17 ақп, 2022 сағат 17:40

Кәсіпорындарда өнім бағасының өсу қарқыны аздап баяулады - Ұлттық банк


ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2021 жылдың IV тоқсанындағы кәсіпорындар мониторингінің нәтижесін мәлімет берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2021 жылдың IV тоқсанында сауалнамаға 3334 кәсіпорын қатысты, олардың ішінде 1578 ірі және орташа кәсіпорын болды. Мониторинг қорытындысы бойынша, нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келу процесі жалғасып келе жатқаны байқалып отыр. Дайын өнімнің, шикізат пен материалдар бағасының өсу қарқыны аздап баяулады, сондай-ақ активтер мен айналымдағы қаражаттың қозғалысы қарқын алған сәтте дайын өнімге сұраныс өсті.

Кәсіпорындарда өндіріс қуатының жүктемесі айтарлықтай өзгерген жоқ, жүктеменің орташа салмақталған деңгейі 54,2% (III тоқсанда – 54,0%) болды. Өндіріс көлемінің өсу қарқыны баяулады, алайда диффузиялық индекс (бұдан әрі – ДИ) бұрынғыдай оң аймақта тұр (50,7). Кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныс өскені байқалады, индекс 50,6-дан 52,5-ға дейін өсті. Тауарларды өндіру (54,1) және қызмет көрсету (50,8), тау-кен (56,3) секторларында және өңдеу өнеркәсібінде (55,2) көрсеткіш жақсарды.

Жалпы экономика бойынша, кәсіпорындарда өнім бағасының өсу қарқыны аздап баяулады, ДИ 61,5 құрады. 2022 жылдың I тоқсанында кәсіпорындар дайын өнім бағасының өсу қарқыны баяулайды деп күтеді.

Кәсіпорындарды кредиттеумен байланысты жағдай біршама жақсарды. IV тоқсанда сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 17,2% (III тоқсанда 18,0%) банкке кредит алуға өтініш берді, олардың 98,8% (III тоқсанда 96,5%) кредит алды. Кәсіпорындардың көпшілігі (81,1%) кредитті айналым қаражатын (материалдар, шикізат, жартылай дайын өнімдер және т.б. сатып алу) қаржыландыруға тартты.  

Бұрынғыдай кәсіпорындар Қазақстан экономикасының жай-күйі бизнес жүргізуге кедергі келтіретінін айтады. Бұны сауалнамаға қатысқан кәсіпорындардың 35,5%-ы растады. Басқа кедергілер: бәсекелестік (29,0%), салық деңгейі (22,4%); өнімге деген сұраныс (21,9%); білікті мамандардың жетіспеуі (19,0%). Маңыздылығы бойынша қаржыландыруға қолжетімділік 9-орында (10,9%) тұр.

Нақты сектор кәсіпорындарына жүргізілген сауалнаманың жиынтық бағасын білдіретін композиттік озыңқы индикатордың (КОИ) серпіні нақты секторда экономикалық белсенділіктің қалпына келіп жатқанын көрсетті, КОИ 100,4-ге дейін өсті. 2022 жылдың I тоқсанында экономикалық белсенділік тоқтаусыз артады деп күтіледі (күтулер бойынша КОИ 100,2 болды).