Тәуелсіздік жылдарынан бері тарихымызды қайта таразылау қолға мықтап алынды. Шындыққа жүгінсек, бұл игі іске мұрындық болған тарихшылар емес, үкімет, жоғарғы билік еді. Сонау «Мәдени мұра» бағдарламасынан тартып кешегі «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойына дейін қаншама бағдарламалар жолға қойылды, нешелеген іс-шаралар өткізілді.
Мұның ішінде «Абайдың 150 жылдық» мерейтойы, «Тараз қаласының 2000 жылдық» мерейтойы, 2015 жылғы «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойы қатарлылар ЮНЕСКО көлемінде, халқаралық деңгейде дүркіретіп өткізілді. Қысқа ғана уақыт ішінде еліміз экономика жағынан ғана емес, тарихи, мәдени жағынан да тұтас планетаға танымал болды. Бұл тұрғыда халқымыз археологтарға, архитекторларға зор алғыс айтуға тиіс. Сондай-ақ, өлкетанушыларға, тілтанушыларға, жазушы-қаламгерлерге, қысқасы, «әуесқой тарихшы» деп аталатын аса еңбеккер, ерек дарынды жандарға қарыздармыз. Егер олардың еңбегі болмаса, осынша ауқымды жұмыс атқарылмас та еді. Тіпті, әуесқой тарихшылардың көбі соншалықты зор еңбегіне қазынадан көк тиын ақы алған жоқ. Хош, деңіз. Енді тақырыпқа тіке кіріселік.
Тәуелсіз Қазақстан билігінің құтты құзырының қозғаушылық етуінде жаңаша бағытта көтерілген үлкен тақырыптардың бірі ұлы Шыңғысхан тарихы. Неге Шыңғысхан? Себібі, тұтас қазақ халқына және күллі әлем тарихшыларына тегіс түсінікті болғанындай, Шыңғысхан – барлық қазақ хандарының ата-бабасы, ал қазақ хандары – Қазақ мемлекеттілігінің негізін салушылар әрі оны жалғастырушылар. Міне, сондықтан да Қазақ тарихы Шыңғысханды ешқашан да айналып өте алмайды. Шыңғысхан қазақ мемлекеттігі үшін, қазақ ұлттық идеологиясы үшін ең ұлы, ең қасиетті тұлға. Екінші сөзбен айтқанда, Шыңғысхан – тұнып тұрған ұлттық идеология. Ал мемлекет идеологиясыз өмір сүре алмайды. Өкініштісі, кейбір елге танымал кісілер сол ұлы Шыңғысханға жала жауып, тіл тигізетін, не болмаса «моңғол» деп ұлттан алыстататын дәрежеге дейін жетіп жүрді. Шыңғысхан, Абай, т.б. ұлы тұлғаларымызды қаралау, іс-жүзінде қазақ халқын қаралау болып табылады. Жарайды, өткен өтті. Ендігі жерде, тәуелсіздікке ширек ғасыр толып жатқан мына заманда, ондай бассыздық жалғаса берсе, нағыз: «Жаман итті әндесең шаңырақтан тышады» дегеннің өзі болмақ.
Шыңғысхан тарихын зерттеудегі, шындығында қазақ тарихын зерттеудегі тағы бір үлкен кедергі – кейбір кісілердің «кәсіпқой тарихшы» деген атақты бетке ұстап алып, жалған ақпарат беруі немесе негізсіз, дәйексіз сөйлеуі. Олар мерзімді басылымдарды, ғаламтор сайттарын қоя салып, енді мемлекеттік телеарналарда еш шімірікпестен өтірік, тарихи деректік негізі жоқ дақпырттарды таратып, халықтың тарихи санасын шатастыратын деңгейге дейін жетті. Сөзіміз дәйекті болу үшін бірер мысал келтіре кетейін.
Жуырда «Ашығын айтқанда» (2016) ток-шоуында «Шыңғысханның тегі кім? Шыңғысхан моңғол ма, әлде қазақ па?» деген тақырыпта пікірсайыс өткізілді. Сонда Қаржаубай Сартқожаұлы мырза Құбылай қағанның бір орда тарихшысы 1224 жылы ең алғашқы, ең шынайы жылнамалық еңбек қалдырғанын айтты. Бұған, әрине, көп санды көрермен бас шұлғыды, сенді. Олар: «Моңғолдар ұлы халық екен ғой, ал біздер – қазақтар, солардың тарихына жармасып жүрген сорлы халық екеміз-ау» деген ойға қалды. Талайының тарихи санасы тұманданды, өз халқына деген мақтаныш сезімі салқындап, ұлттық рухы жасыды. Өйтпейші, мына сөзді мүйізі қарағайдай «кәсіпқой тарихшы» айтып отыр ғой. Ал шындығында бұл сөз еш тарихи деректік негізі жоқ, ойдан ойыстырылған шылғи өтірік болатын. Оның мүлде жалған ақпарат екені мынада:
Біріншіден, Құбылай 1224 жылы қаған емес, әлі он жасқа да толмаған ойын баласы еді. Екіншіден, 1224 жылы Құбылайдың таққа отыруына әлі 40 жыл уақыт бар болатын. Нақты айтқанда, Құбылай миләди жыл есебіне шаққанда 1264 – 1296 жж. қағандық тақта отырып ел билеген. Үшіншіден, 1224 жылы Шыңғысхан аман-есен еді, ұлыс тағында әлі өзі отырған. Ол кезде Құбылай тақта отырмақ түгілі, оның тақ мұрагерлігі де еш ойластырылмаған. Айталық, Шыңғысхан, оның тақ мұрагері Үкітей (Өгедей) қаған, онан кейін Түргенне қатұн ел биледі, онан соң Күйік (Күзек) хан таққа отырды, онан кейін Ұғыл-Қимаш қатұн ел биледі, онан соң Төле ханның тұңғыш ұлы Мөңке қаған таққа отырды. Ол қытай жорығында жүріп оба індетінен қайтыс болды да, қағандық таққа Төленің, түптеп келгенде Шыңғысханның қарашаңырағын ұстаған Арықбұқа хан отыруға тиісті болды. Алайда, майдан даласындағы қалың қолға иелік еткен Құбылай хан неше жылдық соғыс арқылы Арықбұқаны жеңіп, қағандық тақты тартып алды. Бұл 1264 жылы болатын. Сөйтіп ол тарихта Құбылай қаған деген атпен қалды. Демек, Қаржаубай Сартқожаұлы мырзаның жоғарыдағы сөзі тарихи шындыққа мүлде қайшы жалған ақпарат, ешбір деректік негізі, ғылыми құны жоқ ойдырма өтірік. Түптеп келгенде, ол қазақ тарихнамасына жасалған зор қиянат.
Ал Арықбұқа және Үкітей әулетінен шыққан Қайдау (Қайду) хан, Шағатай әулетінен шыққан Дуа (Дауа) хан үштігі, сондай-ақ Жошы әулетінен шыққан бір бөлім сұлтандар Құбылайға қағандық тақты берсе де, ұлыс астанасын – Қарақорымды, яғни, Шыңғысханның қарашаңырағын бермеді. Осылайша, Құбылай қаған елді Ханбалықта (қазіргі Бейжіңде) отырып билеуге мәжбүр болды. Өйткені, ағалары әрі ұлыс билеушісі Мөңке қаған бір інісіне, осы Құбылайға бұл күндегі Қытай (ҚХР) аумағын, тағы бір інісіне, Әлеке (Һүләкө) ханға Әмудің батысынан Мысырға (Египетке) дейінгі жерді еншілеп берген болатын. Құбылай қаған осы заңды басымдылығын тиімді пайдаланды: әрі Қытайды қамтыған Шығыс және Оңтүстік Азияны өзіне тиянақ етті, әрі мұхит арқылы Әлеке ханмен ұштасып, Түркістан мен Маураннахрды және Десті қыпшақты екі бүйірден қысып ұстады. Ағайынды екеуінің арасындағы тактикалық, стратегиялық әріптестік олардың мұрагерлері тұсында да, Темір қаған мен Қазан хан заманында да өз жалғасын тауып отырды. Сөйтіп олар Шыңғысхан құрған ұлы империяның тұтастығын тағы жарты ғасырдан артық уақытқа дейін берік ұстап тұра алды. Орда ұлығы әрі бас тарихшы, дәрігер, қожа әулетінен шыққан қарт ғұлама Рәшид әд-Дін өзінің «Жәмих ат-тауарих» атты ұлы тарихи еңбегінде осылай жазады. Сондай-ақ, бұл тарихи энциклопедиялық еңбек Қазан ханның ұйымдастыруымен, жоғарыдағы автордың жетекшілігімен жазылған ресми тарихи құжат екенін де назарда ұстауымыз керек. Онда түрік және әлем тарихына қатысты аса жоғары ғылыми құнға ие жазба деректер болумен бірге, дүниежүзінің ықылымдар картасы, жол-қатынас картасы, солармен қоса, ірі мемлекет қайраткерлерінің түрлі-түсті суреттері бар болатын. Дүниежүзі көлеміндегі ешбір шыңғысхантанушы бұл ұлы тарихи құжатты айналып өткен емес әрі бұдан былай да ешкім олай ете алмайды. Ал Қаржаубай Сартқожаұлы мырзаның өзі 50-60 жылдай дәмдес болған МХР халқы үшін орасан «азаматтық» жасап, осынау тарихи деректерді белшесінен басып өтпекке жоғарыдағыша тыраштанып баққанына бәріміз де куә болдық.
Қаржаубай мырза сол жолғы ток-шоуда тағы бір шикі пікір, дүмбілез ақпар айтып қалды. Ол мырзаның айтысынша: «мөңгу» деген сөз моңғолша «күміс» деген мағына береді екен-мыс. Мұнда да екі түрлі анықсыздық бар. Біріншіден, ол мұндай үлгідегі этнонимді қайдан тапты екен? Екіншіден, ол мұны Шыңғысхан тарихындағы қай этнонимге балама есебінде қолданып отыр екен? Ойлана келе, бұл дүбәра атауды Қаржаубай мырза қазіргі қытайлардың осы күнгі моңғол халқын «мың-гу» (蒙古) немесе «мың-гу зу» (蒙古族) деп атайтынын аудармалар арқылы не оқып, не естіп қалған болса керек деп шамаладық. Ал бұл этнонимнің иероглифтік мағнасына келсек, одан автор ойлағандай «күміс» түгілі, қола деген де мағына шықпайды. Таратып айтсақ: «мың» (蒙) надан, білімсіз, «гу» (古) көне, ескі деген мағыналарды береді. Бұл арада біздің бауырымыздың моңғол халқы үшін алхимик болуының, жоқ жерден күміс қорытуының ешбір ғылыми негізі жоқ.
Екінші анықсыздыққа келсек, Қаржаубай мырзаның «мөңгү» деген этнонимі әмбебап күйде тарихи құжаттардағы моғол этнонимінің орнына да жүре беретін болса керек деп топшыладық. Шынтуайтында, сенімді тарихи құжаттарға жасалған аудармаларда моғол атауы «мың-у-ыр» (蒙兀儿), «мың-у» (蒙兀) деп қытайшаланады. Айталық, «Тарихи Рәшидидің» қытайша аудармасында осындай қолданыстар бар. Тіпті «Құпия шежіреде» де Қаржаубай мырзаның «мөңгуіне» сәйкес қолданыс жоқ. Онда «маң-хо-лы» (忙豁勒), «да-да» (达达) сынды қолданыстар бар. Бұлардың алдыңғысы, өз кезегінде Р. әд-Дін мен Ә. Бахадұрдың моғол этнониміне берген этимологиялық түсіндірмесіне үйлес келеді. Соңғысына, «да-да» нұсқасына келсек, ол татар этнонимінің қытайша баламасы болып табылады. Бұл арада да Моңғолия халық республикасы халқының ұпайына алхимия жасаудың немесе лотерея ойнаудың жөні жоқ. Өйткені мұнда Қаржаубай мырза айтқан «күміс» жоқ, моғол және татар бар. Моғолға кейін тағы тоқталамыз, ал татар – сонау мәңгітас мәтіндеріне аты бәдізделген түркі этносы. Біздің тасқа қашалған тарихымызды моңғол халқына тартып әперуге бір емес, мың Қаржаубай Сартқожаұлының да шамасы келмейді.
Осыдан (2016 ж. 23 ақпаннан) бірнеше күн бұрын ғаламтордан «Шыңғыс ханды жерлеу рәсімі» атты мақала оқыдым. Оның авторы тағы да Қаржаубай Сартқожаұлы мырза болып шықты. Автор өз сөзін: «Соңғы жылдары әлем оқырмандарының Шыңғыс ханға деген қызығушылықтары арта түсті. Оның өлімі, жерленген орыны, туған жері туралы көп айтыла бастады. Басқаларды айтпағанда өзіміздің қазақ оқырмандары Шыңғыс ханды қазақ етіп жасауға атсалысып жатыр», – деп бастаған екен.
Оу, Қаржаубай мырза, сіз «Соңғы жылдары…» деген сөзді қандай негізбен айттыңыз? Сонау ХІІ ғ. соңы мен ХІІІ ғ. басынан бастап Шыңғысхан тақырыбы әлемдік тарихтың күнтәртібінен қашан түсіп еді? Керісінше, көктен түскендей болып бұл тақырыпқа назары енді ғана ауып жүрген мына сіз бен біз ғой. Сіздің аталмыш сөзіңізге сенген кісі «Тарихи жаһангушай» мен «Жәмих ат-тауариқты» да «кешелі-бүгін жазылған екен ғой» деп қалып жүрер. Әрине, Плано Карпини, Уиллиям Рубрук, Марко Поло қатарлы батыстық авторлар да сіз айтқандай «соңғы жылдардағы» кісілер емес. Ә. Бахадұр, М. Дулати, Қ. Жалайыри қатарлы бабаларымызды да «соңғы жылдардағы» тарихшылар деп ешкім айта алмайды. Керек десеңіз, жоғарыдағы аты немесе авторы айтылған еңбектердің Батыс тілдеріне аударылғанына да неше ондаған, тіпті, жүздеген жылдар өтті. Осынша уақытты «соңғы жылдары» деп ешкім айтпайды. Өйткені, бүгінгі жұрттың бәрінің кемінде арифметикалық білімнен сауаты бар. Ендеше, сіздің «Соңғы жылдары әлем оқырмандарының Шыңғыс ханға деген қызығушылықтары арта түсті» дегеніңізбен, тек, өзіңізбен пікірлес адамдар ғана келісер. Әрине, онда да шындық тұрғысынан емес, көңіл жықпастық үшін ғана «келісетін» шығар.
Қаржаубай мырзаның МХР халқының қолайына жағатын шабытты сөзі онан ары шалқи түсіп, сол елге деген ыстық ықыласының жалыны ҚР халқының бетін ауық-ауық шарпып өтеді. Онысы: «Басқаларды айтпағанда өзіміздің қазақ оқырмандары Шыңғыс ханды қазақ етіп жасауға ат салысып жатыр» – деген жолдармен басталыпты. «Басқаларды айтпағанда…» деп менсінбей сөйлейтіндей, оу, Қаржаубай Сартқожаұлы мырза – сіз, кім едіңіз? Өйтіп елеусіз көретіндей, бізді – Қазақты, кім деп жүрсіз? Оған да айызыңыз қанбай: «Шыңғыс ханды қазақ етіп жасауға ат салысып жатыр» – деп кісімсисіз. Сонда қалай, Қазақ өз атасын таныса, сіздің алдыңызда жазықты бола ма? Керей хан, Жәнібек хан, Қасым хан, Хақназар хан, Есім хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, бәр-бәрі Шыңғысханның тікелей ұрпағы ғой. Дәлеліңіз бар болса және дәлелмен сөйлей алатындай біліміңіз бар болса осы сөзімді өтірік деп айта қойыңызшы. Керісінше, қалмақтың қай тайшысы Шыңғысханның мұрагері еді, білсеңіз мына жұртқа айтып беріңізші. Ендеше, Шыңғысханға таласуға, «Сенікі емес – Қазақтікі емес, менікі – моңғолдікі» деуге қандай қақыңыз бар?
Қаржаубай мырза, мына: «Таудың қорғаушысы эколог-милиция Баярсайханның айтуынша, бұл тауға жат ұлттың адамдары, одан соң әйелдер шығуға тиым салынған. Қазақтарды моңғол текті халық деп есептейтіндіктен бізге қарсылық білдірмеді» – дегеніңізді қайта бір оқып көріңізші. Осы да дені дұрыс кісінің сөзі ме? Сіз өзіңізді кім десеңіз – сол дей берерсіз, ерік өзіңізде. Бірақ, Қазақты моңғол деуге моралдық тұрғыдан да, заңдық тұрғыдан да қылдай қақыңыз, ешқандай құзыретіңіз жоқ. Қазақтың түрік текті халық екенін, түріктің қарашаңырағында отырғанын күллі әлем біледі. Кезінде Тұрғұт Озал атамыз: «Түркияда мені қосқанда 70 миллион қазақ бар» – деген еді, таяуда Ахмет Дәуітоғлы мырза: «Түркияда мені қосқанда 78 миллион 600 мың қазақ бар» – деп ағынан жарылды. Ұлы тұлғаларымыз түрік халықтарының бірлігі, бақыты үшін осылай деді. Ал сіз, Қаржаубай Сартқожаұлы мырза: «Қазақтарды моңғол текті халық…» – деген негізсіз сөзді кім үшін айттыңыз? Әлде, әлгі «эколог-милицияның» бір атым насыбайына бола күллі қазақ халқын сатқыңыз келді ме? Бұл, білімнің таяз-тереңдігін былай қойғанда, адамның есінің дұрыс-бұрыстығына сын болатындай бейпіл сөз ғой. Ертеңгі күні сол «эколог-милицияңыз» өздеріңнің «тарихшы-ғалымдарың» айтқан еді деп тағы нені қоңырсытатынын бір Құдай өзі білсін?!
Ұлы Шыңғысхан: «Айтылған сөз – атылған оқпен тең… сондықтан, сөйлемес бұрын ойланып алу керек», – деген екен. Қаған бабаның осынау өсиетін қазақ халқы мақалға айналдырып, күні бүгінге дейін жадында сақтап келеді. Ал сіздің бар арманыңыз Шыңғысханды моңғол ету болғандықтан, антыңыз жат халыққа әбден ауғандықтан, ата өсиетінен мүлде бейхабар болғансыз. «Қағынған құлан қағынан жериді» – деген осы да.
Дәл осының керісінше, кей кісілер моңғолды түрікке жатқызбақшы болады. Бұның да ешбір ғылыми негізі жоқ. Оны анықтау том-том кітап ақтарып дәлел іздеуді де қажет етпейді. Ұлттың ең басты белгісі оның негізгі сөздік қоры. Осы тұрғыдан келсек, моңғолдың адам (хүн), аспан (огторгуй), жер (газар), жұлдыз (од), ай (сар), күн (нар) секілді ең байырғы атаулары және бірден жүзге дейінгі барлық сан есімдері түрік тілдеріндегі сәйкесті атауларға мүлде ұқсамайды. Тек, төрт (дөрөв) деген сан есімінің бастапқы «дөр-» буыны ғана түрікшесіне сәл-пәл ұқсайды. Демек, моңғол халқының тілі, о баста түріктерден мүлде басқаша болған. Яғни, олар түрік тілді, түрік текті халық емес. Ал шаруашылыққа қатысты мал, төл, құнан, дөнен, т.б. сөздердің дыбыстық жақтан ұқсас немесе жуық келуі, моңғолдардың осы сөздерді түріктерден алғанын көрсетеді. Бұл бейне біздің орыс және басқа тілдерден көптеген атау, терминдерді қабылдағанымыз секілді тілдік құбылыс. Түрік тілінен моңғолдан басқа да көптеген халықтар сөз қабылдаған. Әуел десеңіз, сырттан атау қабылдауға иқуатсыз қытай тілінің өзінде де көптеген түрки сөздер бар. Айталық, «шы-ли-сұн» (猞猁狲) – сілеусін, «йаң-шы-ли» (羊(қой)猞猁) – қой сілеусін, «ма-шы-ли» (马(ат)猞猁) – ат сілеусін, «наң» (馕) – нан, «әй-же» (娭毑) – әже, «үй» (寓) – үй, т.б. дегендей. Бұл түрік тілінің қытай тіліне жасаған ықпалын көрсетеді. Алайда, бұған қарап екі тілді – бір тіл, екі халықты – бір халық деуге болмайды. Моңғол ұлты тұрғысынан да дәл осындай ғылыми көзқарас ұстанған орынды. Ұлт – тек, оны тексіздікпен шатастыруға, қазақты көрінгеннің қанжығасына байлау үшін тыраштануға ешкімнің қақысы жоқ. Мұндай байлаусыз, тиянақсыз тұжырымсымақтар, керісінше, айтушысының өзінің тексіздігін, пайымсыздығын көрсетуі мүмкін. Көрші елмен тату болу – көрші елге сатылу деген сөз емес, екеуінің мәндік парқы бар.
Авторға (Қаржаубай Сартқожаұлына) әлгі «эколог-милиция» моңғол азаматы «Сізді ренжітіп алсам кешіріңіз! Соңғы кезде біздің моңғолдың ақпарат құралдарында қазақтар Шыңғыс ханды қазақ етіп жасап жатыр,-деген қауесет тарап кетті. Осыған қалай қарайсыз?» (келтірілген дәйектерің әріптік, пунктуациялық, стилистикалық қателіктері өз күйінде қалдырылды, Т. Ә.), – деген сұрақ қойыпты. Сонда оған Қаржаубай мырза: «Қазақстанның сары газетерінде, интернет сайттарында ондай пікірлер қаптап жүр. «Оны кім айтады?» дейсіз ғой. Делетанттар, сенсация жасаушылар. Олар ғылыми сараптама жасамай-ақ, тисе түйеге, тимесе бұтаққа деп ойына не келсе соны жаза береді» – деп жауап берген көрінеді. Өзін «тарихшы-ғалыммын» деп таныстырған адам моңғолдың «эколог-милициясының» алдында осылай жарамсақтана сайрайды. Сонда сіздің «делетанттар» дегеніңіз өз хандарын Шыңғысханның ұрпағы деп таныған, сол әулет құрған хандықтың 550 жылдық мерейтойын күллі әлем алдында тойлап жатқан халық па? Жоқ, әлде, Шыңғысханды мұсылман, түрік немесе қазақ деп таныған М. Дулати, Қ. Жалайыри, Қазтуған, Абай, Солтанмахмұт, Мағжан, Әлкей, Қаныш секілді ұлы бабаларымыз ба? Не болмаса, Мұрат Жұрынов, Марал Ысқақбайұлы, Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Қабдеш Жүмәділов, Мұхтар Мағауин қатарлы алаштың кіл абыз азаматтары ма? Қаржаубай мырза, сіздің «сары газетер» дегеніңіз – осынау ұлы жаңалықтарды әлемге жарыса жариялаған, «Халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болған Қазақ баспасөздері ме? Ұлттық ұяттан, азаматтық намыстан безіп осынша тантығаныңызға қарағанда, әлгі «эколог-милиция» сізге насыбайын емес, басқа бірдеңесін иіскетіп жіберген жоқ па өзі? «Елінен безген ер оңбас» деген, бүйтіп зар-зар етіп ел-жеріңізді жамандай, тарихыңызды мансұқтай берсеңіз, қазақты даттай, моңғолды мақтай түссеңіз, ондай «эколог-милиция» насыбайын иіскетумен тынбай, насыбайының «көршісін» жалатудан да ерінбес. Сізге: «Аң қуалап сай-сайдың бәрін ақтардық қой» деуіне қарағанда, ол эколог-милиция емес, нағыз браканер-қарақшы болғаны ғой. Ал сіз де «тарихшы-ғалыммын» дей отырып, нағыз тарихшыға тән әңгіме айтпағансыз. Егер, өзіңіз айтқан атаққа сай болсаңыз «эколог-милицияның» алдында құрдай жорғалап, асса түріктің, қалса қазақтың күллі тарихын қараламай, қайта «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойының мәнін әлгі «эколог-милицияға» да, басқа моңғол азаматтарға да танытып қайтар едіңіз ғой. Басқаша айтқанда, өзгені «делетант» (дилетант) дей алатын адам ең әуелі өзі «халтурщик», «фальсификатор» деген аттан аулақ болғаны дұрыс еді-ау.
Қаржаубай мырза, сіз тарихтағы моғол мен бүгінгі моңғолды, тарихтағы Моғолстан мен бүгінгі Моңғолияны әлі парықтай алмай жүрген сияқтысыз. Тарихтағы моғолдар – Шыңғысхан моғолдары: керей, найман, арғын, алшын, үйсін, дулат, жалайыр, т.б. түрік ру-арыстары. Тарихтағы Моғолстан – бүгінгі Жетісу өлкесі. Мұны білу аса қиынға соқпайды. Ол үшін басқаны емес, тек, М. Дулати жазған «Тарихи Рашидиді» оқысаңыз да жеткілікті. Онда Моғолстан – Жетісу, Іле алқабы екені, тіпті, біз Алатау, Тяньшань деп атап жүрген таулардың Моғол тауы деп аталғаны анық жазылған. Демек, Шыңғысханды «моңғол» деушілердің сөзінде ешқандай тарихи құжаттық негіз, ғылыми дәйектілік жоқ.
Бұл тұрғыда ескермесе болмайтын тағы бір сенімді тарихи дерек бар. «Жәмих ат-тауарихтың» Құбылай қағанға арналған тарауында және басқа да мөртті тұстарында Арықбұқаның ордасы Іле алқабында болғаны туралы айтылады. Ал Арықбұқа Төленің, ол Шыңғысханның қарашаңырағында отырғаны бізге тарихи құжаттардан белгілі. Ендеше, бұл дерек те Шыңғысханның атамекені Моңғолияда емес, Моғолстанда – Жетісу өлкесінде, Қазақ жерінде болғанын бұлтарыссыз, анық көрсетіп береді. Жалпы алғанда, Шыңғысхан әулетінің ішкі тақ таласы Жетісу, Түркістан және Қашғария өлкелерінде өткен. Р. әд-Дін бүгінгі Моңғолия жері туралы, тек, орман жұртын немесе Шыңғысханға қарсылардың Сібірге бекінуін баяндаған мазмұндарда ғана сөз қозғайды, тіпті ол жақ жөнінде өте сирек айтады.
Тарихи дерек солай дейді, Қаржаубай Сартқожаұлы мырза. Ендеше, сіз МХР халқы үшін еңбегіңіз еш, тұзыңыз сор болып бекер арам терге малшынып жүрсіз. Өзіңіз айтқандай «тарихшы-ғалым» бола тұрып, осынау ұлы тарихнаманы толық бір қайтара оқып шықпағаныңыз әрі өкінішті, әрі ұят қылық. Қайдағы бір «мөңгу», «Тәңір баба», «қазақ моңғол текті» деген дәйексіз, түсініксіз сөздеріңізбен өзіңізге де, өзгеңізге де жеңістік әпере алмайсыз. Яғни, шындыққа құрылған ресми, ақиқат тарихи деректер суайттықпен қиыстырылған солқылдақ, жалған сылтауларға ешқашан дес бермек емес.
Қаржаубай мырза, аталмыш мақалаңызда Моңғолияның бірталай жер-су аттарын атап көрсетіпсіз, алайда, соның бәрі Шығысханға қатысты тарихи құжаттарда жоқ қой. Оны тарихпен арнаулы шұғылданбаған қазақтарды алдау үшін жаздыңыз ба, әлде моңғолдарға деген сүйіспеншілігіңізді әйгілеу үшін жаздыңыз ба? Ал Орхон, Онон, Керулен деген үш өзенге келсек, олар Шыңғысханның атамекеніндегі өзендерге аты жағынан ұқсағанымен, гидрографиялық сипаттамасы жағынан олармен мүлде кереғар. Қарақорымда ұзақ аялдап қайтқан батыстық П. Карпини ондағы өзендердің ұлы тұлғадан алып қарағанда шығыстан батысқа қарай ағатынын анықтап суреттеген. Алайда, Хэнтэй тауынан бастау алатын аталмыш өзендер бұған мүлде қарама-қарсы бағытта ағатыны жұртқа аян ғой. Сондай-ақ, аталмыш батыстық автор Іле алқабында Орған атты жердің бар екенін де атап көрсеткен. П. Карпини, Г. (У.) Рубрук сынды екі батыстық автор да Шыңғысханның атамекеніне Іленің Балқашқа құяр сағасынан өте салып көп ұзамай жетеді, оны оңтүстіктегі таулы өңірден көреді. Олар Қарақорымды да, Үкітей қаған, Күйік хан, Мөңке қаған ордаларын да осы аймақтан жолықтырады. Екеуінің де Шыңғысхан әулеті ордасына келіп қайтқан сапар естелігінің топографиялық, маршруттық сипаттамалары осы Жетісу өлкесімен шектеледі. Сонымен бірге олар Шыңғысхан атамекенінің қала-кентті, егін-жайлы, шаруашылыққа қолайлы, құлпырып тұрған аймақ екенін суреттеп көрсеткен. Бұл сипаттауларды басқа тарихи құжаттар да толықтай түседі. «Тарихи жаһангушай» Шыңғысханның атамекенінде өрік мәуелеп өсетіні туралы анық дерек береді. Ал сіз Хентей бөктері туралы: «Шөпті сипалап, әр талын ұстап иіскеп көріп жатырмыз. Ұзындығы 8-10 см шамасында өскен» – деп жазған екенсіз. Осының өзі де сіз табынып отырған өлкенің тарихи құжаттарда жазылған жер емес екенін дәлелдеп береді. Нақты айтсақ, даланың шөбі тырбиып, «8-10 см» болып, өсе алмай жатқан өлкеде егін-жай, бау-бақша қайдан болсын. Демек, сіз – Қаржаубай Сартқожаұлы мырза, қазақ тарихын моңғолға тартып әперем деп босқа тыраштанып жүрсіз.
Оның үстіне: «Ғажап! Бір ерекше жағымды иіс аңқиды. Бойды балқытып жан-жүрегіңді тыныштандырғандай ма қалай?! Бұрын-соңды талай тауға шығып жүргенде мұндай сезімде болмаған едім. Іштей жанға жайлы, ғажайып иіске таңқалып жаттым», – деген шабытты сөздеріңіз де күлкі шақырады. Сонда қалай? Сіз «Жер жаннаты – Жетісуда», «Арқаның кербез, сұлу Көкшетауында», шұғынығы нарттай құлпырған «Асқар Алтайда» көзіңізге кигіз тартып, танауыңызға жабағы тығып жүргенсіз бе? Қазақтың асқар тауларын, байтақ даласын ешқашан сүймедіңіз бе, одан ешқандай ләззәт алып көрмедіңіз бе? Қазақтың алып берген тәуелсіздігі, салып берген астанасы, тегін берген баспанасы, ұсынған жоғары ғылыми атағы жүрегіңізге жетпегенде, моңғолдың «8-10 см» шөбіне неге сонша емірене қалдыңыз?! Осыншалықты антыңыз ауып, иманыңыз күйіп шатасатындай, қазақтан не жамандық, моңғолдан не жақсылық көріп едіңіз?!
Автор аталмыш мақаласының екінші азатжолын: «Енді бір делетанттар: «Моңғолияда Бурхан-халдун, Турген деп аталатын жер-су жоқ. Ондай атау Қазақстанның Нарынқол ауданында» — деп сәуегейлік танытуда», – деп бастаған екен. Ту баста «ондай жер-су жоқ» деген сөзді айтқан қазақ ғалымдары емес, керісінше, кеңестік, қытайлық және моңғолдық мамандар ғой. Тіпті, «Құпия шежіренің» моңғолша аудармасынан «Түрген» деген топоним әдейілеп түсіріліп тасталған көрінеді. Оны біздер – қазақтар, Мағауия Сұлтанияұлы ағамыздың аудармасы арқылы оқып білдік. Егер, Моңғолияда шынымен сондай атты жер бар болса, онда моңғол мамандары жоғарыдағы «ағаттықты» неге жіберген, олар қытайша түпнұсқадан моңғолшаға аударылған мәтіннен «Түрген» деген топонимді неге әдейілеп алып тастаған? Дүниежүзі ғалымдары ғасырлар бойы таппаған, өзіңіз де бұрын-соңды білмеген «Бұрхан» мен «Түргенді» әлгі «эколог-милиция» екуіңіз қайдан тауып ала қойдыңыздар? Ал Бексұлтан Нұржеке-ұлы бастаған қазақ ғалымдары «Ондай жер-су қазақ мекенінде бар» десе, тарихи құжаттарға, Ш. Уалихановтың географиялық мәліметтеріне, өткен ғасырлардан қалған атластарға сүйеніп дәйекті, дәлелді түрде айтты, анық сілтемелермен атап көрсетті. Тарихи құжаттар бойынша Шыңғысханның атамекенінде Бұрқан, Түрген, Жаркент деген жерлердің бар екені нақты жазылған. Осы үш жер аты да Жетісудың Жаркент жерінде ертеден бүгінге дейін сақталып келеді. Алайда Қаржаубай мырза білместікпен Жаркентті «Нарынқол» деп соға салған көрінеді. Сөйтіп автор бұл арада да мәндік қателікке ұрынады.
Ұшқарылық мұнымен шектелмеген, Қаржаубай Сартқожаұлы мырзаның қазақ тарихымен бірге қазақ тіліне де үстірт қарағаны байқалады. Айталық, автор: «тисе түйеге, тимесе бұтаққа», – деген идиома ойлап тауыпты. Аңғары, бұл кісі қазақ тарихы дәйекке, қазақ тілі логикаға жүгінбейді деп ойлайтын болса керек. Әйтпесе: «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп келетін тәп-тәуір тіркесті бүйтіп бүлдірмесе керек еді. Ал атамыз қазақ теректе бұтақ болатынына, екеуінің арасында тұрақты байланыс барына мән берген. Сөйткен қазақ түйе мен бұтақ арасында мұндай тұрақты байланыс жоқ екенін де білмей қалмас-ау. Ойдан тарих жасау да, жүйесіз сөйлеу де қазаққа тән қасиет емес. Дәнішпан Абай тіл бұзғандарды білімсіз, бейшара деп шенеген. Оу, Қаржаубай мырза, өзіңіз айтқандай «ғылыми сараптама жасай» білсеңіз, мұндай бәтуәсіз тіркесті неге қолданып жүрсіз?!
Автор қазақ зиялыларының деректік негізі бар пікіріне, құнды ғылыми ақпарына осқырына қарайды да, кім екені белгісіз «эколог-милицияның» алыпқашпа сөзіне имандай ұйиды. Тіпті оның «Тәңір бабаның (Шыңғыс ханның) мүрдесі сақталған осы қасиетті орын» деген күпіри, лақпа сөзін оп-оңай малдана кетеді. Бұл сөздің тарихи тұрғыда жалған болуы өз алдына, адамды «Тәңір» деу біздің дінімізге, ұлттық болмысымызға жат нәрсе. Іс-жүзінде Шыңғысханның орда тарихшылары да, Мұсылман және Батыс әлемінің тарихшылары да мұндай күпіри атауды қолданбаған. Соған қарағанда, бұл атау «эколог-милиция» мен «тарихшы-ғалым» екеуінің импровизациялық туындысы болса керек.
Мақаланың маман жазды деуге келмейтін кереғар, сауатсыз тұстары жетіп артылады. Оған сіз де куә болыңыз:
Автор бірде: «Сол салт-дәстүр бойынша Шыңғыс ханның мүрдесі таудың үстіне жерленген. Сөйтіп бұл тауды «Қасиетті тау» деп атап, 800 жыл бойы адамдар тәу етіп келген. Таудың үстіне жатжұрттықтар мен әйелдер шығуына рұқсат етілмейді» – деген үзілді-кесілді мәлімет береді. Бұған қарап «Шыңғысханның жерленген орны осында екені 800 жылдан бері күллі әлемге аян, күмәнсіз шындық екен-ау» деп қаласыз. Сосын: «Бурхан-Халдундағы осы тас обаны К.У.Кэмпэлл Шыңғыс ханның жерленген орны деген тұжырым жасаған», – сынды көктен түскендей, әлгісіне кереғар тағы бір дерек ұсынады. Сөйтіп, алдыңғы «дерек» түбегейлі терістеледі. «Шыңғыс ханның жерленген орны» деген болжамды ХХ ғ. басында К.У.Кэмпэлл деген батыстық адам ортаға қойған болып шығады.
Келесіде автор: «1921-жылы Тарихи жазбалар ғылыми зерттеу институтының директоры О.Жамьян, Моңғолияның сол кездегі аса беделді Л.Дэндэв, Бат-Очир сияқты тарихшылар құрамында болған. «Шыңғыс ханның туған жылы мен жерленген орнын анықтау мемлекеттік комиссия» құрылып жұмыс жасаған. Осы комиссияның 1926 жылғы алдын ала жасаған болжамдары бойынша Шыңғыс ханның мүрдесі Бурхан-Халдун тауына жерленген деген қорытындыға жүгінген» – деген басқа бір дерек ұсынады. Автор енді «тұжырым бойынша» деудің орнына «болжамдары бойынша» деген сөзді қолданады. Сонымен алдыңғы ұсынған бірнеше дерегінің ешбірінің көк тиындық құны қалмайды. Яғни, осыдан бұрын оқтай төндіріп, құстай қондырып айтқандарының бәрі де құйдай өтірік болып шығады. Ал түзеймін деп отырып күзеп алғанын, өтірігінің өрге баспай қалғанын автордың өзі сонда да аңғармаған.
Қаржаубай мырзаның бұндай құтымсыз, құнтсыз қылығына аң-таң болып отырғанымызда: «Осы жоғарыда біз айтқан тарихи ақпараттарды екшеп, сараптап, зерттеп зерделеумен соңғы 1989 жылдан бері банкир Н.Даваа, археолог З.Батсайхан, тарихшы Ж. Бор деген азаматтар айналысты. Мына біз отырған Бурхан-Халдун тауындағы, Тәңір обасы аталған кешенде Шыңғыс ханның мүрдесі жатқанын ғылымдағы жетілген техника-технологияны пайдалана отырып анықтағанын өзіңіз жақсы білесіз», – дейтін енді бір солқылдақ «дерек» төбе көрсетеді. Сосын: «Осыған байланысты Моңғолияның сол кездегі президенті Х.Энхбаяр Бурхан-Халдундағы Шыңғыс хан мүрдесі көмілген Тәңір обасын қазуға болмайды деген жарлық қабылдаған», – деген жолдар арқылы соңғы ұсынылған деректің де күлі көкке ұшады. Яғни, автордың әлгі айтқаны да, «болжамдары бойынша» деген сөзі де мүлде бекер болып шығады. Нақты айтқанда, обаны ешкім қазбаған, оған ешқандай ғылыми сараптама жасалман. Әрине, сосын одан ешбір ғылыми қортынды да шықпаған. Міне, осылайша автор біраз тыраштанып алады да, ақыр соңында өз сөзін өзі түбегейлі мансұқтап тынады. Басқаша айтқанда, автордың барша сөзінің соқыр жармақтық құны қалмайды. Нағыз «Өтірік өрге баспайдының» кері келеді. Сөйтсек, автордың бағанадан бері тізбелегендері, әншейін жай дақпырт, құрғақ өсек екен. Қазақ: «Қызықта қызық – қыздан жығылған қызық» – деп әзілдеуші еді, кісі өзгеден емес, өзінен жығылса одан да қызық болады екен-ау.
Автор осыдан соң өткен тарихқа біраз шегініс жасайды да, барша Шыңғысхан әулетін өзі «Кентей» деп атаған таудың төңірегіне жинауға тырысады. Алайда ауық-ауық тарихи құжаттық деректерден ауа жайылып, одан да ештеңе өндіре алмай титықтайды. Сөйте келіп өз тарапынан: «Сурет №4. Шыңғыс ханды табытқа салу рәсімі. Ташкент Ұлттық мұражайында және Рашид-ад-дин кітабінің 117-бетінде сақталған. (Францияның Париж кітапханасы)», – деп көрсетілген суреттерге түсініктеме беруге көшеді.
Оның бір фрагменті туралы: «Ханның төрт бұрыш табыт жәшігін алтындаған әшекейлі жапсырмалармен әрлеген. Табыт жәшіктің бас жағында еркектер, аяқ жағында әйелдер… Табыт жәшіктің бас жағындағы еркек адам табыт ішіндегі мүрдеге оң қолын жіберіп әлде бір нәрсені жөнге келтіріп жатқандай суреттеген» – деп жазады автор. Ал шындығында автордың «табыт» дегені ұзыны суреттегі адамдар бойының 70 – 80 пайызына ғана тура келетін, есесіне ені кеңдеу, тігі биіктеу келкен кәдімгі сандық болатын. Р. әд-Дін де оны «сандұқ» деп жазған-ды. Сірә, құжат салуға арналған болар? Дерекке жүгінсек, Шыңғысхан топты жаумен жалғыз сайысқан батыр адам болған. Яғни, ұлы қаған суреттегідей сандыққа сия қоярлық шағын денелі кісі емес еді. Сондай-ақ автордың: «Табыт жәшіктің бас жағындағы еркек адам…» – дегені де ақылға қонымды емес. Суретте ешқендай «бас жақ» көрсетілмеген.
Екінші бір: «Сурет №5. Шыңғыс ханның мүрдесін мәңгілікке апара жатқан сәт. Тебриз (Иран).1330 жыл. Көлемі 22х29см. «Шах наме». Жозеф Пулитцердің қоры Нью-Йорк, Метрполитан» – делінген суретке, автор: «Рашид-ад-диннің ұлы Гьяас-ад-дин 1330-жылдары сызып, «Шах-наме» дастанын көркемдеген суреттердің ішіне енгізген. Меңсіз, шымқай қара түсті ат мінген ер адам нөпір халықтың легін бастап барады. Қара арғымақтың кекілі мен құйрығын шорт кескен» – деген түсіндірме береді. Алайда ат үстінде адам жоқ, үзеңгі бос салақтап тұр, тізгін де ат жалына бос салынған, шылбырынан біреу жетектеп бара жатқандай, яғни, шылбыр алға созылған. Сонымен бірге ер-тоқым теріс, яғни, ердің алдыңғы қасы аттың сауырына қаратып ерттелген. Автор айтқандай, аттың кекілі шорт кесіліп, құйрығы күзелген. Мұны қазақ «ат тұлдау» деп атайды. Бұл қайтыс болған ер адамға аза тұтудың бір жоралғысы. Тұлданатын ат сол адамның тірісінде пайдаланған меншікті мініс көлігі болуға тиіс. Бұл үрдіс тұлданған ат марқұмның асына сойылғанға дейін жалғасады. Мұндай көрініс М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында, М. Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек» поэмасында, т.б. еңбектерде бар. Осындай дәстүр қазақ арасында XX ғ. 50-жылдарына дейін жалғасқан. Тіпті, қазақы, шалғай ауылдарда әліге дейін бар. Демек, Шыңғысханның мәйітін шығару рәсімі қазақ дәстүрімен ұқсас жағдайда өткізілген. Ендеше, Қаржаубай мырза, сіздің Шыңғысханды моңғолға телуіңізден түк шықпайтынын осы сурет тағы бір қайтара көрсетіп тұр. Басқаша айтқанда, бұл сурет Шыңғысханның түрік текті, қазақ қанды екенін әйгілейтін ең жарқын дәлелдердің бірі.
Қорыта келгенде, тәуелсіздік жылдарынан бері көптеген зеттушілер жабал кірісіп, Шыңғысханның тегінің түрік, қанының қазақ екенін, дінінің ислам болғанын, қазақ даласында орда тігіп, түрік тілінде ел билегенін толықтай дәлелдеп берді. Ал Қазақ хандығын Шыңғысхан әулеті құрғанына, барлық хандарымыз сол ұлы қағанның тіке ұрпақтары екеніне, тіпті, кеңестік кезеңде де ешкім шек келтірген емес. 2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығына» орай көптеген конференциялар, іс-шаралар өткізілді. Астанада және Таразда жержүзіне сауын айтылған ұлы мерейтой болды. Оған МХР-дан да силы қонақтар келіп құтты болсын айтты, баяндамалар жасады. Дәлірек айтқанда, Шыңғысханның түрік, оның ішінде қазақ екенін күллі дүние мойындады. Атап өткеніміздей, сол қатарда моңғолдар да бар. Бұл ауқым енді тоқтамақ емес, қайта, уақыт озған сайын тереңдей, кеңейе, нығая түспек. «Ит үреді, керуен көшеді» демекші, аз санды жат ниеттілер қарсы шықты екен деп қазақ тарихы ақиқат арнасын өзгертпек емес. Өз ішімізден шыққан қарсы көзқарастағылар да біртіндеп Шыңғысханның түрік текті болғанын мойындай бастады. Тек, кейбіреулері ғана «Бұған уақыт керек» деген сылтаумен атты алысқа айдағысы келеді. Олардың бұлай дегені онша маңызды нәрсе емес, онысы не «Еріншекке бүгінгіден ертең оңай» дейтін бойкүйездік болар, не өзіне сенімсіздіктен туындаған жалтақойлық болар, тіпті, мықтағанда «Өзім еңбек сіңіре алмаған соң бұл тақырып жабулы қала тұрсын» дейтін пендешілік шығар? Не болса да мейлі. Әйтеу, тауық шақырмай қалды екен деп таң атпай қалмасы анық. Қалай болғанда да көзі ашық, көкірегі ояу кісілер Шыңғысхан тақырыбының жолына көлденең түсуден тайсап кетіп жатыр. Кемінде қарсы келуден жалтарып екі ұшты сөйлей бастады, яғни, олар қарсыласудан қолдауға бағытталған өтпелі кезеңде тұр.
Қорыта келгенде айтарымыз, Шыңғысхан тарихын зерттеуде өсекке емес, дерекке жүгінген абзал. Өйткені, Шыңғысхан тарихы – Қазақ тарихы.
Тарих, ол – ұлттың ең негізгі құндылығы, ұлттық идеологияның арқауы. Құндылығымызды құнсыз сөздермен ластаудан сақ болайық, ағайын.
Ал ұлы Шыңғысханның түркілік келбеті күн озған сайын ақ мәрмәрдай әйдіктене, асқар таудай айбаттана түсіп, күллі әлем алдында түрік халықтарының, қазақ ұлтының мерейін мәңгілікке асқақтата бермек.
(мәтіннің соңы)
Аса құрметті оқырман, бұл мақаламызда түрлі тарихи құжаттарға нақты сілтеме жасамадық, оның себебі екеу: біріншіден, мұнда келтірілген дәйектер бұрынғы еңбектерімізде сілтемелермен көрсетілген еді; екіншіден, мақала көпшілік оқырманға бағыттап жазылғандықтан оқуға жеңілірек болсын дедік. Егер қызығушылар болса төмендегі еңбектерге қарауына болады.
Шыңғысхан туралы авторлық және аударма еңбектерім:
Авторлық еңбектерім:
«Шыныңа көш, тарих! Шыңғысхан кім?», бірінші басылуы, Алматы: Нұрлы-Әлем 2008, екінші басылуы, Алматы: Нұрлы-Әлем, 2009, орысша аудармасы, «Чингисхан: правда и ложь», ауд.: Тынымов М., Кішібай М., Алматы: Нұрлы-Әлем, 2009.
«Ата жазу алыстан сыр қозғайды», Алматы: Нұрлы-Әлем, 2008.
«Құпия шежіренің құпиясы», бірінші басылуы, Алматы: Нұрлы-Әлем, 2010, екінші басылуы, Алматы: Шапағат-Нұр, 2013, орысша аудармасы, «Тайна тайной истории», ауд.: Кішібай М., Алматы: Шапағат-Нұр, 2013.
«Түгел тауарихтың түбінде не жатыр?», Алматы: Нұрлы-Әлем, 2011.
«Шыңғысхан әулеті туралы бастау мәліметтер не дейді?», Алматы: Шапағат-Нұр, 2013.
«Шыңғысханның ата мекені мен ата тегі және тілі мен діні» немесе «Төрт дәлел», бірінші басылуы, Алматы: Шапағат-Нұр, 2014. Екінші басылуы (қазақша және орсша екі тілде), Алматы: Шапағат-Нұр, 2015.
Аударма еңбектерім:
«Маңғұл тарихы», ав: Карпини П., Алматы: Шапағат-Нұр, 2013.
«Рубруктің Шығысқа сапар естелігі», ав: Рубрук У. (Г.), Алматы: Шапағат-Нұр, 2013.
Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын
Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі,
шыңғысхантанушы, тарихшы, аудармашы.