Фото: ашық дереккөз
Прокуратура өңірдегі спорт нысандарына кешенді тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Тексеру стадиондар, бассейндер, спорт мектептері, мұз айдындары мен футбол манеждерін қамтыған, деп хабарлайды Ult.kz.
Қадағалау барысында спорттық құрылыстардың заңсыз түрде жеке тұлғалардың иелігіне берілгені белгілі болды. Аталған нысандар коммерциялық мақсатта пайдаланылғанымен, жалдау ақысы төленбеген.
Мәселен, Павлодар қаласында хоккей корты үш жыл бойы тегін қолданылып, коммуналдық шығындар бюджет есебінен өтелген.
Сондай-ақ спорт мектептерінің қызметінде жалпы сомасы 10 миллион теңгеге жуық ұрлық пен жалған төлемдер фактілері тіркелді. Атап айтқанда, бір ауданда бухгалтер үш жыл ішінде өзіне заңсыз түрде шамамен 6 миллион теңге аударған. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.
Тексеру кезінде спорт ұйымдарында жалған дипломдары бар жаттықтырушылардың, сондай-ақ бұрын халық денсаулығы мен имандылыққа қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікке тартылған қызметкерлердің жұмыс істегені де анықталды.
Бұдан бөлек, спортшыларды шын мәнінде жоқ қонақүйлерге орналастыру туралы жалған шарттар жасалып, мемлекетке 2,8 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.
Прокуратура мәліметінше, тексеру нәтижелері спорт нысандарының басым бөлігі тозған күйде екенін көрсетті. Атап айтқанда, трибуналардың қирауы, шатырлардың ағуы, мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдайдың жасалмауы, санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы тіркелген.
Аталған заңбұзушылықтардың барлығы бойынша оларды жою және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында қадағалау актілері енгізілді.
