ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин бүгін Мемлекет басшысы қол қойған Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты заңдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Мемлекет басшысы адам құқықтарын қорғау саласындағы екі маңызды құжатқа қол қойды. Олардың біріншісі –«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасының күшін жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң. Ал екіншісі – «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заң», - деп жазды ол Telegram каналында.
Оның айтуына қарағанда, аталған заңдар Президенттің саяси реформаларының пакетіндегі негізгі құжаттардың қатарына жатады.
«Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің нормаларын азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіру қажеттілігі туралы осы жылдың қыркүйегіндегі Президент Жолдауында айтылды.
Алайда, осы өзгерістерді көздейтін заң жобасын талқылау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері мен құқық қорғаушылар арасында пікірталас туындады. Нәтижесінде, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында екі тараптың ұстанымын қарастыра отырып, Президент өлім жазасының күшін жою нормасы қандай да бір ескертпесіз қабылдануға тиіс екенін атап өтіп, осы мәселе бойынша құқық қорғаушылардың ұстанымын қолдады», - дейді Ерлан Қарин.
Ал Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы дербес заң әзірлеу туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтар айында, ҚР Парламентінің VII шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында жариялаған болатын.
«Бұл заң Адам құқықтары жөніндегі омбудсменнің құқықтық мәртебесін алғаш рет айқын анықтап, құзыретін айтарлықтай кеңейтеді. Осылайша, аталған заңдардың қабылдануы адам құқықтарын қорғау және саяси жаңғыру саласындағы Президент бағытының бірізділігін көрсетеді.
Бұдан бөлек аталған құжаттарға қол қою қоғам өкілдері мен билік институттары арасындағы диалогтың тиімділігін кезекті рет көрсетіп отыр. «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заңның жекелеген нормаларын қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алаңында бірнеше рет талқылағанын атап өткен жөн», - деп жазды Президенттің көмекшісі.