08 қар, 2021 сағат 10:39

"Қазақ өзін сыйламайды..."


Таңертең поликлиникаға анализ тапсыруға бардым. 28 бен 50 жас аралығындағы кілең қазақ. Бәрі жоғары білімді. Өйткені бұл клиника Президенттің іс басқармасына қарайды. Демек бәрі мемлекеттік қызметкерлер. "Соңы кім?" - деп сұрадым, талон беретін аппарат істен шыққаны көрініп тұр. Бәрі одырая қарады. Шамасы мынау не айтып тұр десе керек. "Соңы кім? Ауыздарыңа құм құйып алғанбысыңдар? Соңы қайсының?" Енді түсінді, білем.

- Я! - деді. Шамалаған болуы керек, кезек сұрағанымды. Сонымен ұзын-сонар кезекте тұрмыз. Сенесіз бе? Бірде-бір қазақ өз тілінде кезек сұрамады, тіпті сөйлемеді де. Барлығы 100% орыс тілінде ғана қарым-қатынас жасап тұр. Бір адам, бір пенде өз ана тілінде тіл қатпады. Бұл не?.. Кінә кімде?.. Кінә қазақтың өзінде. Қазақ өзін сыйламайды. Қазақта намыс жоқ. Бүгін жылағым келді. Үйге әрең жеттім. Көңілім қалды.

Әдебиетте драматургия деген жанр бар. Сол жанрда ІШКІ КОНФЛИКТ болмаса әлгі жанрдың басқа жанрдан ЕРЕКШЕЛІГІ жоқ. Ішкі конфликт  адам табиғатымен біте қайнасқан. Сана - конфликт, эмоция-конфликт, тән - конфликт. Мәңгілік күрес!!! Сана мәңгілік арпалыста (конфликтіде) эмоция да сол... Айқай салғың келеді, шыңғырғың келеді. Бірақ жасырасың, ішіңе жасырасың. Тән де сол... Мүгедектігін, кемшілігін жасырып, сыртқа сән көрінуге құштарлық... Бұл - тәннің конфликтісі. 

Құдай-ау, бүгін ішкі конфликтіден жұрдай  өз қоғамымның кейіпкерлерін көрдім! Санасында , эмоциясында , тәнінде  ішкі конфликт жоқ. Ішкі конфликтісі жоқ адам - ӨЛІК!!! ҰЛТ ретінде тым болмағанда ішімізді, ішкі құпиямызды, ішкі қарсылықты да сақтай алмаппыз. Іші, сыртын бірдей бере салған жып-жылмағай, түгі жоқ адамдарды КӨРДІМ. Өзін-өзі қорлыққа шеккен, көндіккен, болашағынан қорықпайтын, алаңдамайтын, мемлекеті тұрмақ, ұлты тұрмақ өз қара басының, баласының қамын ойлау санада атымен жоқ, әр нәрсеге бір алдана салатын әуесқой, кіресілі-шығасылы  ғана есі бар әйелдерді, еркектерді көрдім... Анығында "ата-аналарды" көрдім.  Шошыдым!!!

Роза Мұқанованың фэйсбуктағы жазбасынан