19 қар, 2020 сағат 16:07

Карантин: Елордадағы «Алания» түнгі клубы 20-ыншы рет айыппұл төледі

Бұған дейін бірнеше мәрте карантин режимін бұзған елордадағы «Алания» түнгі клубы тағы да құқық қорғау органдарының назарына ілікті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін түнгі сағат 02.50-де мобильді топ «Алания« түнгі клубын карантин режимін тағы бұзғанын анықтады. Бұл жолы көңіл көтеру орнында 70 адам болған. Осы уақытқа дейін, қыркүйектің соңында 25 жастағы клуб әкімшісіне бірнеше рет ескерту жасалып, тіпті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы 1-тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Алайда, көңіл көтеру орны жұмысын жалғастыра берген. Осы факті бойынша түнгі клуб әкімшісіне қатысты әкімшілік іс қозғалып, ол Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот кулб әкімшісін кінәлі деп тауып, 1 тәулікке қамауға алынды. Алайда, осыған қарамастан мобильді топ 13 қарашада түнгі клубтың қайтадан карантин режимін бұзғанын анықтады. Сот клуб әкімшісін 2 тәулікке тұтқынға алу туралы шешім шығарды», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінен. 

Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері «Алания» түнгі клубы түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 20 рет әкімшілік жауапқа тартылған. 

Жалпы, өткен тәулікте мобильді топ 227 кәсіпкерлік субъектісін тексеріп, карантин режимін бұзудың 4 жағдайын анықтады. Аталған фактілерге қатысты материал жиналып, санитариялық-бақылау басқармасына әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді.

«Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті мекеме иелері мен келушілер тарапынан орын алып отырған немқұрайлылық инфекцияның таралуына алып келетіндігін ескертеді. Карантин режимін бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», - деп ескертеді ведомстводан.