Республика бюджетінен қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін қаржы бөлінген жоқ. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кеше қашықтан оқытуға қаржы бөлуге қатысты көтерілген мәселелерге орай бірнеше сөз айтқым келеді. Бүгінде БАҚ-та көптеген түрлі ақпараттар тарап жатыр. Біреулер қашықтан оқытуға 70 млн доллар бөлінді дегенді айтып жүр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, өткен оқу жылының 4-тоқсанында қашықтан оқуға көшіру мәжбүрлі шара болған.
«Бұл ақпарат шындыққа сай емес. Өйткені қашықтан оқыту осы жылдың сәуір айында ғана енгізіле бастады. 4-тоқсанда қашықтан оқытуды жүзеге асыру жайында айтар болсақ, оған қаражат бөлінген жоқ. Себебі сол уақытта, 4-тоқсанда біздің интернет-платформалар барлық ресурстарын ашып қойды. Төтенше жағдай режимі кезеңі болғандықтан, бұл толықтай тегін жасалды. Біз әріптестерімізге өтініш жасадық, олар қолдау көрсетті. Бұған қоса, 4-тоқсанда телевизиялық сабақтар да тегін түсіріліп, көрсетілді», - деді Асхат Аймағамбетов.