жазушысы әлемдік Нобель сыйлығын алып, дүниені дүбірге бөлеп жатса, ең алдымен Ел мен  Ердің мерейі болады емес пе деп қазақ халқы тақымын қысып жүрген еді, ажалға амал жоқ, үмітімізді үзіп кетті.

Ұлттық мүддеміздің қорғаны болған Дулат Исабеков қай кезде де ақиқатты айта білді. Халық сөзін сөйледі. Елімізді, жерімізді, тілімізді, ділімізді қорғады. 2011 жылы Жаңаөзен қырғынында ең алғашқы болып, елдің сөзін айтты. “Айлығын сұраған жұмысшыны ату деген қайдан шыққан?!.” -деп айқай салды…

Мемлекеттік тілдің заңды қақын талап етті! Анау бір жылы Моңғолиядан келген қандастарымыз елден пана таппай қайта көшпек болғанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылтайында сол кездегі президентке “Елім деп келген қандастарымыз елінен пана таппай, осылай қайта бере ме? Бұған кінәлілер қатаң жауап беруі тиіс!”-деп әділеттілікті талап етті. Қазақ көшіне қайта қарқын біте бастады содан соң.

Өткенде көңілін сұрай барғанда, саумал ішіп, басын көтеріп, тәуір боп қалған екен. Менен кейін кірген белгілі қаламгерлер, өзі басқарған “Мәдениет” журналында талай жыл орынбасары болған Мырзан Кенжебай інісі мен Нұрлыбек Саматұлы үшеумізге бұрынғыдай қалжыңдап, тиісіп отырды. “Басқа келсе де, сен келмейтін шығарсың” деп едім”-деп Мырзекеңе қалжыңдады. Бәріміз шүйіркелесіп әңгімелесіп қалғанымызды бір ініміз суретке түсіре қойып еді, “Түсіп қалыңдар, ертең тірі күнінде түскен едік” деп жүресіңдер.”-деп бір күлдірді. Қоштасып кетіп бара жатқанда, “Ертең  “Дулат Исабеков қайтыс болды”-дегенді газеттен оқымай, жиі хабарласып тұрыңдар үйге, Шолпанға телефон соғып…”-деді тағы да  әзіл-шынын араластырып… Бұл фәни дүниедегі соңғы күндер мен соңғы  сағаттардың суық сыртылы жақындап келе жатқанын сезіп тұрса да, ажалдың өзімен ойнап отырған қайран өр рухты, ер көкем-ай” деп,  іштей күрсініп тұрсам да, күлімсіреп қоштасқан едік. Сол соңғы көруіміз екен қазақ әдебиетінің қара нарын", - деп жазды Қазыбек Иса.

"Дулат ағаның ұстаздық еңбегі өзі бөлек даңғыл жол"

Киносыншы Баубек Нөгербек Дулат ағайдың қаламынан туған көркем шығармалар қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем прозасы мен драматургиясының алтын қорына енген баға жетпес мәдени мұраға айналған деп есептейді.

"Көзі тірісінде классик атанған жазушы өз туындыларында ұлтымыздың рухани болмысын, адам жанының терең қатпарларын, адамзат өмірінің өзекті мәселелерін асқақ көркемдік шеберлікпен өрнектеген. Дулат ағайдың прозасы – шындықтың айнасы, драматургиясы – сахнаның шам шырағы, әрбір шығармасы – уақыт пен кеңістіктен асып, мәңгілікке ұласқан рухани құндылық.

Дулат ағайдың шығармалары кітап, сахна мен экран өнері арқылы халықтың жүрегінде мәңгілік сақталмақ. Оның драмалық туындылары театр сахнасында, сәенарийлері кино кеңістігінде көрерменін ойландырып, тебірентіп, өмір мен өнер туралы жаңа көзқарас қалыптастыруға сеп болды.

Дулат ағайдың ұстаздық еңбегі де айрықша даңғыл жол. Өмірінің соңына дейін, 20 жылға жуық Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының “Өнертану” факультеті «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасында профессор лауазымында дәріс оқыды. Ұстаздық жолында “Кинотеледраматургия” мамандығы бойынша бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, олардың шығармашылық әрі кәсіби қалыптасуына өлшеусіз үлесін қосты.

Дулат ағайдың дәрістері – тек білім алу емес, рухани кемелдену, терең ой мен биік эстетикаға үңілу болатын. Ол әр сабағында шәкірттерге өнердің шынайы құдіретін сезіндіретін, болашақ мамандарды көркемдік талғам мен ой еркіндігіне баулитын. 

Бір кафедрада әріптес болу біз үшін баға жетпес тәжірибе, үлкен мәртебе мен шынайы бақыт болды. Дулат ағайдың шығармашылық жолындағы азаматтық ұстанымы, өнер мен ұстаздыққа деген адалдығы бізге үлгі болып қала бермек", - деп жазды Баубек Нөгербек.