15 қар, 2020 сағат 15:39

Карантин: Еуропа елдерінде жағдай ушығып тұр

Еуропаның бірқатар елінде коронавирусқа қатысты ахуал ушығып тұр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Үкіметі жанындағы ВАК жұмысының телеграм каналына сілтеме жасап.

Италияда тәулігіне коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 41 мыңға артты. COVID-19-бен ауырған 550 науқас қайтыс болды. Кампания және Тоскана облыстары «қызыл аймаққа» енді. Елде «қызғылт сары аймақтардың» қатары да кеңейіп келеді. Мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне көп ауыртпалық түсуде.

Испанияда соңғы тәулік ішінде 21 мыңнан астам COVID-19 жұқтырған адам анықталды. Сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 498 жағдайды құрады. Бұл - ел үкіметі белгілеген шектеу енгізілетін шекті мән.

Ұлыбритания ауруханаларында COVID-19-дан 15 мыңға жуық адам емделуде. Коронавирустың көбею коэффициенті бәсеңдеген, яғни 1-ден 1,2-ге дейінгі аралықта. Ел билігі вирустың таралу жылдамдығы төмендей бастағанына қарамастан, шектеулерді жеңілдетілуі бұл үрдіске теріс әсер етуі мүмкін деп есептейді.

Францияда ахуалы нашар COVID-19 науқастарының саны 4900-ден аспайды. Жалпы елде көлемінде ауыр науқастарға арналған 7700 төсек бар. Олардың үштен екісі бос емес. Ел билігі қажеттілік туындаса, елдегі қарқынды терапиядағы орындардың санын 10400-ге дейін көбейтуге болатындығын айтады. Ел үкіметі карантиндік шаралардың жеңілдетілмейтіндігін жеткізді.

Аустрияда қайтадан ұлттық карантин енгізілуде. Сейсенбіден бастап далаға тек орынды себептермен шығу мүмкін болады. Мектептер қашықтықтан оқытуға көшеді, қызмет көрсету кәсіпорындары мен дүкендердің көпшілігі жабылады.