Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев карьерасында алғаш рет нокдаунға түскеннен кейін бокстан уақытша шеттетілді. Ол бірінші раундта нокдаунға түскеніне қарамастан қарсыласын нокаутқа түсіріп жеңіске жетті, деп хабарлайды Sputnik агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Канаданың Квебек провинциясының бокс комиссиясы қазақстандық Батыр Жүкембаевты уақытша бокстан шеттету туралы шешім қабылдады.
Бұл шеттету боксшының алған жарақатынан кейін қалыпқа келіп алуы үшін жасалды. 27 қазаннан бастап Батыр Жүкембаев қайтадан шаршы алаңда жұдырықтаса алады. Қазақстандықтың келесі жекпе-жегі 24 қараша күні Канаданың Римуски қаласында өтеді. Алайда боксшының қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз.
Естеріңізге сала кетсек, Жүкембаев соңғы рет 7 қазан күні жұдырықтасты. Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде қарсыласы мексикалық Патрисио Морено болды.
Осы жекпе-жек барысында қазақстандық алғашқы раундта нокдаунға түскенімен, жетінші раундтың соңына қарай қарсыласын нокаутқа жіберді. Бастапқыда бұл жекпе-жекте бос тұрған WBC International белбеуі тігілетіні туралы айтылған-ды. Алайда кейін ұйым бұған рұқсат бермеді.