Kaspi Bank бұрынғы қызметкерін іздеп жатыр. Ол туралы ақпарат берушіге 10 млн теңге сыйақы тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" банктің Instagram парақшасына сілтеме жасап.
Павлодар қаласында Kaspi Bank қызметкері болған Руслан Сексембаев банк клиенттерін кепілдегі жылжымайтын мүлікті сатып алуға көмектесемін деген уәдемен өзінің шотына қаражат аудартып отырған.
«Қазір полиция іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Kaspi қылмыскерді тауып, жазалау, клиенттердің мүдделерін қорғау мақсатында құқық қорғау органдарымен белсенді жұмыс жүргізуде. Алаяқтың қазіргі орналасқан жері туралы ақпарат үшін Kaspi 10 000 000 теңге мөлшерінде сыйақы тағайындайды», - делінген хабарламада.
Банк өкілдері күдікті туралы деректерді +7 705 211 16 93 телефон нөмірі арқылы Kaspi-дің қауіпсіздік қызметіне хабарлауға болатынын айтып отыр.
«Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз осы адамның әрекеттерінен зардап шексеңіздер, Павлодар қаласының құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуіңізді сұраймыз. Банкпен жасалатын барлық қаржылық қатынастардың шартпен бекітілетінін естеріңізге саламыз. Банк ешқашан біреудің шотына қаражат аударуды талап етпейді», - делінген ақпаратта.