Мектептегі балалардың жартысы «өзін мойындату» үшін интернетте бейтаныс адамдармен танысса, сол танысқандардың үштен бір бөлігі танысқан бейтаныс адаммен кездесуге барады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында «Өзіңді және жақындарыңызды буллинг және кибербуллингтен қалай қорғауға болады» тақырыбында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің елімізде соңғы уақытта цифрландыру айтарлықтай алға өрлеп келе жатқаны сондай, балалардың көбінде смартфон немесе планшет бар. Өкініштісі сол, мобильді құрал балалар үшін танымдық, әлеммен байланыстыратын құрал емес, ата-ананың уақытын алмас үшін қолданылатын құрал сияқты болып қалды. Смартфон, планшет балалар үшін тәуелділік құралы болып барады. Ата-ана баласының онда не істеп отыратынын қадағаламайды, себебі қадағалайтын уақыты да күш-жігері де жоқ», - дейді Орталық Азиядағы, ТМД және Балтық елдеріндегі Касперский зертханасының басқарушы директоры Евгений Питолин.
Оның айтуынша, ата-аналардың 40%-ы балаларының қайда, не істеп жүргенін қадағылары келеді, бірақ қалай қадағалауға болатынын білмейді.
«Ата-ана баласына көңіл бөлуге, қолдап-қолпаштауға уақыт таппаған кезде бала назарды басқа ортадан іздей бастайды. Бәлкім қатарластарынан қолдау іздейді, бірақ олар бір-бірін келеке етіп, намысқа тиеді. Осындай жағдайда бала интернеттегі бейтаныс адамдармен танысуды жөн деп табады. Мектептегі балалардың жартысы «өзін мойындату« үшін интернетте бейтаныс адамдармен танысса, сол танысқандардың үштен бір бөлігі танысқан бейтаныс адаммен кездесуге барады. Осының арты қайғылы оқиғаларға ұласып жатады. Біздің зерттеу бойынша, мектептегі оқушылардың жартысы әлеуметтік желіге аты-жөні кім, неше жаста, қай мектепте оқитыны, қай мекенжайда тұратыны, тіпті неге қызығып, неге әуестенетіні туралы барлық мәліметті жазады. Шын мәнінде ата-ана баласы туралы көп нәрсе біле бермейді. Кибербуллингтің салдары балаңыз туралы ақпарат тарап, ақшадан айырылу ғана емес, ең қорқыныштысы - бала күйзеліске түсіп, өзін бағалауы төмендеп, жағдай суицид жасаумен аяқталуы мүмкін. Мұның бәрі ата-ананың баласын назардан тыс қалдыруының салдары», - дейді ол.
Ол ата-аналарға үш кеңес айтты.
«Біріншіден, ата-ана балаға мейірім, жанашырлық таныту керек. Екіншіден, цифрлық технологияны меңгермеген болсаңыз - балаңыздың немен айналысып жүргенін қадағалай алмайсыз. Баланың алдында беделіңізді түсіріп алмаңыз. Үшіншіден, балаңыздың қайда жүргенін, не көріп отырғанын қадағалауға мүмкіндік беретін технологиялар бар және ол қолжетімді. Осы үш нәрсені қолға алсаңыз - балаңызды буллингтен қорғай аласыз», - дейді Евгений Питолин.