04 қар, 2016 сағат 14:36

Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірінен бірер сөз

Тарихымызға көз жіберіп барлай қарасақ , құрылғанына 550 жыл толды деп отырған Қазақ хандығының құрылған уақыты жөнінде тарихшыларымыздың пікірі әр түрлі.

А.П.Чулошников «Очерки по истории казак-киргизского народа» атты еңбегінде, Қазақ хандығы XV-XVI ғасыр шеңберінде құрылды десе, тарихшы-ғалым Ибрагимов С.К        «К истории Казахстана» еңбегінде Қазақ мемлекеттілігі XVI ғасырдың 30-40 жылдарында қалыптасты дейді.

Орта ғасырлар тарихының маманы, тарихшы ғалымдар Т.И.Султанов және С.Г.Кляшторный «Казахстан, Летопись трех тысячелетий» еңбегінің «О первом Казахском государстве» бөлімінде: «Қазақ хандығы бір мезгілде жүзеге асатын акты емес,»- дей келіп, Қазақ хандығы XVғасырдың 70 жылдарында құрылды дейді.

Қазақ хандығының құрылу тарихына қалам тартқан жерлес ақынымыз Жарылқасын Боранбаев: «Біз де, Т.И.Султановтың дәлел дерегін негізге ала отырып, Қазақ хандығы 1458 жылдың күзінде құрылған деп жазған едік,» - деп жазады өзінің «Қазақ хандығы Созақта, Шу бойында құрылған,» - деген зерттеу еңбегінде. (Молшылық үшін №3 (7021)  22 қаңтар, 1998 жыл)

Мақала авторы Ж.Боранбаев бұл жерде Т.И.Султановтың 1982 жылы Москва қаласында басылып шыққан «Кочевые племена Приаралья в XV-XVII веках» деген еңбегін негізге алғанын атап көрсетеді. Тарихшы ғалым-археолог Мадияр Елеуов «Шу өңірі: аңыз бен тарих» (Алматы, «Қазақ университеті» 1996ж) атты ғылыми еңбегінде Қазақ хандығы Шу өңірінде қой жылы құрылды дейді. Қазақша жыл санаудың 12 жылда бір рет қайталанып келетінін ескерсек, М.Елеуов жазған қой жылы 1456 жылға тура келеді екен.

   Қазақ хандығының  қашан, қай жерде құрылғандығы жөнінде нақты дерек беретін,  1554-56 жылдары жазылған орта ғасырлық тарихи еңбек Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде»: «Сол уақытта Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалап Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қащып кетті. Есен-Бұға хан оларды шын ықыласымен қарсы алып, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу және Қозыбасы алқабын береді. Олар бұл жақта жақсы жайғасып алған кезде, Әбілқайыр өлген соң, Өзбек ұлысы бұзылып сала берді: онда үлкен-үлкен шатақтар басталды. Оның қол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті, сөйтіп олардың төңірегіне жиналғандардың саны екі жүз мың адамға жетті. Олар енді өзбектер-қазақтар (өзбек-қазақ) деп аталатын болды.

Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдардан басталды, бәрін де бір Алла біледі.» - деп жазылды.

   Қазақ хандығы 1465-66 жылдары құрылды деген «Тарих-и Рашидидегі» дерекке С.Г.Кляшторный , Т.И.Султанов, С.Ибрагимов секілді ғалымдар сенімсіздік көрсетіп күдікпен қараса, орыс тарихшысы В.В.Вельяминов-Зернов өзінің «Исследование о Касимовских царях и царевичах» деген еңбегінде « Тарих-и Рашидидегі» Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі тарихи мағлұматтарға қалтықсыз сенуді ұсынған.

   Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі әр түрлі пікірлерді талдап саралай келе, «Тарих-и Рашидидегі» дерек дұрыс-ау, деп ойлаймыз.Себебі, «Тарих-и Рашиди» авторы М.Х.Дулати Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөліне көшу себептерін және даталы уақытын анық көрсетеді. Басқа бірде бір тарихшы, Қазақ хандығының құрылған жылын нақты көрсете алмаған.

   Ғылым-ең бірінші дәлел мен дәйек, содан соң логика,-деген тұжырым бойынша, зерделей отырып сараласақ, Әбілқайыр ханның жеке тарихшы – шежірешісі «Тарих-Абул-хайыр-наменің» авторының жазуы бойынша, Әбілқайыр хан 1468 жылы қайтыс болған.

   Бұл нақты тарихи дерек! Себебі, оны Әбілқайыр ханның жеке шежіреші-тарихшысы жазып отыр.

   Ал, енді кейбір зерттеушілеріміз жазып жүргендей, Қазақ хандығы 1456 жылы құрылған болса, онда Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр хандығынан жобамен, ең кем дегенде 1455-56 жылдары бөлінген болып шығады.

   1456 жыл мен Әбілқайыр хан қайтыс болған 1468 жылдың арасы тура сегіз жыл! Билік үшін болатын саяси күресте, сегіз жыл тым ұзақ уақыт.

   Әбілқайыр хан, тақ таласындағы өзінің ежелгі ата жауы Керей мен Жәнібек сұлтандардың күш жинауына тым көп уақыт бермесе керек.

   Десек те, мына жәйтті естен шығармаған жөн. Ол: Мұхаммед Хайдар Дулатидің  «Тарих-и Рашидиннен» жиырма-отыз жыл бұрын, орта ғасырлық тарихшылар жазған ғылыми еңбектер, тарихи дерек көздері, Камал ад-дин Әли Бинайдың «Таварих-и гузида-ий нусрат –наме», «Шайбани-наме», Шадидің «Фатх-наме», Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-ий Бухара» (Бухара қонағының жазбалары) еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуы жөнінде нақты тарихи датаны айтпаса да Жәнібек пен Керей хандардың аттары аталып, «Тарих-и Рашидиде» келтірілгендей, Қазақ хандығының басқа жерде емес, батыс Жетісуда яғни Шу мен Талас алқаптарында іргесі қаланғаны туралы мағлұматты тікелей немесе жанама түрде растайды.

   Қалай десек те, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның өзі « Қазақтың тұңғыш тарихшысы» деп мойындаған орта ғасырлық ғалым Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты әлемге әйгілі еңбегінде жазылған: «Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдардан (қазіргі жыл санауымыз бойынша 1465-1466 жылдар) басталады,» - деген пікірді негізгі дерек көзі ретінде ресми мойындаған «Қазақстан тарихы» ғылымы: «1465-66 жылдары Әбілқайыр хандығынан бөлінген Керей мен Жәнібек сұлтандар Жетісудің батысындағы Қозыбасы мен Шу деген өңірге келіп қоныстанды. Олардың саны екі жүз мың адамға жеткен.Қоныс аударып келгендер, 1465-66 жылдары жасы үлкен Керейді ақ кигізге отырғызып хан сайлап, Қазақ хандығын құрды,»-деп жазса(С.Жолдасбеков, «Қазақстан тарихы» оқулық, Алматы, «Мектеп» 2010 ж)

   Осы уақыт – хижраның 870 жылы – біздің жыл санауымыздың 1465-66 жылдары, Қазақ хандығының құрылған уақыты ретінде алынған,-деп жазады Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты құрастырған «Қазақстан тарихы» бес томдық кітабы.( «Қазақстан тарихы» Бес томдық,II том, «Атамұра» 2010ж )

   Сонымен, 2010 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығы мен 2010 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» бес томдығындағы дерекке сүйене отырып айтарымыз: Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі түрлі ғылыми еңбектердегі әр түрлі тарихи деректерді саралап, салыстыра зерттеген Қазақстан Ғылым академиясының тарих және этнология институты, археология институтымен біріге отырып, Қазақ хандығы 1465-66 жылдары құрылды деген Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиіндегі» тарихи деректі ресми түрде бекітті деген тоқтамға келеміз.

   Қазақ хандығының құрылуы жөнінде айтқанда Әбілқайыр хандығына тоқталмай кету мүмкін емес. 1428-1468 жылдар арасында өмір сүрген Әбілқайыр мемлекеті, тарихи әдебиеттерде «Көшпенді өзбектер мемлекеті», « Әбілқайыр хандығы» кейде «Көк Орда» деп те аталады.(Ахмедов.Б.А. Государство кочевых узбеков)XV ғасырдың 20 жылдарында Ақ орданың ыдырауына байланысты Жошы әулетінің арасында билік үшін тақ таласы басталады. Ақ Орда әлсіреген кездегі тәуелсіз иеліктердің қожалары, ірі феодалдардың қолдауына сүйенген Әбілқайыр – 1428 жылы хан сайланады.

   Әбілқайыр – Жошы ханның бесінші баласы Шайбани ханның ұрпағы.                               Ақ Орда хандығының орнына пайда болған Әбілқайыр хандығының территориясы – батысында – Жайық, шығысында – Балқаш, оңтүстігі – Арал теңізі және Сырдарияның төменгі ағысы. Солтүстігі – Тобыл және Ертіс өзендерінің орта саласын қамтыды.               Бұл территория кейде «Дәшті Қыпшақ» даласы деп те аталатын. Осы «Дәшті Қыпшақ» даласы географиялық аумақ ретінде батыс және шығыс «Дәшті Қыпшақ»  даласы болып екіге бөлінген. «Дәшті Қыпшақ» даласынан Сырдарияның оңтүстігі Мауренахр өлкесіне қарай шексіз билікке ұмтылған Әбілқайыр хан, көрші елдермен үнемі соғыс саясаты арқылы сөйлескен.

   1431 жылы Әбілқайыр Тоқа – Темір ұрпақтарын жеңеді, содан кейін Батый ханның астанасы болған Орда-Базарды бағындырып, өзінің астанасы етеді.                               Әбілқайыр хан 1446 жылы Атбасар маңында Мұстафа ханды жеңіп, Сырдария, Қаратау аймағындағы Сығанақ, Аркөк, Созақ, Аққорған, Үзкент секілді экономикалық жағынан маңызды қалаларды басып алады. Бұл жолы ол Сығанақ қаласын өзіне орталық жасайды. Қала тоғыз жолдың торабында саудаға ыңғайлы жерде орналасқан еді.

   Әбілқайыр 1446 жылы Самарқанды алып, Моғол хандығына шабуыл жасай бастайды. Алайда бұл кезде үздіксіз жүргізілген соғыс себебінен туындаған әлеуметтік – экономикалық шиеленіске байланысты әлсіреген Әбілқайыр хандығы, 1456-57 жылдары Сығанақ қаласының түбінде Үз-Темір тайшы бастаған ойраттардан тас-талқан болып жеңіледі. Ойраттардан жеңілген Әбілқайыр хан, бұл аймақты тастап Дешті Қыпшақ жеріне кетуге мәжбүр болады. Осы тұста Әбілқайыр хандығындағы ішкі және сыртқы саяси жағдайы қатты шиеленісіп кетеді.

   Әбілқайырдың көрші елдердің ішкі ісіне үнемі дерлік араласып отыруы, мемлекет ішіндегі ішкі саяси дағдарыс, үздіксіз жүргізілген соғыстар мен шапқыншылықтар Әбілқайыр хандығын құлдырауға жеткізіп еді. Мемлекеттегі осы дағдарысты сәтті пайдаланған Әбілқайыр ханның ежелгі саяси қарсыластары, Ұрыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар өздеріне қарасты тайпалармен бірге Әбілқайырға қарсы тайпалардың басын қосып, батыс Жетісуға, Моғол хандығының территориясына қоныс аударады. Бұл кезде әр түрлі жағдайларға байланысты әлсіреп тұрған Моғолстан ханы Есен – Бұға (кейбір деректерде Исан – Бұға) ішкі жыне сыртқы жауларына қарсы пайдалану үшін, Әбілқайыр хандығынан бөліне көшкен  Керей мен Жәнібек сұлтандарды құшақ жая қарсы алады. Оларға Моғолстанның батыс аймағы Шу бойынан қоныс бөліп береді.

    Айта кететін бір мәселе: батыс Жетісуға қоныс аударған Керей мен Жәнібек сұлтандар Моғолстан хандығына қашқан ел сияқты емес, көшкен ел секілді болып барғанын тарихи дерек көздері бір ауыздан атап өтеді.

   Тарихтың осы кезеңінде Керей мен Жәнібек сұлтандар мен Моғолстан ханы Есен – Бұғаның жауы ортақ еді. Ол – Әбілқайыр хан болатын. «Жауымның жауы – менің досым», қағидасын ұстанған Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған қазақ тайпаларының оңтүстік және орталық Қазақстаннан батыс Жетісуға, Шу, Талас алқабына көшіп баруының негізгі себептері:

1.Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарасты Қазақ тайпаларының сол кездегі Моғолстан хандығында өмір сүретін тайпалармен этникалық және генологиялық жақындығы.

2. Керей және Жәнібек сұлтандар мен Моғолстан ханы Есен – Бұғаның жауының ортақ болуы,

3.Бұрынғы Ақ Орда хандығының билігі мен Моғолстанның солтүстік бөлігі иелерінің ертеден бергі достық қарым қатынасының жақсы болуы,

4. Феодалдық бытыраңқы Моғолстанның Жетісудағы өкімет билігін өз қолына ұстап тұра алмайтын әлсіздігі себеп болды.

   Осы кезде өз хандығын нығайтуға тырысқан Әбілқайыр хан, өзіне бағынбай Моғол хандығының жеріне ауысып кеткен Керей мен Жәнібекке қарсы жорыққа шығып, Алматы маңындағы Аққыстау деген жерде қайтыс болады. Жорық нәтижесі аяқталып, хандық мүлде әлсірейді. Қазақ хандығының құрылуымен Әбілқайыр ұрпақтары шығыс Дешті Қыпшақ жерінде билік жүргізу құқынан мүлде айырылады.

   Ал, енді Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарасты ру – тайпалардың Әбілқайыр хандығынан бөліне көшуінің негізгі тарихи себептеріне келсек, ол бірнешеу.

Біріншіден, Әбілқайыр ханның тынымсыз жүргізген соғыс зардабынан әбден титықтаған хандықтағы көшпенді өзбектердің көші – қон бағыттары үнемі өзгеріп отырды.Мал шаруашылығымен айналысатын көшпенді тайпалардың жайылымдық жерді тиімді пайдалана алмауы, негізгі күнкөріс көзі төрт түлік мал болып табылатын көшпенді тайпалардың тұрмыс жағдайының өсіп - өркендеуіне кері әсер етті. Оның үстіне шексіз билік иесі Әбілқайыр хан өзіне ұнамай қалған тайпалардың ата қоныстарын қалауынша өзгерте алатын еді. Міне, осындай себептерге байланысты халықтың Әбілқайыр билігіне деген наразылығы күшейе түсті. Олар бейбіт өмір, тұрақты кең қонысты аңсады.

Екіншіден, XIV-XV ғасырларда экономикалық және саяси тұрғыда әлсіреген Ақ Орда, одан кейінгі Әбілқайыр хандығында, Ноғай ордасында және Жетісудағы Моғолстан мемлекеттерінде тілі, діні, психологиялық ойлау жүйесі, шаруашылықты жүргізу әдістері ортақ түркі тайпалардың бір ұлт, бір халық болып, бірігу, топтасу процесі белсенді түрде жүріп жатты. Дәл осы тарихи процес Әбілқайыр билігіне наразы көшпенді тайпалардың хандықтан бөліне көшуіне ықпал етті.

     Ақ Орда мемлекетінің орнына пайда болған «Көшпенді өзбек» мемлекетінің ханы Әбілқайыр мен Ақ Орда хандығының заңды мұрагерлері, Ұрыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың «Дәшті Қыпшақ» даласындағы саяси билік үшін күресі заңды құбылыс еді.

     Міне, осы Әбілқайыр ханның ежелгі саяси қарсыластары, Оңтүстік Қазақстанды мекендейтін көшпенді тайпалар арасында ерекше беделге ие Керей мен Жәнібек сұлтандар, Әбілқайыр хандығындағы көшпенді тайпалардың жайылымдарды пайдаланудағы Дешті Қыпшақ даласындағы бұрыннан қалыптасқан тәртіпті қалпына келтіргісі келетін арманды – ойларын жақсы ұғынып,оларға түсіністікпен қарады.          Оның үстіне, осы тұстағы Әбілқайыр хандығындағы көшпенді тайпалардың, этникалық – генологиялық тұрғыдағы туыстас басқа орданың тайпаларымен бір орталықта, бір ұлт болып біріккісі келетін мүддесі мен психологиялық жай – күйін тамыршыдай дөп басып, дәл таныған Керей мен Жәнібек сұлтандар, хандықтағы саяси және әлеуметтік дағдарысты өз пайдаларына шебер пайдаланып, жеке дара билік құру үшін, өздеріне қарасты тайпалармен бірге батыс Жетісудағы Моғолстан хандығының территориясына көшіп кетті.

     Батыс Жетісудағы Моғол ханы Есен – Бұға берген Қордайдағы Қозыбасы мен Шу өңіріне қоныстанып, жайлауы Орталық Қазақстандағы Ұлытай өңірі, қыстауы Оңтүстік Қазақстандағы Көкшенің құмы мен Мойынқұм болған, жаңа құрылған қазақ хандығының алғашқы дәуірінде, XV ғасырдың соңына қарай алғаш құрылған Қазақ мемлекетінің алдында мынадай тарихи міндеттер тұрды:

1. Көшпенді шаруашылықтың мал жайылымдарын пайдалануда Дешті Қыпшақ даласындағы бұрыннан қалыптасқан тәртіпті қалпына келтіру.

2. Керуен жолының үстіндегі, Түркістан өлкесінің қалалары Сығанақ, Сауран, Созақ, Отырар, Йасы секілді стратегиялық маңызға ие үлкен қалаларды Қазақ хандығына қарату,

3. Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық аумағын біріктіру.

     Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарасты көшпенді тайпалардың Қазақ елі атала бастауы да осы кез. «Қазақ» этнонимнің пайда болуы, Қазақ хандығының құрылуымен тұспа – тұс келді десек, біржақты үстірт кетіп адасамыз. Себебі, «Қазақ» деген сөз Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дәуірде де қолданыста болғаны белгілі.

     Көптеген ғалымдар «Қазақ» сөзінің шығу тегін, Қазақстан территориясында б.з.д VII-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының атымен байланыстыруды ұсынады. Қазақ тарихын археологияның қазба жұмыстары арқылы көп зерттеген тарихшы ғалым А.Н.Берштам  «Қазақ» сөзі «Каспа», «Кас» және «Сақ» тайпаларының бірігуінен жасалды десе, академик Ә.Х.Марғұлан хазарлар арасында «Қазар-ұғ» деген тайпа болғандығын баса көрсетіп, «Қазар – ұғ» сөзі «қаз – ұғ», «қазақ» болып түрлене өзгеруі мүмкін ғой, деген ғылыми болжам айтады.

     «Орыс тарихының атасы», деп мойындалған Н.М.Карамазин «История государство Россиского» еңбегінде Кавказдың солтүстік батысында «Казахия» елі туралы мәлімет келтірсе, X ғасырдағы араб тарихшысы әрі геогрофы Әл – Масудидің «Китаб ат – танбих ва-ль ишраф» деген шығармасында Кубань өзенінің жағалауындағы Кавказ халықтарының этникалық аумағын «Әл – Касакия» деп жазады. Немістің көрнекті шығыс танушы ғалымы И.Маркварт «Касаг» термині этностың атауын білдіреді десе, авторы белгісіз парсы тілінде Х ғасырда жазылған «Худуд әл – алам» деген географиялық еңбекте «Касаг» сөзі этникалық атау емес, Қара теңіз жағалауындағы қала атауы деп жазады.

   Белгілі лингвист ғалым А.Н.Самойлович өзінің «О слове «казах» деген еңбегінде, қазақ деген сөздің пайда болуын ХI ғасырға жатқызады.

     Жазбаша әдебиетте «қазақ» термині алғаш рет 1245 жылы мәмлүктік Египеттегі «Араб – қыпшақ» сөздігінде кездеседі.

     Осы ғылыми деректерге жүгіне отырып айтарымыз, «қазақ» сөзі Қазақ хандығының құрылуынан әлде қайда көп уақыт бұрын пайда болған. Себебі, этноним мен мемлекет көп жағдайда бір уақытта пайда бола бермейді. Бұл ғылымда дәлелденген ақиқат дүние.

     Ал, енді «қазақ» сөзінің қандай мағына беретініне келсек, «Қазақстан тарихы» ғылымы: «Түркі тілінің атақты маманы, академик В.В.Радлов; Қазақ сөзінің мағынасы – тәуелсіз, ерікті адамдар, - деп жазады. Бұл пікірді ғалым А.Н.Самойлович те қолдаған.

   Ал, Ш.Құдайбердіұлы жазылған пікірлерді қолдай келіп, «қазақ» сөзінің мағынасы – өз алдына ел болып, еркін жүрген халық, - деп жазса, тіл маманы Телқожа Жанұзақов «қазақ» сөзінің бірінші бөлігі «қаз», «қас» Алтай, Орал, Кавказ тағы басқа түркі тілдер тобында «еркін», «ер», «ер жігіт» деген мағынаны білдіретінін дәлелдеген, - деп жазады «Қазақстан тарихы»,(С.Жолдасбеков. «Қазақстан тарихы» оқулық «Мектеп» 2010ж)

     Отандық түркология ғылымының көрнекті өкілі, академик А.К.Құрышжанов өзінің «Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХІІІ века» атты зерттеу еңбегінде «қазақ» сөзінің «еркін», «кезбе», «тәуелсіз» деген мағына беретінін лингвистикалық жолмен, ғылыми түрде тамаша дәлелдеген.

     Жоғарыда келтірілген ғалымдар пікірін қорытындылай келе, бірер сөзбен ойымызды тұжырымдасақ «қазақ» этнонимі «еркін», «ер», «тәуелсіз», «ерікті адамдар» деген мағына беретін көне түркі сөзі болып шығады.

     Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірін сөз еткенде қазақ халқын құрайтын үш жүзді, яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздерді айтпай кету мүмкін емес. Көптеген зерттеушілер қазақ «жүздерін» арабтың «джуз» - бір нәрсенің «басты бөлігі», «тармақ», деген сөздермен сәйкестендіреді.Қазақ жүздерінің пайда болуы туралы нақты деректер жоқ. Осы уақытқа дейінгі зерттеушілер «жүз»мәселесінің толық, жан – жақты зерттелмегенін мойындай отырып, өзіндік қорытындылар жасайды.

      Мәселен, Н.А.Аристов, Г.Н.Потанин секілді зерттеушілер жүздердің шығуын халық арасында кең тараған аңыз әңгімелер негізінде түсіндіреді. Бұл авторлардың айтуынша қазақтың үш жүзі бір адамның үш баласынан тараған.(Потанин Г.Н. Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки. Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей.)

     Мұндай аңыз әңгімелер соңғы кезде жарық көрген көптеген рулық шежірелер мен ел арасында ауызша айтылатын әңгімелерде әлі де көп кездеседі.

     Мысалы, Ж.Бейсенбайұлының «Қазақ шежіресі» (Алматы, 1994ж) атты еңбегінде, Қазақ деген бір адамның  Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш баласынан қазақтың үш жүзі тарайды деп көрсетіледі.

     Қазақ жүздерінің шығуы жөніндегі мұндай тұжырымдар, бүгінгі сауатты да білімді көпшіліктің ғылыми сұранысын қанағаттандыра алмайтыны өзінен – өзі түсінікті жағдай.

     Қазақ жүздері бір адамның үш баласынан тараған деген тұжырымды біз, аңыз әңгімелерге негізделген топшылаулар қатарына жатқызамыз.

     Ғалымдар С.А.Аманжолов (Вопросы диалектологии и истории казахского языка. А – Ата 1959ж) және Г.М.Әділгереевтің (К истори образования казахского народа К.А.Н. «Хабаршы» 1951ж) ғылыми еңбектеріндегі пікірлері бойынша қазақтың үш жүзі ерте түркі дәуірінде басталып, Х – ХІ ғасырларда аяқталады.

     В.В.Вильяминов – Зернов, М.Красовскийлер қазақ жүздері XV-XVI ғасырлар шегінде, қазақ хандығының негізін қалаған үш ұлыстың территориясында құрылды десе, Ш.Уалиханов қазақ жүздерінің шығуын Алтын Орданың бөлшектенуімен байланыстырады.

    Ал, В.В.Бартольд географиялық ерекшеліктерге сай, көшпелі мал шаруашылығының жағдайынан туындаған,- дейді.

     И.Вяткин жүздердің пайда болуына экономикалық және саяси жағдайлар әсер еткен десе, Т.И.Султанов қазақ жүздерінің пайда болғандығы жөнінде нақты жазба деректердің жоқтығын мойындай отырып, қазақ жүздері шамамен XV ғасырдың екінші жартысында ұлыстық жүйенің орнында пайда болған деген болжам айтады.(Султанов Т.И. «Кочевые племена Приаралья в XV-XVII в.в  М.., 1982г)

     Қазақ жүздерінің пайда болуы жөнінде ғалымдар арасындағы пікірлер әр түрлі болғанымен, «жүз» сөзінің анықтамасы жөнінде ғалымдар арасында талас жоқ, керісінше олар бір ауыздан ортақ пікірге келеді. Ол пікір мынандай: «Жүз деп – XV-XVI ғасырларда Қазақ хандығының аймақтық – әкімшілік бөлігі ретінде қалыптасқан тайпалық – рулық бірлестіктер.(Арғынбаев Х.Л.Мұқанов М.С., Восторгов В.В.Қазақ шежіресі хақында. Алматы, 2000г)

     Жоғарыда аты аталған ғалымдардың деректері мен дәлеліне сүйене отырып, мынадай тоқтамға келеміз.Ол: Қазақ халқын құрайтын үш жүз, қазақ шежірелерінде айтылып жүргендей туыстық-генологиялық байланыс емес, ол – территориялық,әкімшілік бөлініс.

     Сөзіміз дәлелді болу үшін, Кіші жүздің алты ата Әлімнің бір атасы – Қаракесек руы. Ал, осы Қаракесек руы орта жүздегі Арғын тайпасының құрамында да бар. Орталық Қазақстанның батыс бөлігін мекендейтін Қаракесек руы географиялық аумағы мен жер жапсарына қарай, біразы Кіші жүз құрамына кетіп, қалғаны Орта жүз құрамында қалса керек.

     Қазақстан территориясында б.з.д. ІІІ ғасыр мен б.з. Х ғасырында Үйсін мемлекеті, б.з.д. ІІІ ғасыр мен б.з.VII ғасырында Қаңлы мемлекеті, ХІ ғасырда Қыпшақ,ХІІ ғасырда Найман,Қаңлы мемлекеті өмір сүргені белгілі.Тарихтың б.з.б. ІІІ ғасыры мен б.з.ХІІ ғасыр аралығында өмір сүрген Үйсін, Қаңлы, Қыпшақ, Найман, Керей секілді түркі тайпаларына «жүз» деген ұғым түсініксіз болса, ал қазіргі таңда Үйсін, Қаңлы тайпалары Ұлы жүз бірлестігіне, ал Қыпшақ, Керей тайпалары Орта жүз бірлестігіне кіреді.         Осыдан-ақ «жүздердің» территориялық әкімшілік бөлініс ретінде кейіннен пайда болғаны көрініп тұр.

     Орта жүз құрамында Қоңырат деген тайпа бар. «Моңғолдың құпия шежіресінде» айтылғандай Темучин – Шыңғыс ханның шешесі Ұлым, әйелі Бөрте Қоңырат тайпасынан екені белгілі.Шыңғыс хан өмір сүрген ХІІ-ХІІІ ғасырларда «жүз» деген атау мүлдем түсініксіз болатын.

     Менің өз басым, Қоңырат тайпасы қазіргі Өзбекстан териториясынан бастап, Моңғолияға дейінгі аралықты мекендеген ертеден келе жатқан көне түркі тайпасы деп есептеймін. Сөзіміз дәлелді болу үшін, қазіргі Созақ ауданының «Қарағұр» ауыл әкімшілігіне қарасты, «Раң ата» елдімекенінде Қоңырат тайпасындағы Жиенбет руының, Қоңыр шұнақ атасының ұрпақтары өмір сүреді.

     Міне, сол «Раң ата» ауылында қайтыс болған адамды мұсылман рәсімімен жаназасын шығарып болған соң, мәйітті жерге көмбей, алдын ала қазып дайындалған бөлмеге, бүкіл әулетімен бірге қатар жатқызып, көне түркі салты бойынша, «сағана» әдісімен жерлеу рәсімі жалпы болмаса да ішінара бүгінгі күнге дейін сақталып қалған.                              Түркі тайпаларындағы мәйітті жерлеу рәсімінің мұндай түрінің Қоңырат тайпасының кейбір руларында күні бүгінге дейін сақталып қалуы, Қоңыраттардың көне түркі тайпасына жататынына дәлел болса керек.

     Халқымыздың тарихы – қазақ халқын құрап отырған рулар мен тайпалар тарихының жиынтығынан тұрады. Бұл – ақиқат дүние!

     Кешегі Кеңес дәуірінде «рушыл» атанудан қорқып, ғалымдарымыздың тайпалар мен рулар тарихын жан-жақты толық зерттеуге мүмкіншіліктері болмады. «Қазақстан тарихы» ғылымында«тайпалық дәуірдің» зерттелуі күнібүгінгі күнге дейін олқы болып тұрғаны ешкімге де жасырын сыр емес.

     Тарих – ұлы қоныс аударулардан тұрады. Әр түрлі тарихи факторлар мен себептерге байланысты, бүтін бір халық тарих сахнасынан жойылып кетсе, ал кейбір халықтар мен тайпалар ұсақ бөлшектерге бөлініп, келесі бір үлкен тайпалардың құрамына кіріп, сол тайпалардың ішіне біржола сіңіп кетіп отырған. Тарихтың осындай заңдылығын түсінбей адамзаттың бүтін тарихын түсіну мүмкін емес.

XV ғасырдың екінші жартысында өз алдына жеке мемлекет болып қалыптасып келе жатқан Қазақ хандығына сол кезде әлсіреп, бөлшектене бастаған Ноғай Ордасы мен Моғолстан хандығы территориясынан тілі, діні, психологиясы және шаруашылық жүргізу формасы ұқсас түркі тайпаларының тәуелсіз де еркін яғни «қазақ» елі деп аталған Қазақ хандығының құрамына енуі тарихи заңдылық еді.

     Қазақ халқының тілі мен тарихын лингвистикалық әдіспен зерттеген ғалым С.Аманжолов рулар таңбаларының бастапқы және кейінгі формаларын салыстыра зерттеп, салыстырмалы әдіспен Ысты руының және Тілік, Ойық руларының Қаңлы одағына, Ноғайлардың Маңғыт және Саңғыт руларының Қоңырат одағына мүше болғандығы туралы қорытындылар жасаған еді.(С.Аманжолов. Вопросы диалектики и истории казахского аязыка)

     Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ғалым ағамыз С.Аманжолов айтқан пікірдің жаны бар секілді. Себебі, Қоңырат тайпасының құрамында Маңғытай, Саңғыл деген рулар бар.Қазақ руларының тарихи шежіресінде олар бергі уақытқа дейін қыз алыспайтын туысқан рулар болып есептеліп келген. Тарихи деректер бойыншаXV-XVI ғасырларда Қоңырат тайпасы мен Ноғай Ордасының Маңғыт руы Сыр бойын қатар жайлаған. Қоңыраттармен тығыз этникалық байланыста болған Маңғыттар кейіннен Қазақ хандығының құрамына кірген соң, жаңа құрылған Қазақ хандығын басқарушы аристократия оларды бұрыннан бір – бірін жақсы білетін этникалық топ ретінде және жер жапсарының ыңғайына қарай Маңғыт пен Саңғыттарды Қоңырат одағына енгізуі әбден мүмкін ғой. Қазақ хандығындағы Қоңырат тайпасының құрамына енген Ноғай Ордасының Маңғыт және Саңғыт руларының атаулары, көп жылдардан соң тілдік – лингвистикалық өзгерістерге ұшырап, «Маңғыт» атауының – «Маңғытай», «Саңғыт» атауының – «Саңғыл»  болып өзгеруі де әбден мүмкін.

     Өйткені, әр түрлі түркі руларының бірігуі арқылы пайда болған Қазақ халқының тілі бастапқы кезеңнен өзгеріске түсіп басқа формаға ие болғанын біз ұмытпауымыз керек. Қалай десек те, Қазақ мемлекетінің тарихында, Қазақ халқының бір ұлт болып бірігуінің алғашқы дәуірінде тілі, дәстүрі ортақ түркі руларының - түркі тайпалық одақтарға бірігуі тарихи шындық еді. Тарихи деректерге жүгінсек: «Қазақ елінің тарихындағы ұлы хандардың бірі Хақназар хан, кіші жүздегі ұсақ жеті рудың басын біріктіріп, «Жеті ру» тайпалық бірлестігін құрды,»-деп жазады «Қазақстан тарихы» (С.Жолдасбеков. Қазақстан тарихы. Оқулық. «Мектеп» 2010)

     Сол «Жеті ру» (Тама, Табын, Кердері, Керейт, Жағалбайлы, Рамадан, Телеу) тайпалық бірлестігі Кіші жүз құрамында күні бүгінге дейін өмір сүріп отыр.

     Жаңа құрылған Қазақ хандығындағы ұлт болып бірігіп,Қазақ халқын құрап жатқан әр түрлі түркі тайпаларымен бірге сол тайпалардың құрамына территориялық және әкімшілік жолмен жаңадан енген рулардың, Қазақ хандығының өсіп өркендеуі мен сыртқы жауларына төтеп беруі үшін ынтымақты татулықта өмір сүруі тарихи қажеттілік еді.

     Ұлтымыздың болашағын ойлаған абыз ақсақалдарымыз бен данагөй ер ұландары қазақ халқының құрамындағы рулардың ынтымақты татулық өмірін армандады. Сондықтан да ата - бабаларымыз Қазақ халқының құрамындағы үш жүзді, Қазақ деген бір адамның үш баласынан тараған ұрпақ,-деді. Енші бөліспеген қазақ, бәрі бір - бірімен туысқан бауыр.

     Себебі, олар бір адамның ұрпағы,-деген аңызды олар ойлап тапты.

     Аңыз әрқашан да халықтың болашаққа деген сенімінен, қиялынан туады.                        

     Мемлекет құрып, ұлт болуды армандаған тілі, діні, психологиясы мен шаруашылық жүргізу формалары бір-біріне ұқсас, ауыз әдебиеті өте жоғары деңгейде дамыған түркі тайпалары бұл аңызға бүкіл болмысымен сеніп, санасына сіңірді. Бұл аңыз ғасырлар бойы өз жемісін берді де.

     Ал, дәл қазір ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізді алып, ұлттық санамыз бен жадымыз кайта жаңғырып жатқан заманда, Қазақ атамыздың Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген үш баласы туралы бұл аңыз, біздің тарихи ұлттық сұранысымызды қанағаттандыра алмайды. Сондықтан да, қазақ тайпаларының тарихын, олардың Қазақ ұлтын қалыптастырудағы рөлін екшелеп, тереңнен тартып қайта зерттеу қажет, деп есептейміз.

     Бұл – қажеттіліктен туған тарихи сұраныс!

     Біз, Қазақ тарихын деректер мен дәйектерге, жазбаша ғылыми дерек көздері мен ауыз әдебиетіне,археологиялық зерттеулерге, лингвистикалық пайымдауларға сүйене отырып, ұлтымыздың тарихын кешенді түрде, жан-жақты зерттейтін уақытқа жеттік деп ойлаймыз!

     Сөзіміздің басында айтып кеткеніміздей 1465 жылы құрылған Қазақ хандығының алдындағы ең өзекті мәселелердің бірі, керуен жолының бойында орналасқан Түркістан аймағының қалаларын Қазақ хандығының құрамына кіргізу болатын.

     Онсыз шығыс Дешті Қыпшақты (шығыс Дешті Қыпшақ – Қаратаудан Сырдарияның төменгі ағысы мен Аралдан солтүстікке қарай көшіп жатқан далалы кеңістік) өзіне қаратқысы келген Қазақ хандығына, Сырдария бойындағы малға жайлы қыстық жайылымдар мен Түркістан қалаларын өзіне қаратпай, бүкіл шығыс Дешті Қыпшаққа билік жүргізу мүмкін емес еді. Оның үстіне Қазақ хандығындағы мал шаруашылығымен айналысатын көшпенді тайпалардың күнделікті тұрмыс қажетін өтеу үшін отырықшы мәдениет, сауда, әр түрлі кәсіпшілік өнер дамыған керуен жолындағы Түркістан өлкесіндегі қалалар өте қажет.

     Түркістан өлкесінің қалалары дегенде, Түркістан аймағы туралы түсінік бере кету жөн.

     Түркістан аймағы – бұл орта ғасырлық тарихи географиялық термин.                                 Сол кездегі «Түркістан аймағы» Сырдария өзенінің орта ағысынан бастап, оңтүстігі – Шыршық пен Бадам өзенінің су айрығы, оңтүстік-шығысы Шымкент маңайындағы Сайрам қаласы, солтүстік шығысы Сырдарияның солтүстік жағалауын бойлай созылып жатқан Қаратау жотасының екі қапталы. Қаратау жотасының солтүстігінен түстікке қарай «Дешті Қыпшақ» даласы басталатын

    Орта ғасырлық тарихшы Ибн Рузбихан Исфаханидың «Михман – наме – ий Бухара» (Бухара қонағының жазбалары) атты еңбегінде: «Түркістан өлкесінде отыз бекініс бар. Олардың ең ірілері Сырдарияның оң жағалауы мен оның салалары бойындағы Йасы(Түркістан), Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Иқан, оның сол жағалауындағы Аркөк, Үзкент,Аққорған, Қожан, Қаратаудың теріскей бетіндегі Созақ, Құмкент қалалары,»-деп атап көрсетеді.

     Тарихи энциклопедиялық деректер бойынша; Созақ қаласы Х ғасырда пайда болып, XVIII ғасырға дейін өмір сүрген(Қазақ энциклопедияцы, Алматы, 2005ж)

     Кіші Жібек жолы бойында Х ғасырда пайда болған Созақ қаласы, Әбілқайыр хандығы тұсында Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысының құрамына кірген. Олай дейтініміз: «Сол кезде Оңтүстік Қазақстан мен Қаратаудың солтүстігіндегі Созақ секілді қалалар мен майда бекіністер Керей мен Жәнібек сұлтандардың қарамағында болса керек,»-деп жазады Қазақстан тарихы.( Қазақстан тарихы, Бес томдық, ІІ том. Алматы, «Атамұра» 2010ж)

     Ұрыс хан ұрпағы Жәнібек сұлтанның ұлысына қараған Созақ қаласы, кейіннен Қазақ хандығы құрылған соң да, Қазақ хандығы құрамына бірден кірген секілді.

      Шығыс Дешті Қыпшаққа  билік етуді мақсат еткен Қазақ хандығы, 1468 жылы Әбілқайыр хан өлген соң, Әбілқайыр хандығының әлсіреген тұсын ұтымды пайдаланып, Қаратаудың солтүстігіндегі Созақ қаласы мен біршама майда бекіністерді өздеріне қаратып алады. Қазақ хандығының алғашқы дәуіріндегі осы кезең туралы Қазақстан тарихы: «1470 жылдың қысына карай қазақ әміршілері Түркістанда (бұл жерде Түркістан аймағы туралы айтылып отыр) едәуір ілгері басты. Жәнібек ханның үлкен ұлы Махмуд сұлтан Қаратау етегіндегі Созақты алды. Басқа бір ұлы Еренші сұлтан Сауранды иеленді, енді Керей ханның өзі Түркістанға жақындап келді. Қаратаудың оңтүстігіндегі қазақтардың іс - қимылының жандануы Мұхаммед Шайбаниді Мауранахрға Темір ұрпақтарының қол астына шұғыл түрде кетуге мәжбүр етті, дей келе, Сыр өңіріне жасалған алғашқы шабуылдың нәтижесінде қазақ әміршілері өздеріне Сауран мен Созақты бекітіп алды,»-деп атап көрсетеді. (Қазақстан тарихы. Бес томдық. ІІ том «Атамұра» 2010ж) Сыр өңірінің жайылымдары мен Түркістан аймағындағы қалалар үшін Қазақ хандығы мен Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани арасындағы күрес, Мұхаммед Шайбанидің бұрынғы Әбілқайыр хандығын қалпына келтіре алмауы және Жошы ұрпақтарының түрлі тармақтарының шығыс Дешті Қыпшақтағы көшпелі және жартылай көшпелі өзбектерге өз билігін жүргізуге дәмеленуі, осы аймақтағы этникалық және саяси процестің жылдамдауына әсері мол болды.

    Тарихтың осы тұсында, қазақ даласындағы бұрынғы «Көшпенді өзбектер» мен «Отырықшы өзбектер» шаруашылық жүргізу әдістеріне қарай екі бөлікке бөлініп, «қазақтар» мен «өзбектер» болып бір-бірінен алыстай берді.

     Бір сөзбен айтқанда, XV ғасырдың соңғы ширегінде, тарих сахнасына қазақ халқының шығуына байланысты, бұрынғы «Көшпелі өзбектер» мемлекетіндегі «көшпелі өзбектер» мен «отырықшы өзбектер» «қазақ» және «өзбек» болып екі түрлі этносқа бөлініп, екі түрлі шаруашылық жүгізу формасын таңдап, салт дәстүр мен этникалық айырмашылықтары барған сайын тереңдей берді.

     Түркістан аймағындағы қалалар үшін болған соғыста, Қазақ хандығының серпінді қимылы, Мұхаммед Шайбаниді Бұхараға қашып кетуге мәжбүр етеді.

     Екі жылдан соң Темір ұрпақтарынан әскери көмек алған Мұхаммед Шайбани Түркістан өлкесіндегі Аркөк,Сығанақ секілді қалаларды басып алады. Сығанаққа арқа тіреп, өз ықпалын күшейткісі келген Мұхаммед Шайбани, Қаратаудың солтүстігіндегі Созақ қаласын басып алуға аттанады. Орта ғасырлық тарихи еңбек «Таварих – и гузида-ий нусрат-намада»,Созақ қаласы үшін болған Мұхаммед Шайбани мен Қазақ әскері арасындағы дәл осы шайқас туралы: «Мұхаммед Шайбани мен Қазақ әскерлерінің арасындағы шайқас, Қаратау тауының Соғұнлық асуында өтті. Шайқаста Жәнібек ханның ұлы, Созақ қаласының әміршісі Махмуд сұлтан қаза тапса да, Мұхаммед Шайбани жеңіліске ұшырады,» - деп жазады. Бұл тарихи еңбектегі «Соғұнлық» асуы, қазіргі Созақ ауылдық әкімшілігі териториясына қарасты Суындық асуы екенін оқушы қауымның біле кеткенін жөн деп есептейміз.

     Суындық асуында өткен осы шайқас туралы Мұхаммед Шайбанидің жеке тарихшы – шежірешісі, Камал ад-дин Әли Бинай өзінің «Шайбани – наме» атты орта ғасырлық еңбегінде, Мұхаммед Шайбани ханды қанша көтеріп мақтағанымен, Шайбани хан Созақты басып алды деп жаза алмай, «Созақ бекінісін алуға Шайбани хан әрекет жасамады, ол көп олжа түсіріп, Сығанаққа қайтып оралды,»-деп, тарихи фактіні бұрмалап жазғанын тарихшы ғалымдар бір ауыздан атап өтеді.

     Өзінің ханын мақтап, тарихи фактыны бұрмалап жазу орта ғасырдағы хандардың жеке тарихшы – шежірешілерінің көбіне тән үйреншікті әдет болғанын Л.Н.Гумилев, Э.Харе – Даван секілді тарихшыдар өз еңбектерінде жазып көрсеткені белгілі.

     Суындық асуындағы жеңілістен соң, Мұхаммед Шайбани хан Түркістан аймағынан кетуге мәжбүр болған. «Шайбани – наменің» жазуы бойынша ол Маңғыстауға, ал «Таварих – и гузида – ий нусрат намедегі» деректер бойынша ол Хорезмге кеткен.

     XV ғасырдың аяғына қарай ұзақ уақыт күрестің нәтижесінде, Қазақ хандығы мен Шайбани хан арасындағы келісім шарт бойынша Отырар, Йасы, Аркөк, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани ханға қарады да, Сығанақ, Сауран,Созақ қалалары мен Түркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының құрамында қалды.

     Ал, Ташкент пен Сайрам қалалары Моғолстан хандығының құрамына кірді.                   Қазақ хандығы нығайып, ел ішінде аз уақытқа бейбітшілік орнағандай болады.

     Үш жүзге бөлініп, «қазақ» деген атауға ие болған, тілі,діні,әдет – ғұрпы мен шаруашылық жүргізу формасы бірдей, көшпелі түркі тайпаларынан құралған Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірі, XV ғасырдың аяғына қарай осылай аяқталды.

     Алда қазақ халқын тарихтың сан - қилы сынақтары күтіп тұр еді...

     Енді, Қазақстанның көне шаһары Созақ қаласы туралы бірер сөз.

     Тарихшы ғалымдарымыз Ә.Марғұлан, К.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, З.Акишов, А.Н.Бернштам секілді белгілі тарихшы ғалымдардың археологиялық зерттеу жұмыстары бойынша жазылған ғылыми еңбектеріндегі пікірлерге қарағанда, Созақ қаласы Қаратаудың солтүстігіндегі керуен жолының бойында Х ғасырларда пайда болған.

     Орта ғасырлық еңбектер – тарихи дерек көздерінің барлығында дерлік, Созақ қаласының аты аталады.Солардың бірі, орта ғасырлық тарихи еңбек Рузбихан Исфаханидің «Михман – наме – ий – Бухара» еңбегінде: «Түркістан аймағында отыз қала бар, соның бірі – Созақ қаласы,»-деп атап жазады.

     Созақ қаласының тарихы XIII-XV ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы «Ақ Орда», «Әбілқайыр хандығы», «Қазақ хандығы» секілді мемлекеттердің тарихымен ғана емес, ұлтымыздың қалыптасып, бірігу тарихымен де тығыз байланысты.

     Қазақ әдебиетінің зор табысы, ұлтымыздың бес жүз жылдық тарихын көркем бейнелеген, тарихи – трилогия «Көшпенділердің» авторы І.Есенберлиннің жазуынша, Созақта қазақтың екі ханы – Әбілқайыр мен Жәнібек хан жерленген.

     Ал, кейбір қазақ тарихына қызығушы әуесқой оқырман – зерттеушілеріміз: «Жоқ, Ілияс Есенберлиннің жазуынша, Жәнібек хан Созақта емес, Жуантөбеде жерленген,»-дейді.

Осы бір оқырмандар таласы аракідік баспасөз беттерінде де көрініп қалып жүр.

     Оқырмандардың бұл пікір таласы туралы біздің айтпағымыз мынау: Көркем шығарма еш уақытта тарихи документ бола алмайды.

     І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын қанша жерден тарихи шығарма десек те, ол – жазбаәдебиет үлгісіндегі көркем шығарма.

    Ал, көркем шығарма, тағы да қайталаймыз, тарихи документ емес, ол – жазушы қиялының жемісі.

     Десек те, І.Есенберлиннің «Көшпенділері», бұл – орта ғасырлық тарихи еңбектерге негізделе жазылған, көркемдік сапасы аса жоғары, тарихи шығарма екендігін мойындауымыз керек.Жазушы «Көшпенділер» трилогиясын жазарда орта ғасырлық дерек көздері , тарихи еңбектердің барлығының дерлік түпнұсқасымен танысып, тарихи көркем шығармасын жазуға үлкен даярлықпен келгені көзге бірден көрінеді.

     Созақта жерленген екі хан туралы оқырмандарды жаңылыстырып жүрген бір мәселе бар. Ол туралы шамалы кейіндеу.Ал, әзірге жазушы І.Есенберлиннің өзіне сөз берейік. «Көшпенділерден» үзінді: «Кенет тағы бір хабар жетті.Қырық жылдай бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауренахр, Қорасанды тітіркенткен Әбілқайыр хан о дүниеге сапар шегіпті. Зірік талдай сарғая бастаған денесін ыстық күнге бұзылып кетпесін деп, Бахтияр баһадүр мен Қарашың батыр, бал толтырған алты құлаш астауға сап, Созақ мединасына алып келіпті.Бұл шаһар қазақтардың қолында болса да, өлімге дауа бар ма, алтын сырмен атын жазып, арнаулы қара мәрмәр таспен мазар ойып, құрметтеп жерлепті(Көшпенділер. Тарихи трилогия, 204-бет, Алматы «І.Есенберлин атындағы қор» - 2002 жыл)

     Ары қарай оқиық: «Жәнібектің денесін ақ кигізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмут билеп тұрған Созаққа беттеді. Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханның бірі, Жәнібекті ардақтап ақырғы сапарына шығарып салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді мазардың жанында тағы бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі жүргендерінде бүкіл Дәшті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан, енді он шаршы құлаш жерге қатарласа көмілді.(Көшпенділер. Тарихи трилогия, 216-бет, Алматы «І.Есенберлин атындағы қор» - 2002 жыл)

    Байқап отырғандарыңыздай, І.Есенберлиннің жазуы бойынша екеуі де Созақ шахарына жерленген. Бірақ, көптеген оқырман І.Есенберлиннің «Көшпенділері» бойынша, Жәнібек хан мен Әбілқайыр хан қатар жерленген Созақ шаһарындағы Жуантөбені, Созақ ауданының,  «Көкше» құмындағы бұрынғы «Жуантөбе» кеңшарының нөмірі төртінші фермасының қыстауындағы Жуантөбемен шатастырады. Жазушының суреттеуі бойынша, сол кездегі Созақ шахарында Жуантөбе деген төбе болған. Сол төбеде қазақтың екі ханы қатар жерленген.

     Жазушы, тәрбиелік мәні бар астарлы ой үшін, тірісінде қазақтың кең даласына сыймаған екі ханды, бір төбеге қатар жерлеген секілді. Философиялық ойы мен тәрбиелік мәні аса жоғары өте сәтті шыққан көркемдік шешім! Бірақ, бұл тарихи құжат емес. «Көшпенділер» тарихи трилогиясы бойынша , Жәнібек ханды екініші баласы Махмут сұлтан билеп тұрған Созақ шахарына жерлейді.

     Орта ғасырлық тарихи еңбектер «Таварих-и гузиде-ий нусрат-наме» мен Камал ад-дин Али Бинай жазған «Шайбани намеде» Жәнібек ханның кезінде де Жәнібектен соң хан болған Бұрындық ханның тұсында да, Созақ қаласын Жәнібек ханның баласы Махмут сұлтан билегенін бір ауыздан қосыла жаздады.

     Айта кететін тағы бір мәселе, орта ғасырлық тарихи еңбек Әбілқайыр ханның жеке тарихшы – шежірешісі Масуд Кухистани жазған «Тарих-и Абул-хайр-хани» еңбегінде Әбілқайыр хан Сығанақта жерленген десе, тағы да бір орта ғасырлық еңбек «Тарих-и Кипчак-ханидің» жазуы бойынша Әбілқайыр хан Созақта жерленген дейді.

     Мүмкін, жазушы «Тарих-и Кипчак-ханидегі» дерек бойынша Әбілқайыр ханды Созақта жерледі деп жазған шығар.Әбілқайыр ханның қайда жерленгені туралы деректі, менімше әлі де болса зеттей түсу қажет.

     Ал, Жәнібек ханға келетін болсақ, меніңше ол Созақта жерленген сияқты.                     Олай дейтінім, сол кездегі Созақ қаласы Қазақ хандығының басты тірек қаласы, қазіргі тілмен айтқанда астанасы болып тұрған Созақ қаласын Жәнібек ханның екінші баласы Махмут сұлтанның өзі басқарып, қаланың әміршісі болуы, Қазақ хандығы үшін Созақ қаласының қандай маңызға ие болғандығын білдірсе керек. Қалай десек те, сол кездегі Созақ қаласының әміршісі, Жәнібек ханның баласы Махмут сұлтанның болғаны анық. Бұл деректі орта ғасырлық тарихи еңбектер «Шайбани – намеде», «Таварих гузиде-ий нусрат-наме» де растайды.Алаштың ардақты ханы, білгірлігі мен әділеті үшін халық арасында                      «Әз Жәнібек» атанған Жәнібек ханды, баласы, Созақ қаласының әміршісі, Махмут сұлтан өзі басқарып тұрған, сол кездегі қазақ хандығының тірегі болған, орта ғасырлық дамыған қала Созақта жерлемегенде, қай жерде жерлеуі мүмкін?!

     Тарихи деректер мен логикалық жүйеге сүйеніп айтар болсақ, Жәнібек хан Созақ  қаласына жерленген деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Басқаша қалай болуы мүмкін?!Қазіргі Созақ аулының ішіндегі ескі қаланың орнында «Хан мазары», «Бура хан» деген атаулар бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Жәнібек ханды біз сол, қазақтар «Хан мазары», өзбектер «Бура хан» деп атайтын Созақ шахарындағы ескі қаланың орнында жерленген деп ойлаймыз.

     Біздің айтайын дегеніміз, Қазақстан тарихы мен орта ғасырлық тарихи дерек көздерінің барлығы да Қазақ хандығының алғашқы дәуірінде, Қазақ хандығы күшейіп, Дәшті Қыпшақ пен Сыр бойындағы қалаларды өзіне қаратқанға дейінгі уақытта, яғни 1465 жыл мен 1510-20 жылдарға дейін жарты ғасырдан астам уақыт (бұл аз уақыт емес) Қазақ хандығының тірек қаласы – Созақ шахары болғандығын бірауыздан мойындайды.

     Сондықтан да болу керек, ғұлама ғалым, тарихымыздың абыз ақсақалы,академик Ә.Х.Марғұлан: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде, қазіргі Созақ поселкасының жанында, сол аттас қала бар. Ол қазақ жерін бірлестірудің бастапқы кезеңінде, Қазақ хандарының тірегі болған,»-деген сөзінде тұңғиық терең тарихи сыр жатқан секілді.

     Орта ғасырлық тарихқа орта ғасырлық көзқараспен қарау керек, сонда ғана біздің тарихи танымымыз тереңдейді. Сол кездегі отырықшы мәдениет пен көшпенді мәдениетті қатар ұстаған Қазақ мемлекеті үшін «астана» деген түсінік болмауы да мүмкін. Тіптен сол «астана» деген сөздің өзі де күнделікті қолданыста болмаған шығар.

     Бірақ, тұрғылықты халқы бар мешіті мен діни оқу орындары, көшпенді тайпалардың күнделікті тұрмыс қажетін өтейтін шағын кәсіпорындары мен сауда орталықтары бар, жаз жайлауға шығатын қазақ хандарының алты ай қыста орнығып отырып мемлекет мәселелерін шешетін, Қазақ хандығының тірек қалалары болғандығы айдан анық.                                          Бұл – қажеттіліктен туған тарихи жағдай болатын. Сондықтан да Қазақ хандығының алғашқы дәуірінде, Созақ қаласының қазақ мемлекетінің тірек қаласы болғандығы ақиқат дүние! Бірақ сол тірек қала «астана» деп аталды ма, «орталық қала» деп аталды ма, ол маңызды емес.

     Маңыздысы, Қазақтың ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығы құрылып , өмір сүруін бастады. Ең маңыздысы осы!

     «Баталы елдің баласы, аталы сөзге тоқтаған,» - деген халқымыздың қасиетті қағидасы бойынша, Қазақ тарихы ғылымының абыз ақсақалы,академик Ә.Х.Марғұланның сөзін негізге ала отырып: «Созақ – Қазақ хандығының алғашқы тірек қаласы, астанасы болған,»-деген тоқтамға бірауыздан келетін уақытымыз жеткен секілді.

     Мемлекет болған жерде оның астанасы болады. Бұл – тарихи ақиқат!

     Ал, тарих, бұл – ғылым, идеология және тәрбие құралы!

     Тарихын түгелдеген ел ғана – «Мәңгілік ел» мұратына жете алады.

     Алла сол күнге жеткізсін! Әумин!!! 

Нұрғали Махан

О.Қ.О

Созақ ауданы

Ұлт порталы