28 қар, 2017 сағат 23:05

Қарақытайлар көші

Жунгоның орта ғасырлар тарихында Қидандарды Дун-ху (монголоид нәсілі) тобындағы Сяңби тармағынан деген. Олардың көнеден жеткен аңызы бойынша арғы тектері аспаннан жаралған (хоуи) ақбоз атқа мінген аспан адамымен тағы бір көк өгіз (өкреш) жеккен арбалы аспан сұлуынан (найман ана) таралады екен. Бұлар Мәуешан тауының етегінде Пендисунлин деген өзенмен қосылатын Шара Мұрын өзенінің бойында кездесіп қосылған дейді. Осылардан сегіз ұл туып сегіз тайпалы ел болады. Ал, нақты тарихи дерегі ІҮ-ші ғ. бері сарай жазбаларында жазылып отырған. Тарихи «Цидан го-чжи» Е Лун-ли, «Дерек көздері» Бичурин, «Темір қағанатының тарихы» В.Е. Ларичев т.с.с. жүздеген тарихи жазбалар баршылық. Ханзу тарихшылары бұларды, пиньиң, цидаң деп те атап, қидандардың ата мекені деп қазіргі Маньчжурия, Ішкі монголия және қазіргі Монгол республикасының жерін көрсетеді. Олар 907-ші жылдан 1125-ші жылға шейін Шығыс Ляо (Ылау) аталған мемлекетті құрды. Аса қуатты бұл мемлекет сырт елдерге қытай (Cathay) атымен танылған. Осы атау көне жұртқа қалып қазіргі ханзу елінің солтүстігі Қытай деген атпен батыс елдеріне танылған. 

Діни ғұрып бойынша шаш қою үлгісінің ерекшелігі бұларға Қидан (шашты қидалап қыру) деген ныспы тағылған Қарақұтай (қарақидан-қидая) ұлысы Жапон теңізінен Шығыс Түркстанға шейінгі ұлан-ғайыр өлкені жайлады. Бұл ұлыстың тілі әдет ғұрпы туралы ханзу деректерінде тыңғылықты жазылған. Олар қидан тілі А-жа (ашина) тіліне ұқсас, ел хагандарын Ге-Тан (дажень) деп атайды. Өздері негізінен көшпелі тұрмыс құрып сиыр, қой, жылқы, түйе өсіреді. Қабан, бұғы, бағалы терісі бар аңдарды аулайды. Жазда арбалы (утрем) үйлерде, жинамалы (абақ) киіз үйлерде тұрады. Қыста қорғаны бар қалаларда тұратыны айтылады. Сонымен қатар көшпенді жұртқа тән емес балық ұстау әдісін де меңгеріп, оған қармақ, тор және аша (үш айыр) қолданады дейді.

1125ж. Чурчжендер (тұңғыс-шүршіттер) күшейіп қидандардың Ылау (ляо) мемлекетін талқандаған соң олар қотарыла көшіп Орта Азия жерін басып алады. Мұнда Талас, Шу өлкесіне бас ордаларын орнатады. ХІІ-ші ғ. қарақытай (қарақидан) билігі бүкіл Орта Азияға үстемдік етіп Балқаштан Ферғана жазирасына шейінгі Балых, Хотан, Гаочан хорезмшахтарынан салық алып империя құрады. Астаналары Баласұғын, Үзген және Қашқар қаласында болды. Гурхандары (хандардың үлкен ханы) Елюй Даши еді. Монголдар арасындағы Бөржігін руынан Шыңғыс хан шығып бүкіл көшпенді жұрттарды құзырына қаратқан соң Қарақидандар «Мәңгі ел» құрамына Найман (монг. сегіз ел) деген атпен қосылды.

Найман ұлысын «Қидан тарихынан» бөлектеу ханзу тарапынан да, орыс тарихшылары тарапынанда қазаққа қимағандықтан жасалған әдіс. Олар Ылау, Телеге қидандары бір неше рет «Цзубу» елімен қақтығысқан. Ал, батысқа ауып шығыс Ляо мемлекетін құрғанда цзубу қидандарға бөтен ел еді сондықтан қазақ наймандары да (цзубу) сегіз ел аталғанымен қиданға сорпасы қосылмайды деген қитұрқы тұжырым жасаған. Мұндағы цзубу не себепті найман аталуы керек екендігін еш бір жазбада ашып айтпаған. Олардың басты дәлелі қидандар монгол арасына ауғанда тіл қыйыншылығын көрмеген сол себепті олар монгол жұртына тиесі деп шешкен екен.

840-шы жылы Манихей дініндегі миссионер сарттар түркі басшыларын ірітіп лаң салғандықтан Ұйғырмыш аталған көшпелі қағанаттың құрамындағы керей, найман тайпаларының бір руларын ханзулар «цзубу» көшпелі жұрт (арбамен көшушілер) деп атаған екен. Бір-ақ, бұлар жер қайысқан «сегіз оғыз», «тоғыз татардың» тармақтары ғана болуы керек. Әйтсе де бұл деректен де аталған тайпалардың монгол емес түркі тілді екендігін анықтаймыз.

Рашид ад-дин маңғыт, барлас тайжуидтерді монгол тілді деп ашып жазады. Ал керейлерді Онон және Керулендегі монгол жазирасын мекендейді деп қана жазған. Осы Керей және Найман ұлыстарын жоғарыда айтылған Цзубу дейді. Солтүстік цзубу –Керейлер, батыс цзубулары наймандар. ІХ-шы ғ.соңы, Х-шы ғ. басында олар Ляо қидандарынан жеңіліп 984 ж. қарақытайға қосылған. Сөйте тұра бір замандарда бұлар күшейіп 1069 ж. Ляо әскерін талқандап мемлекет билігін қолға алды дейді. Соңынан Ляо мемлекетін шүршіттер құлатқанда бұлар «сегіз оғыз», «тоғыз татар» аталып бөлініп кетеді. Монгол билігі әсерінен қарақидан (қарақытай) атауы жойылып түркі тілді елге монгол тілінде «найман» атауы сырттан таңылды. 

1125ж. Найман (қарақидан) мемлекеті құрылды. 1143 ж. Инаншы –Білге Бұқа ханның тұсында наймандар Алтай, Батыс монголия, Шығыс Қазақстан аймақтарын басып алып керейлер де осы ханға бағынышты болды. ХІ-ші ХІІ-ші ғ. найман хандығы әлсіреп мемлекеттік ішкі тартыстан екіге бөлінеді. Инаншы Бұқа ханның екі ұлы Таян хан мен Бұйрық хан екі жарылды. Осының салдарынан бірліктен кеткен олар 1201ж. Керей-монгол әскерінен жеңіліс тапты. 

Бай Бұқа хан (Тай-ван, Таян хан) монголдармен ұзақ жылдар тай-таласып 1204 ж. Хан-хай тауының етегіндегі ұрыста жекпе-жекке шығып қаза болады. Оның ұлы Күшілік хан ағасы Бұйрыққа барып қосылады. 1206 ж. Тарбағатайдың шығысында болған соғыста Бұйрық хан да жекпе-жекте қаза табады. Күшілік хан Ертіске шегінеді. 1208 ж. әбден күшейген Шыңғыс хан әскері найман- меркіт тайпаларын Қарқара тауына дейін ысырып, меркіттер Орта мерке, Шет мерке аталған жерлерге қоныс тебеді. Сол кездегі Лепсі, Қапал, Алатау алабы түгелдей Иран жеріне дейінгі аумақта Қарақытай (қарақидан) жері еді. Орталығы Шу өзенінде болды. 

Монголдар мұнымен тоқтамай одақтасы болған Керей елін де тұтқиылдан талқандап ел жұртын өз қатарына қосып алып «Торғауыт» атандырды. Найманның көбі Таян ханның ұлы Күшілік ханға ілесіп Хангайдан Алтайға өтіп монгол шабуылынан аман қалған меркіт пен керейіт арасына келді. Мұнда да монголдар келіп Жетісуға шегінген елдің жұртта қалғандары монгол құрамына кірді. Күшілік хан өзіне ілескен елмен туысқан қарақытай билігіндегі өлкеге өтеді. Мұнда ол қошаметпен қабыл алынып қартамыс гурхан Жылыгудің қызына үйленіп Қарақытай (қарақидан) тағына отырады. 

1210 ж. Қарақытай әскері Талас өзенінің бойында Мұхамед Хорезмшаһтан жеңіліп, шегінген кезде Үзгенттегі гурханның қазынасына ие болады да одан да әрі Баласұғынға өтіп Күшілік ханның әскеріне қосылады. 

Күшілік бұл өңірге өткенде, қарақидандар өз туыстарын сыртқа теппей керісінше оған күш қосады. Осыдан сескенген Шыңғыс хан жедел түрде Жэбэ ноян түменіне ең таңдаулы жасағын қосып Күшілікті өлтіруді тапсырады. Ол, Алай (Памир) жеріндегі Сары көл деген жердегі шайқаста Күшілікті өлтірген соң оның тұтқындалған адамдарын Ертіс бойына көшіріп әкеліп қоныстандырады (ергенекті найман). Алайда қалғандары ІҮ-ші ғ. соң осы өлкеге (Ұлытаудың кіші тауы) қоныстанған Кербалық атты Ер Шостанның елі Бағаналы, Дүрмен наймандары арасынан қоныс алып «Телэ қытай» тегін ұмытпай Төлегетай деп аталады. Қарақытай империясы ендігі монголға қараған соң үзеңгінің ішкі доғасы есебінде «Могол» моғал деп аталады.

«Ақ Орда» тарап «Моғолстан» жеріне Жучи хан мен Орда Ичжень хан ұрпақтары таласып жатқан кезде Телеқытайлар Сырдария мен Атбасар, Ырғыз аралығында тұрақтаған. Мұхамед Шайбани (Шайбақ хан) Самарқанды алған соң Телеқытайлардың ішінен көтерілген Қобыз найман Мервті иеленіп билік етеді. Балхты (1580-1590) Назар би аталық басқарса найман Құлмұхамед би Шайбанилік Санжардың ордасын басқарған екен. 

Мұхаметжан Тынышпаевтың зерттеулерінде Төлегетай «Телэ–Қытай» тайпасы емес жеке тұлға ретінде шежіре атасы тұрғысында жазылған. Оның жазуынша бұл адам Үзгенттегі қожалар зиратына жерленген миссионер. ХҮІ ғ. өмір сүрген тарихи адам, оның немересі (өз есебі бойынша) -Ерторы, Есімханның (1630) тұстасы болған болуы керек, дейді.

1625 ж. бастап Телеқытайлар «көшпелі өзбек» құрамында болып Шайбанилерге қараған. 1680 ж. төлегетай, дүрмен-барлас, бағаналы-балталы наймандары Қаратау, Ұлытаудың кіші тауы, Әулие ата, Ташкент қалаларына (Сыбан би, Нарынбай би, Жангөбек би) билік жүргізді.
Олардың елі Арыс өзені мен Сырдария өлкесін жайлаған. 1723 ж. Жоңғарлардың шабуылына ұшырап «Ақтабан шұбырынды Алқа көл сұлама» болған соң 1723-1726 ж. тынымсыз соғыстарда өрт ішінде жүріп күресіп 1726 ж. орыс шекарасына (Орынбор) Сәмеке (Шаһмұхамет) ханның басшылығымен келіп орналасады. 1738 ж. Ресейдің қолдауына ие болып бодандық шартына кіреді.

1740 жылы Сәмеке хан тарихта айтыла бермейтін сатқындықтың салдарынан орыс қаласын шабуға бара жатқан жорықта опат болып, «Орда жүз» хандығы мұнан соң Әбілмәмбетке одан соң Абылай ханға өткен. Өкреш (сегіз оғыз) наймандары 1758-1760 ж. Қабанбай батыр, Боранбай би, «Қу дауысты» Құттыбай би, Ақтамберді жырау сияқты билердің күшімен Шығыс Қазақстанға, Жоңғар Алатауына қайтадан қоныстана бастайды. Телегетайлар Қарқаралы, Шыңғыстау өңірінен 1810 ж. толық қоныс аударған соң бұл жерлерге Арғындар келіп орналаса бастаған. 

Найман шежірелерінде Өкіреш ру басы тұрғысында жүз жасаған қарт болып суреттеледі. Ол 97 жасқа келгенде балалы болып басқада қарақытай руларының атасы ретінде айтылған. Бір ұрпағы Төлегетай наймандарының Шайбани хан тұсында исламға кірген кезін, осы кісінің «Ақ сопы» аталып қарақытай (қарақидан) арасында миссионерлік қызмет те атқарғанынан дерек береді. Мұнда ол қожа Қылышты атаның күйеу баласы болып суреттелген. Бұл адамдардың зират қойылымдары қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған қаласынан отыз шақырымдай жерде оңтүстік-батысқа қарай орналасқан. 

Жаңақорған ауданында 1988 ж. мүсін ескерткіш орнатып жүріп арнайы барып көргенімде сақталуы бір шама жақсы болатын. Зират көлемі сегіз қадам шамалас шаршы болып жасалған. Биіктігі кісі бойынан құлаштай биік етіліп сабан добадан түйіп қаланған екен. Есігі оңтүстікке қаратылған. Кіреберісі қос бағаналы дың үлгісінде көтерілген. Мола ат беит болып найман үлгісінде сылап соғылған. Кезінде төбесі жабық болғанға ұқсайды. Ішінде зираттың өзінен де көнелеу көрінген балбал тас және бір айыр бақан бар. Бұл бағана «Бағаналы» елінің белгісі болуы да мүмкін. Қасында осы зиратқа ұқсас, бірақ көлемі жағынан үлкен Қылышты-ата бейіті бар. Аңыз бойынша Төлегетай осы кісіге күйеу болып Ақ сопы аталған екен. Шежірелердің негізгі тұрқы бойынша Төлегетай өзінен туып жастай өлген Қытайдың төрт ұлын бауырына салып өсірген делінеді. (Өйткені шежіре құрлымы түпкі қарақытай атауын сақтауды мақсат еткен) Сол себепті төрт тайпа ел, «Төлегетайдың төрт баласы» деп аталған. Бұлар; Қаракерей, Садыр, Матай, Аталық (Дөртуыл). Бұлар төртеу болғанымен көнеден келе жатқан тотемдік салт Хаптағай (жабайы бұқа,бура) ұранын сақтап қидан заманынан бергі дәстүрлі салтпен Тоғыз ту көтереді. 

Аристовтың зертеу жазбасында Наймандарының патшалығы Тамыр және Орхон өзенінен Ертіс өзеніне дейінгі жерлер еді. Олар өз заманының көшпелі жұрты ішіндегі ең мәдениетті жазу –сызуы бар мемлекетті басқару жүйесі бар, мемлекеттік мөрі бар, бір орталыққа қараған қутты ел болды. Мәнсап иелігі әкеден балаға қалдырылатын. Соңынан Ұлық Ұлысқа (Алтын Орда) қосылған кезде де наймандар билік басындағы дәрежелі орындарға ие болды дейді. Бұлардың қазақ құрамындағы Бұқа (Өкреш) дәрежелі үлкен бөлігі Теле-қытай (төлегетай) деп аталады.

Ал, қоңырат турасында деректер жоқтың қасы сияқты болғанымен Рашид-ад дин тикин елі турасында бір дерек жазған екен. Мұндағы тикин көне сяңби замандарындағы тегин (телигун) атағы сөзінің түрленуі сияқты. Ол: найман ұлысына іргелес тикиндер қоныстанған. Олардың елбасы Қадыр-Бұйрық еді. Оның ұлысы Он хан мен Таян ханның елінен де мол болатын. Шыңғыс хан оларды да, оңғыттарды да өз еліне қосып алды дейді. Бұдан соң ол өз туыстарына осы тикиндерден ғана қыз алып келін түсіруді өсиеттеген екен. Тикиндер мен найман қыздарының сұлулығы мен ақылдылығы әйгілі болатын деп жазғанымен тикиндердің түп тамырын ажыратпаған. Бізге белгілісі тикин руының түрік оғыздары арасында болуы және Ақал-теке жылқысының атауы. Егер қоңырат атауының да жылқыға байланысты болуы керек десек тикин деген ел осы ханзулар Бома (ала ат-алакчин) атаған Алтайдан қиыр шығысқа ауған ел болуы мүмкін. Бұған тағы бір дәлел Шыңғысхан тұқымдарының «алтын құрсақ» аналарының көпшілігі қоңырат найман тайпасының қыздары болуы. Осыған қарағанда және сол замандағы монгол жазығында мекендеген тайпалар тығыз араласып ортақ тілде сөйлеген болуы керек. Ал ол ортақ тіл көне Гун, Хун, Сюнну заманынан жеткен алғашында Ухуань, Сяңьби аталған елдердің тілі негізінде орныққан түркі (алтай) тілі. Бұған жүздеген дәлел бар.

Модэ тегінен тарайтын солтүстік өңірдегі Хун ұрпағы Юйчугянь, шаньюйдің соңғы ұрпағы еді. Қытай тарихы мұның билік кезеңі 93-ші жылды Хун мемлекетінің соңғы жылы деп жазған. Бұл хундердің жер бетінен жойылуы емес, тек қана бір әулеттің билік кезеңінің біту дәуірі еді. Тарих сахнасына Сюн-нулар келді. 

Осы жылдан соң билік басына осы кезде Қиян (қият) деп қате айтылып жүрген Хуян (Қоян) әулеті шығады. Бұл әулет өздеріне қарасты елді «Сяньби» (Хун соққысынан соң Саян тауына тығылғандар) деп атайды. Тарихта бұлар 34 мың түтін (237300 адам) деп көрсетілген. Сяньби елі кейінгі Табғаш мемлекеті (Керей-қиян), Қидан (Найман), мемлекеті Жаужан (Татар) мемлекеті сияқты түркі ұлыстарының негізгі жұрты болды. Оларға көптеген ұсақ тайпалар мен басқа да жерлерден қашқандар қосылды. Осылармен қатар аралас көрші болған Ухуанның шивэй тармағынан Шыңғысхан монголдары таратылады. Бұл аз ғана ру билік басына шыққанымен көпті мойындап ортақ түркі тілінде сөйлеген. Ал, Шыңғыс хан заманынан кейінгі, Ойрат билігі кезіндегі монгол және халха жазығына көшіп келіп орналасқан тұңғыс-манчжур тілді сібірліктер кейінгі кезге шейін өз руларын ұлт есебінде төлқұжаттарына жаздырып келді. 

Шыңғыс хан монгол халха және маньчжур жазирасын Хасар бастаған бауырларына қалдырып негізгі орда елін қазіргі қазақ жеріне көшірген. Бұдан бұрынғы замандарда да Гундар, Бесенелер сияқты Хундердің тағы бір үлкен бөлігі қазіргі Қазақстанның Қарағанды жеріне өтіп, әл жинаумен болады. Бұлар жергілікті елмен араласа отырып әбден күшейіп мал өрісі тарылғанда Урал тау (Өр Алтай) Жайық, Еділ бойына жылжып Европадағы Скиф даласына қоныстанды. Сөйтіп қытай ықпалымен Хун-ну елінің бір тармағы Гун-ну деген айбарлы есіммен Европаны жаулап алды.

Византия тарихшысы Иордан; Олар Аландарды (скиф-өскиһи) бағындырған соң өте үлкен тайпалар одағына (империя) ие болып аз ғана Гун тайпасы ІҮ-ші ғ. 70 жылдары Дон өзенінен өтіп «Халықтардың ұлы көші» аталған дәуірдің есігін ашты деп жазған екен.

Еркін Ануарұлы Көкеев

Ұлт порталы