28 мам, 2018 сағат 10:09

Қазақ даласына 70-ке жуық жабайы сұңқар жіберілді

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің сұңқарлар популяциясын сақтауда бірлесе атқарған жұмысы өз жемісін беріп отыр. Жуықта қазақ даласына алпыс сегіз жабайы сұңқар жіберілді. Бұл туралы WAM агенттігі жазады.

Кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде қаптай ұшатын сұңқарлар өкінішке қарай қоршаған орта мен адами факторлардың салдарынан бүгінгі таңда құрып кетудің алдында тұр. Осы себепті екі елдің өкілдері Қазақстанда құстың аталмыш түрін сақтап қалу мақсатында күш біріктірді. Сұңқарларды еркіндікке жіберуді көздейтін бұл серіктестік Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Шейх Зайдтың Қоры мен Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің арнайы бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Қазақстанның даласына сұңқарлардың жіберілгенін жария еткен Абу-Дабидегі қоршаған орта бойынша агенттіктің басқарушы директоры Мұхамед әл-Бабари қордың атынан сөз сөйлеп, Абу-Дабидің сұңқарлардың популяциясын сақтауда күш салып жатқанын, сұңқардың көптеген халық үшін тарихи және мәдени маңызы барын, әсіресе сұңқар ҚР мен БАӘ үшін маңызды символ екенін атап өтті.

Оның айтуынша, табиғатта сұңқарлардың популяциясын күш біріктіру арқылы ғана сақтап қалуға болады.

68 сұңқар құтқарылып, Әбу-Дабидегі арнайы клиникада күтімде болған. Одан кейін ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің жіті бақылауымен қор арқылы бостандыққа жіберілген. Құстарды еркіндікке ұшыру әлеуетті орындар жіті зерттелгеннен кейін ғана жүргізілген. Қазақстанның географиялық орналасуы мен топологиясы сұңқарларды жіберуде теңдессіз орын болып табылады.

12 құсқа спутниктік құрылғылар бекітілді. Олар сұңқарлардың ұшу траекториясын анықтап, ғылыми мәліметтерді жинауға септігін тигізеді. Бұл қордың бағдарламасын басқаруға және сұңқарлардың Қазақстанда және өзге елдерде өмір сүріп кетуін жақсартуға жол ашады. БӘА-ның негізін қалаушы, қайтыс болған шейх Зайд ибн Сұлтан әл Нахайян құрған қор құрылғаннан бастап 1995 жылға дейін 1800 сұңқарды әртүрлі елдерге ұшырған (соның ішінде Пәкістан, Қырғызстан және Қазақстан бар).

Сұңқарлардың популяциясын сақтау саласындағы көшбасшы ретінде Әбу-Даби әлемде бірінші болып сұңқарларды оңалтатын клиника ашқан. Сонымен қатар, Әмірлікте сұңқарлардың барлық түрлерін саудалауды лицензиялауға қатаң жүйе енгізілген.