13 там, 2021 сағат 22:12

Карантинге қарамай той жасаған Жаңабыловтарға айыппұл салынды


Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы Dilu PLAZA мейрамханасында каратинге қарамай той өткізгендерге қандай шара қолданылғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«13 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық полиция басқармасынан Dilu PLAZA мейрамханасында 9 тамыз күні үйлену тойы болғаны және оны Ислам Жаңабылов пен Ерболат Жаңабылов ұйымдастырғаны туралы материалдар келіп түсті. Ислам Жаңабылов аталған отбасылық іс-шараны ұйымдастырушы ретінде кінәсін мойындап, Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 87 510 теңге (30 АЕК) айыппұл төлейтін болды. Ал Ерболат Жаңабылов тойды ұйымдастырмағанын, тек қонақ ретінде қатысқанын мәлім етті. Қоғамдық орында бетпердесіз жүргені үшін Ерболат Жаңабылов та 87 510 теңге айыппұл арқалады», - деп жазылған басқарманың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Құзырлы орган Жаңабыловтардың кінәсін мойындағанын ескеріп, 7 тәулік ішінде салынған айыппұлдың тең жартысын, яғни 43 755 теңгеден төлеуге мүмкіндік берді.

Ал осы тойдың өтуіне жол берген Dilu PLAZA мейрамханасының иесіне қатысты келіп түскен материалдар Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қарауында жатыр.