03 қыр, 2021 сағат 19:24

Қаулы: QazCovid-in вакцинасын егу және сақтау тәртібі бекітілді


ҚР Бас санитар дәрігері Ерлан Қисяовтың 3 қыркүйектегі қаулысы бойынша QazCovid-in вакцинасын егу және сақтау тәртібі бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«QazCovid-in вакцинасын шығару нысаны: 0,5 мл (бір доза), 1,0 мл (екі доза), 1,5 мл (үш доза), 2,5 мл (бес доза), сыйымдылығы 3 мл, резеңке тығынмен тығындалған және Flip-off типті пластикалық қақпағы бар металл қалпақпен оралған, Ι сыныптағы түссіз шыныдан жасалған құтыда болады», - деп жазылған құжатта.

Сондай-ақ, вакцина құтысы келушілердің саны ішіндегі доза санына сәйкес реттеліп ашылатыны айтылған. Бір рет инемен тесілген құтыдағы артылған вакцинаны тиісті температурада 4 сағат бойы сақтауға болатыны көрсетілген. 

«Инемен тесілген орнын спиртпен өңдеп, вакцина дозасын алғаннан кейін ішінде вакцинасы бар ашылған құтыны бірден құтыда ашылған уақытын көрсете отырып, температурасы плюс 2-ден плюс 8ºС-қа дейінгі тоңазытқышқа орналастырады. Бұл ретте вакцинаның ашылған құтысын 4 сағатқа дейін сақтауға жол беріледі», - деп жазылған қаулыда. 

Құжаттың мәтінімен мына сілтемеден танысуға болады.