21 мам, 2021 сағат 16:14

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ЖЕЭК отырысы басталды


Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы жұмысын бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің барлығының Президенттері онлайн режимде қатысып отырған іс-шара барысында одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың қорытындысы, 2020 жылғы халықаралық қызметтің негізгі бағыттарының іске асырылуы сынды мәселелер қарастырылмақ. Мұнан бөлек, ЖЕЭК-ке қатысушы елдердің басшылары мүше мемлекеттердің 2021-2022 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдары, медициналық мақсатта пайдалануға арналған фармацевтикалық субстанциялар мен дәрі-дәрмек өндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы мәселелерді қозғайды.

Отырыста Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйлейді деп күтіледі.

Сондай-ақ Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы бақылаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысуда.

Осыған дейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы өтетінін хабарлаған болатынбыз. 

Жиын «Хабар24» телеарнасы мен ҚР Президенті Баспасөз қызметінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан тікелей эфирде көрсетіледі.