Алматы облысындағы Қарасай аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі карантин алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске салсақ, облыстағы 3-ші сырқат 1995 жылы туған, жүктіліктің 21-22 аптасындағы әйел «Асыл Арман» ТК тұрғыны болатын. Мұнан кейін осы тұрғын үй кешенінде тұратын 1957 жылы туған тағы бір әйелдің ауырғаны анықталған еді. Коронавирус инфекциясының бұдан әрі таралуына жол бермеу мақсатында «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 1 сәуірден бастап карантин енгізілген. Сол уақыттан бері тұрғын үй кешені аумағында медицина қызметкерлерімен және тәртіп сақшыларымен бірге әскери-еріктілер де қызмет етті.
Бүгінгі күні тұрғын үй кешенінің тұрғыны, 1995 жылы туған әйел қайталай анализ алынғаннан кейін ауруханадан шығарылды, ал 1957 жылы туған тұрғын ем қабылдап жатыр.
Қарым-қатынаста барлығы 23 адам болғаны анықталып, олардан вирусологиялық анализ алынған, оның қорытындылары теріс болып шықты.