06 мам, 2020 сағат 12:09

Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының онлайн дөңгелек үстеліне қатысқан басшыларының ашық хаты

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға

Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының онлайн дөңгелек үстеліне қатысқан басшыларының ашық хаты:

Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

Қазақ тілі - қазақ халқының жаны болса, қазақ баспасөзі - оның қозғаушы күші. Осы аптада сіз «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатыңызда «Ұлттық қауіпсіздік тілімізді құрметтеуден басталады» деп Тілімізді саясат төріне шығардыңыз. Бұл перзенттік үніңіз ұлт жанашырларын тебірентті, үмітімізді оятты. Иә, ұлттық мүдде сынға түскенде ең алдымен шырқырап ара түсетін де, жазатын да, тілін де қорғап жүрген Қазақ баспасөзі екенін сіз жақсы білесіз. Сондай-ақ ол билік пен халық арасындағы алтын көпір ретінде де маңызды рөл атқарып келеді. Ұлттық идеологияның, елбасымыздың «Рухани жаңғыру» «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының, өзіңіздің халыққа жолдауыңыздың өмір өзегіне айналуына, мемлекетіміздің гүлденуі мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Қазақ баспасөзінің жағдайы қазір аса мәз емес. Бәлкім, сіз бұл жағынан бейхабар боларсыз. Бірақ ащы шындық солай. Мұның себеп-салдары сан алуан. Әсіресе әлемді Коронавирус індеті жайлағалы бері, сондай-ақ дағдарысқа байланысты Қазақ баспасөзіне қауіп одан сайын күшейе түсті. Себебі біздің елімізде төтенше жағдай, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және республикамызда жаппай карантин жарияланды. Осы төтенше жағдай кезінде халқыңызға мәлімдемелер жасап, көптеген шараларды жүзеге асырдыңыз. Қарапайым бұқара алғысын айтып жатыр. Жақында жасаған кезекті мәлімдемеңізде елге тек әлеуметтік жағынан ғана емес, рухани қолдау көрсеттіңіз. «Халыққа жедел және шынайы ақпарат беріп жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын» дедіңіз. Бұл да болса бізге зор демеу. Енді қазақ баспасөзіне төніп тұрған қауіптерге тоқталайық. Біздің күнкөрісіміз Баспасөзге жазылу, одан кейін мемлекеттік тапсырыстар (Министрліктерден, облыстардан). Қазір бұл жолдар жабылатын түрі бар. Алты айлық жазылу науқаны сәуір айында басталды. Бұл науқан тоқтап тұр. Яғни пандемиядан кейін қазақ газет-журналдардың жағдайы қаржылық жағынан одан сайын қиындайтыны сөзсіз. Төменде дөңгелек үстелге қатысушылар осындай көкейтесті мәселелерді сараптап, талқылап, сіздің назарыңызға ұсынып отырмыз. (Дөңгелек үстел 20 ақпанда («Qazaqstan dauiri» №8) өткенмен қатыспай қалған мерзімді басылымдардың басшыларымен онлайн байланыс арқылы жалғасты https://qazdauiri.kz/?p=16721).

Соңғы жылдары барлық мерзімді басылымдардың жазылу таралымы әртүрлі себептермен күрт азайды («Егемен Қазақстаннан» басқа). Ғаламтор, әлеуметтік желі әсерлерін айтпағанда соңғы кездері әкім- қаралар, мектеп директорлары «Біз ешкімді күштеп жаздырта алмаймыз» деген желеу айтуы салдарынан мерзімді басылымдарға теріс көзқарас қалыптасты. Баспасөзді оқымау ол надандыққа бей-жайлылыққа, рухани жаңғырмауға, сауатсыздыққа деген тікелей жол салу деп білеміз. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде мұндай теріс көзқарас мүлдем жоқ. Оларда газет, журнал оқу мәдениеті әрқашанда жоғары. Қазір ақпаратқа деген халықтың сұранысы артып отыр. Мерзімді басылымдарға қаржылай және рухани жағынан олар қамқорлық жасап отырады. Ол мәселені шетелдерде көп зерттеген сіз жақсы білесіз. Біз мерзімді басылымдардың таралымын көбейтудің бірнеше жолдарын ұсынамыз.

  1. Басылымдардың, соның ішінде қазақ газет-журналдарының таралымын көбейтуге еліміздегі кітапханалар жүйесі айрықша ықпал етеді. Нақты санын айтар болсақ, 11 мыңдай кітапхана бар. Оның сыртында мектептерде де 7 мыңдай кітапхана жұмыс істейді. Оларға қазақ тіліндегі мерзімді басылымдарды жаздырып алуға бөлінетін қаржыны көбейту керек. Бір-бірден жазылғанның өзінде тек кітапханалар жүйесі арқылы таралымымыз 18 мыңға жетер еді. Осы мәселеге өзіңіз тікелей ықпал еткеніңізді қалаймыз.
  2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан «Ақпараттық-сараптамалық комиссия» құрылса, жөн болар еді. Сонда ол комиссия бізбен тікелей жұмыс істер еді.
  3. Тәуелсіз басылымдар мемлекеттік тапсырыстан әрқашан тыс қалады. Бұл басылымдарға да мемлекет қаржысымен шығып жатқан басылымдар секілді оң көзқарас қажет. Оның сыртында тапсырыс берілгенде газет, журнал таралымы жөніндегі шарты алынып тасталып, дотация беру жағын қарастыруға ықпал етсеңіз дұрыс болар еді. Облыстардан, министрлік тарапынан тапсырыс көлемі арттырылса және ол конкурстан тыс болғаны жөн. Ол сонда бүгінде қиындық қыспағында қалған қазақ басылымдарына оң ықпал етері даусыз.
  4. Кеңес өкіметі кезінде мерзімді басылымдар арнайы ғимарат орындарымен қамтамасыз етілді. Мәселен, республикалық деңгейде «Дәуір кешенді баспасы» үйі болды. Онда газет-журналдардың редакция ғимараты, арнаулы баспахана, спорт залы, мәдениет үйі бар болатын. Жекешелендіру кезінде республикалық басылымдардағы журналистердің маңдайтер қаржысымен салынған осы кешенді баспа үйі әлдекімнің меншігі болып кетті. Сондықтан да бұл мәселе қайта қаралып, өздеріне қайтарылуы қажет. Немесе жаңа Кешенді Баспасөз үйі Алматы қаласында бой көтерсе құба-құп болар еді. Осыған ықпал етуіңізді сұраймыз.
  5. Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке орай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Айлық жалақысы 20-30 мыңнан аспайды. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді.
  6. Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені де күн тәртібіне қойсаңыз.
  7. Қазір газет-журнал сататын дүңгіршіктер жұмыс істемейді. Тіпті, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, министрлік тарапынан іс қозғауға ықпал етуіңізді сұраймыз.
  8. Елімізде Ресейлік БАҚ-тар үлес салмағы едәуір. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетімізде ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз.

Міне, көріп отырсыз, бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп еліміздің даму деңгейін арттыруға, экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қосар едік.

 

Зор құрметпен:

1) Сәуле Мешітбайқызы, «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері

2) Мағира Қожахметова, Балалардың республикалық «Балбұлақ» журналының, «Дертке дауа» медициналық-танымдық, республикалық газетінің бас редакторы

3) Марат Тоқашбай, «Президент және халық» газетінің бас редакторы, Қазақстанның педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор

4) Талғат Айтбайұлы, республикалық «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы, Ұлт қайраткері

5) Досымбек Өтеғалиев, «Заң» медиа корпорациясы, ЖШС басшысы, («Заң» газеті, «Юридическая газета»)

6) Ертай Айғалиұлы, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі

7) Қали Сәрсенбай, «Алматы ақшамы» газетінің бас директоры, бас редакторы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Президент сыйлығының лауреаты

8) Қымбат Әбілда, Республикалық «Айгөлек» журналының автор-редакторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемінің ақпарат саласының үздігі

9) Дәурен Қуат, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықарлық «Алаш» әдеби сыйлығы мен түркі халықтарының М.Қашақри атындағы сыйлығының лауреаты, «Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері

10) Қазыбек Иса, «Қазақ үні» газетінің президенті, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» орденінің иегері, ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі, ақын

11) Срайыл Смайыл, «Jas qazaq» газетінің бас редакторы, ҚР Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты

12) Болат Батыр, Республикалық «Үш қоңыр» газетінің бас директоры, бас редакторы

13) Нұрлыбек Саматұлы, Республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем көпшілік журналының бас редакторы, жазушы

14) Шолпан Ұғыбайқызы, «Ақ босаға» газетінің құрылтайшысы, бас редактор, «ҚР Президенті жанындағы Отбасы және демографиялық саясат комиссиясы ұйғарған «Әйел басқарған үздік кәсіпорын» басшысы, ҚР  мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасы, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің, ҚР Журналистер Одағы Н.Құлжанова атындағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі

15) Саят Қамшыгер, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, «Серпер» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі.

(Хат карантин кезінде жазылып отырғандықтан қол қою мүмкіндігі болған жоқ. Тұлғалар хатты оқып, толық келісімін берген)