ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов қыстыгүні алыс жолға шығатын көлік жүргізушілеріне абай болуды ескертті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қыста көлік жүргізудің өз ерекшелігі бар. Біріншіден, ауа райының өзгеруіне байланысты абай болған абзал. Қазақстанның климаты шұғыл өзгеретіндіктен, жүргізушілер жол үстінде дайын болуы керек. Мысалы, елдің орталық, солтүстік және батыс аймақтарында боран соғып, аяз ұйытқып, жол көктайғақ болып тұрады. Осының салдарынан қозғалысты шектеп, жолды тазартуға біраз уақыт жұмсалады. Ал оңтүстік және шығыс жақ таулы келетіндіктен, жолды қар басып, тұман жиі түседі», - деді ІІМ баспасөз мәслихатында Серік Түсіпов.
Осыған байланысты жүргізушілер аймақтардың ауа райы бойынша айырмашылықтарын ескере отырып, синоптиктердің хабарламаларын қадағалап отыруы тиіс. Жолға шығуды жоспарлағанда сақ болған абзал.
«Алыс жолда келе жатып ауа райы бұзылып кетсе жақын жердегі елдімекенге жетіп алып, күн райының саябырлағанын күтіңіз. Ал егер автокөлікте қалғаным жөн деп шешсеңіз, міндетті түрде құтқару қызметіне хабар беру керек. Қараша айы басталғалы аймақтарда көктайғаққа байланысты жол жеті рет жабылды. Ал 2019 жылы автокөлік қозғалысы 985 рет шектелген болатын», - дейді ол.