ҚАРАХАН ТАРИХЫ: ата-тек шежіресі
(Тараздағы Әулие Қарахан құпиясы)
Тарих – халықтың айнасы. Өткені мен бүгінін жалғастырушы һәм байланыстырушы, әрі адамзат баласының жүріп өткен өмір жолдары. Әр ел осылайша өзінің даму тарихында әртүрлі із қалдырады. Біреулері ұлықталып жатса, біреулері құрып бара жатты. Ал, біз сөз еткелі отырған біздің бабаларымыз - Түркі халықтары – әрқашан әлем тарихында ұлылықпен және ірі мәдениеттің иесі болуымен сипатталып келді. Әлемді жаулаған түркілердің іздері әлі күнге дейін Еуразия даласында сайрап жатыр және қазіргі таңда, көптеген халықтың ел болып ұйысуына ат салысты. Түркі қағанаты, Түргештер, Қарлұқтар, Қарахандар, Қарақытайлар құрған түркі мемлекеттері біздің өркениетіміз бен мәдениетіміздің ең бір мәдени даму жетістігінің шегіне жеткізгенін көрсетті. Ал, біз осы мақаламызда елімізді ортағасырдағы гүлденудің ең биік шыңына жеткізген, ғылым мен білімді жоғары дәрежеде дамытқан Қарахан мемлекеті мен ақсүйектерінің тарихи пайда болуы мен қайдан шыққаны туралы ой қозғамақпыз.
Ең бірінші Қарахан империясының құрылуы мен пайда болуына және оны құрған Түркі ақсүйектерінің тегіне көз жүгіртейік. Қарахан қағанаты алғаш рет тарих сахнасына Х ғасырларда шықты. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Орталық Азияны тұтасымен жаулап алып, Шығыс Түркістан, Жетісу, Сырдария, Талас, Шу, Мауереннаһр өңірін өздерінің құтты қонысы етеді. Яғни, Қарахан қағанатының құрылуы ол мемлекеттің құрушысы саналатын Сатұқ Боғра ханның 940 жылы Баласағұн билеушісін тақтан түсіріп, өзін Қара қаған деп жариялауынан басталды дейді. Міне, осыдан бастап тарих бетінде Қарахан деген атау орнығып қалды. Негізі, Қарахан деген аттың өзі қашан және қай ғасырда пайда болған? Әсілі, осы ұлы терминнің шығу тарихының өзі ескі көне көз шежірелерде адамның атымен байланыстырылады. Атақты Шығыстың ғұламасы, Парсы мен Тұран арасындағы ірі соғысты сипаттап жазған Фирдаусидің «Шахнама» атты үлкен шығармасында Тұранның атақты қағаны Афрасиабтың өмірін кеңінен суреттейді. Осы жыр жолдарында да Фирдоуси Афрасиабтың батыр ұлдарын сипаттап жазады. Үлкен ұлы Қараханның ерлігін де баяндайды. Міне, алғашқы Қарахан атауы Афрасиабтың үлкен ұлы ретінде алғаш рет осы жерде кездеседі. Бұл туралы көптеген ортағасырлық дерек көздері Қараханды көбінесе аты аңызға айналған атақты Оғыз бабаның әкесі ретінде сипаттайды. Жалпылама айтқанда Қарахан батырдың бабасы да баласы да әлемді жаулаған түркі қағандары екенін ұғынасың. Осындай атышулы атақтың әлемге жайылуы көптеген ақсүйек хан ұрпақтарын да ойландырса керек. Мұны айтып отырған себебіміз, әлемді жаулаған Шыңғысхан да өзінің ата-баба шежіресін атақты Оғыз қағанға апарып қосады. Ұлы Әмір Темір де шежіресін жазғанда аталарын апарып Шыңғысханның арғы бабаларымен қосып, ол да Оғыз патшаға барып тіреледі. Яғни, ұлы қағандардың түп аталары, атап айтқанда, Қарахан бабаға, оның ұлы Оғыз қағанға қосылатыны әрине, қызық жайттер екені рас. Бірақ, мұның да түбінде бір шындықтың бары ақиқат қой. Әйтпесе, соншама хандар мен әмірлердің өз ата тегін Қарахан – Оғызға апарып бекер қоспасы белгілі де. Тіптен, қырғыз халқының атақты эпосындағы Манас батыр да өзін қырғыз емес, түп атасын Қараханға сілтейтіні жайдан-жай емес болар?!
Түп атасы Түмен хан,
Түмен ханнан Баюнхан.
Баюн ханнан Шаян хан,
Шаян ханнан Қарахан.
Қараханнан Жақыпхан,
Жақыптың ұлы жас Манас,
Жалпы жұртқа бас Манас,
-деп «Манас» жырында да Манастың түбі Қарахан екенін бұлай толғана жырламас та еді ғой. (Қырғыз халқының батырлық дастаны. Манас. 1-том). Осы Манас жырын терең зерттеген Әлкей Марғұлан өзінің «Ежелгі жыр аңыздар» атты еңбегінде: «Манас шыққан ортаның жемісі көп оңтүстік өлкелер – Талас, Ферғана, Қашғармен тығыз байланыста болғанын белгілеп, оның Қарахан дәуірінде мәдени тұрмысты қала өмірін еске түсіретіндігін көрсетеді» дейді. Шынында да Манастың өмірі өткен кезең мен жерлер де Қарахан дәуірі екені рас және өзі де Қарахан ұрпағы екенін жырында айтып кетеді. Оны біз жоғарыда келтірдік. Ал, Әлкей Марғұланның айтуы бойынша Манас Тараздағы Әулие Қараханның інісі болып келеді. Әлкей Марғұлан осы еңбегінде: «Ибн әл-Асирдің жазуынша, Жақып (Манастың әкесі) – Талас қаласында орда құрған Шах Махмуд Әулие Қараханның інісі. Х ғасырдың соңында Атбасында әкімшілік құрып, сол аймақты билеген кісі» дейді. Сөйтіп, олардың шежіресін былай таратады: «Сатұқ Боғра хан – Елек Боғра хан – Харун Бурахан(Әулие Қарахан), Қадырхан. Қадырханнан – Үсіп, Жақып. Жақыптан – Манас. Енді осы Манас жырында Манас пен батыр Алмамбет өлген кезде екеуін де әкеліп Талас қаласына жерлейді. Әлкей Марғұлан тағы да осы еңбегінде: «Талас қаласы – түу баста түрік қағандарының белгілі бір байтақтысы, оны Рум елшісі Земархтың жазулары ашық сипаттайды. Қарлық, Қарахандықтар дәуірінде Талас – олардың Жетісудағы атақты астанасының бірі... Манастың әлеуметтік тіршілігі көбінесе осы Талас, Мерке, Құлан қалаларының төңірегінде өтеді.. Халық аңызы бойынша, ең ақырғы соғыста өлген Манастың тәнін Таласқа әкеліп қояды (403 бет)» деп нақтылайды. Тағы да: «Жау қолында өлген Алмамбеттің сүйегін Бақай жау жерінде қалдырмай, өзінің Сары ала тұлпарына артып, ұйық жер – Таласқа әкеліп қояды (411 бет)» деп жазады. Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз, ондағы ойымыз Қарахан ақсүйектерінің ең көп мекендеген және ең жерленген жерлері қасиетті Тараз қаласы еді. Бұл дегеніміз – сол дәуірдегі Тараз қаласы Қарахандық ақсүйектер көп жерленетін ұлы хандар пантеонына айналған қала деген ойымызды растай түседі.
Міне, осылайша Қарахандықтардан көптеген ұлы тұлғалардың шыққанын және Қарахан деген атаудың негізі арыда жатқанын аңғардық. Бірақ, осы күнге дейін белгісіз болып келген, яғни, тайпалар арасында қарқынды шыға қоймаған осы атаудың қайдан пайда болғаны туралы пікірлер сан-алуан. Себебі, дәл сол дәуірде бүгінгі күні біз Қарахан атап жүрген мемлекет шынымен Қарахан аталды ма, әлде, басқа атаумен аталды ма, бұл жағы бізге беймәлім. Бізге белгілісі, «Қара қаған» деген титулды иемденген билеушінің атымен қағанат «Қара қахандар империясы» деп аталып кетті дейтін тұжырым. Ал, Қарахан деген ұғым - негізі мемлекеттің шартты атауы болатын. Оны 1874 жылы В.Григорьев деген ғалым енгізгенді. Әйтпесе, Қарахан мемлекетін сол заманда батыс елдері Елек хандар немесе Табғаш хандар деп атаса, ал арабтілді құжаттарда Әл-Афрасиаб әл-Хақания елі деп атаған. Яғни, атақты түркі хақаны Афрасиабтың ұрпақтары екенін және солар құрған мемлекетті Афрасиаб хақанның елі деп бекер атамаса керекті.
В.Григорьевтің бұл атауды неге сүйеніп және қандай деректен алғаны белгісіз. Себебі, көне көз деректердің көбісінде Қарахан мемлекетінің хандары Боғра хандар, Табғаш хандар, Арслан хандар, Қадірхандар деп жазылған және ішінара ғана Қара хандар деп те жазылғанын ескерсек, Қара хандар деген көп айтылмағанын аңғарамыз. Әрине, Қарахан деген атаудан қашып отырған жоқпыз, тек осы династияның өкілдері шын мәнінде сол дәуірде қалай аталды және өздері құрған мемлкеттің атауын қалай атады деген ой ғана бізде. Бұл біз үшін Қарахан тарихын жақын зерттеп танысуға көп септігін тигізетінін ескеруіміз керек. Осы Қарахан термині туралы қаншама ғалымдарымыз жазып та, айтып та келеді. Кейбіреулері тіптен олар туралы тың ойларын ортаға салған. Солардың бірі Хамза Көктәнді ағамыз. Ол кісі өзінің «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде: «Қара ғұн – Қара-ғұнилар мемлекеті. Қарағұниттар – қарахандар мемлекеті. «Қарахандар» мемлекеті деген сөздің мағынасы «әулие хандар» мемлекеті деген сөз. Қараханит елін Афрасиаб патшаның түркі халықтарына жайылған ұрпақтары – қожа руы билеген. Кейінгі замандарда парсылықтар ықпалымен биліктен ажырап қалады» (Москва «Қасиет» 2001 ж. 32-бет.) деп, Қарахан деген атау – ғұндардың кейінгі ұрпағы, өздерін Қарағұн деп атаған тайпалардың мемлекеті деген атаудан шыққан дейді.
Әрине, бұған қарсы шығуға біздің еш себебіміз жоқ. Мүмкін, солай да шығар. Бұл да шындыққа жанасатын қағида. Уақыт өте келе атаудың өзгеріп, Қарағұнның Қарахан болып өзгеріп кетуі де заңдылық нәрсе. Алайда, Қарахан империясының алдында ғана осы өңірге 200 жыл билік жүргізген Қарлұқ қағанаты өмір сүрді емес пе? Ал, Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Қарахан болса сол Қарлұқ ақсүйектерінің бірі Құл Білге Қадырханның ұрпағы саналады. Сонда неге қайта құрылған мемлекетті Қарлұқ емес, Қарахан деп атайды деген дүдамал ой туады. Себебі, сол Қарлұқ мемлекетін құрушы ақсүйектердің жалғасы ретінде құлдыраған Қарлұқ қағанатын қайта қалпына келтірген Сатұқ Боғра Қараханның өзі ғой? Әрине, көптеген ғалымдарымыз Қарахан мемлекетін Қарлұқ қағанатының заңды жалғасы санайды. Тараз аймағы мен Жетісу жерін жайлап жатқан яғма, шігіл, қарлұқ, дулат тайпалары екенін ескерсек, бұл заңдылық та шығар. Бірақ ортағасырлық қожалардың «Насабнама» атты шежірелік қолжазбасында Орта Азияға ислам дінін тарату үшін соғыс аша келген, түбі арабтық саналатын қолбасшыларды, яғни Әбд ар-Рахимды Қарахан империясын құрушы Сатұқ Боғра хан деп санайтындығы. Сөйтіп, өздерінің түбін пайғамбарымыздың сахабасы Хазіреті Алиге апаратындығы. Осы жерде Насабнаманың алты түрлі варианты бар дерегінен шежіре келтірейік. Бұл қолжазбалардың бәрінде де олар өз түбін сонау адам атадан бастап таратады. «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: Наследие Исках баба в нарративной и генеологической традициях. 1-том, 2-том. Составители: Аширбек Муминов, Анке фон Кюгельген, Девин Ди Уис, Михаэль Кемпер. Алматы-Берн-Ташкент-Блумингтон «Дайк-Пресс» 2008 ж» атты еңбекте Насабнаманың Маулана Сайф ад-Дин Орын Қойлақи «Васииат-нама-йи», «Насабнама» Аркук редакциясы, «Таарихнама» Кайалық редакциясы, «Тарджума-йи насаб-нама», «Насаб-нама» Қарасман редакциясы, Абд ал-Азиз и бен Катта ходжаның «Насаб-нама-йи манзума» атты алты түрі басылған. Енді осы деректердің желісі бойынша жазылған Қарахандықтардың ата-тек шежіресін таратайық: «Адам ата – Шис – Унуш – Қайнан – Михайл – Бардайл – Ахнух – Мутушалах – Мадик – Нұқ – Сам – Сайда – Арфахшад – Салық – Әмір – Бала би – Арғын – Аш-Шар – Нарух – Атарух – Азар – Ибрахим – Исмаил – Қайдар – Хамд – Самир – Назр – Йашджаб – Ашджаб – ас-Сам – ал-Йаса(Хазіреті Хидр есімі) – Адр – Адин – Алийа – Маад – Мудар – Ілияс – Малик – Хузайман – Қинанат – Надр – Лауйй – Каб – Мурра – Килаб – Қусайй – Абд ал-Маннан – Хашим – Абд ал-Мутталиб - Абу Талибтен – Хазіреті Али – Мұхаммед Ханафиа – Шах абд ал-Фаттах – Шах Абд ал-Каххар – Шах Абд ар-Рахим баб (Султан Сатук Бугра Кара хан)» болып таратылады. Осы шежіреге қарап отырсақ Сатұқ Боғра хан 800 жылдары өмір сүрген адамның дәуіріне келеді. Ал, ортағасырлық ғалым Жамал Қаршы мен қазіргі көптеген ғалымдардың жазуынша Сатұқ Қарахан шамамен 900-955 жылдары өмір сүрген. Сонда аралары 150 жылға алшақтайтындай шежіре кімді кіммен шатастырып жүр? Ал Сатұқ Боғра ханның түркілік шежіресі Құл Білге Қадырхан – Базыр Арслан хан – Сатұқ Боғра хан болып таратылады. Егер жоғарыдағы шежіреге келер болсақ Құл Білге Қадірхан Шах Абд ал-Фаттахпен бір кескінде тұрады да Хазіреті Әлінің немересі болып шыға келеді. Әрине, бұл қисынға келмейді.
Бұл туралы марқұм Әбдікәрім Әбдімомынов ағамыз өзінің «Қарахан әулеті» атты кітабында да олардың шежіресін былай таратады: Хазіреті Әли Қарамолдах пен Ханафия анамыздан - Мұхаммед ибн әл-Ханафия, одан - Шах Абд әл-Фаттах пен Шаһ Абд әл-Маннан; Шах Абд әл-Фаттахтан - Шах Абд әл-Жафар, одан – Шах Абд әл-Қаһар, одан – Шах Абд ар-Рахман және Шах Абд әл-Рахим; Шах Абд ар-Рахманнан – Ысқақ бап және Абд әл-Жалил бап. Шах Абд ар-Рахимнан құлағымызға сіңісті болған шежірелерде: “Үш бала болды” делініп, екеуінің аттары аталады. Бірі – Абд әл-Кәрім, екіншісі – Абд әл-Хасан» («2011 ж. 59 бет.). Әбдікәрім ағамыз тағы да өзінің осы еңбегінің 12 бетінде: «Қожалар шежіресімен шұғылданып жүріп өздерін Пайғамбардан (с.ғ.с.) кейінгі үш халифа – Хазіреті Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а.), Хазіреті Омар ибн Хаттаб (р.а.) пен Хазіреті Осман ибн Аффаннан (р.а.) тарататын қожаларды да көптеп кездестіріп жүрдім. Бірақ аттары аталған бұл асылзаттар туралы небір керемет хадистерді көрсем де Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) олардың ұрпағын “менің әулетім” деп айтқан хадисін кездестірмедім» дейді ағамыз. Мұны айтып отырған себебіміз түркілік Сатұқ Боғра хан өзінің түп шежіресін басқа бір де бір сахабаға қоспай, тек ақсүйектік тамырын ұстап қалу үшін пайғамбар әулеті саналатын Мұхамед-Ханафияға апарып тіреп қоюуы еді. Міне, Қарахандықтардың өздері туралы жазған шежіре деректері. Бірақ, бұл шынында да дұрыс па, бұрыс па? Оларды барлық арабтектестердің өздері де Түркілер деп атайды және түркінің атышулы қағаны Афрасиабтың ұрпақтары санайды. Сонда бұл қалай болды? Шатасып жатқан біз ба, әлде арап тарихшылары ма? Әлде, бізді шатастырып шежіресін бұрмалап жазған Қарахандықтардың өздері ма және бұл не үшін керек болды екен? Тағы да қосып айтарымыз, Хазіреті Әлінің әйелі Ханафия ешқандай да пайғамбар әулетіне жатпайтын, діні, тілі бөлек Рум патшасының қызы еді. Сонда бұл әулет қалайша пайғамбар әулеті болады? Осыған қарап отырып, бұл шежіренің еріксіз қисынсызды қисындырып құрап жазған және ислам дінін ұстаған түркі патшаларының пайғамбарды дәріптеуі арқылы құрмет тұтып құралған шежіреге айналып шыға келеді.
Жоғарыдағы еңбектегі «Насабнаманың» Аркук редакциясындағы шығарылымында: «Осыдан кейін үш Падишах үш топқа бөлінді: Хазіреті Абд ар-Рахим баб Ширшиқ алқабы арқылы Аргу, Таразға бет алды және барлық аудандарды исламдандырды. Ол жерден 100 мың жауынгерімен Қашқарға бет алды. Онда бір падиша болды. Оның лақап аты - Мыңкөзлік Боғра Қарахан, ал шын аты - Бахтан. Ол Бахтанды сенімге шақырды, бірақ ол оны қабылдамады. Содан кейін ол өліммен күресіп, Бахтанды өлтірді. 60 мың мұғ-тарсалар қайтыс болды, 10 мың мұсылман өлді. Хазірет Абд ар-Рахим Боғра Қараханның қызын әйелі етіп алды, ол Кара каңлы тайпасынан шыққан... Абд ар-Рахим баб Иаркент уалаятында бір қаланы тұрғызды. Абд ар-Рахим Сұлтан Сатұқ Боғра Қара хан атағын алды. Оның қабірі Иаркент уалаятында орналасқан» (109-110 беттер) деп, Абд ар-Рахимның Сатұқ Боғра хан лауазымын қалай алғанын жазады. Бұл дерекке қарасақ Сатұқ Боғра хан Қашғардағы Артуш мекенінде емес, Жетікент жерінде жатыр. Сонда Артуштағы Сатұқ Боғра Әулие Қарахан кім? Насабнама желісі бойынша Абд ар-Рахим баб үлкен ұлын Қашғарды билеуге жібереді. Ол онда Қылышты Қарахан деген атақпен ел билейді. Ал өзі оңтүстік өңірге келіп тұрақтайды. Қазіргі оңтүстік өлкесіндегі Сатұқ ата деп аталатын қасиетті мазар сол кісініңкі деп айтады. Сонда Қашқарды билеген Қылышты Қарахан Артуш жерінде жатқан Сатұқ Боғра хан болып шықпай ма? Бұл біздегі ғылыми негізді шатастырып жатқан дүниелер екені рас. Себебі, шежіре жазушылар арасында аталарының аты-жөні мен олардың өмір сүрген жылдарын шатастырып алушылықтар бар екені көрініп тұр.
Енді, осы жерде бір үлкен мәселе өзінен-өзі туындап шыға келеді, ол шынында да «Насабнамада» айтылған жаулаушылар, яғни, Ысқақ баб, Абд ал-Жалил баб, Абд ар-Рахим баб (Сатұқ Боғра хан) «араб па әлде түркілік қолбасшы ма?» деген сұрақ. Өйткені, ортағасырлық араб дереккөздерінің ешқайсысында да осы Әбд ар-Рахим атымен аталатын тұлғаның жоқтығы, яғни, Сатұқ Боғра хан саналатын адамның исламды тарату үшін Түркі жеріне соғыс ашып келуі туралы деректің болмауы. Егер олар шынымен арабия немесе иран жақтан келген болса міндетті түрде араб тарихшылары мен жиһангездерінің жазбаларына түсер еді ғой?! Міне, сұрақтың тоқырауға ұшыраған жері де осы жер болды. Ортағасырлық қожалардың ата-тек шежіресі саналатын «Насабнама» жазбаларына қарап отырсаңыз шынында да ислам дінін Орта Азияға тарата келген қолбасшылар хижраттың 150-ші жылдары деп есептелінеді. Ал, бұл өз кезегінде 770-776 жылдарға сәйкеседі. Яғни, тұп-тура Қарлұқ қағанатының құрылу кезеңіне дөп түседі. Осы «Насабнамаға» көз салсаңыз, Қарлұқ мемлекетін ең алғаш қағанат ретінде құрушы ақсүйектердің өмірбаянын жазып отырған секілді. Осы деректі асықпай талдай келе, Бұқара, Самарқанд жақтағы қарлұқ тайпаларының көп бөлігі ислам дінін қабылдай отырып, Жетісуға қарай жорыққа шыққаны және осы өңірдегі басқа да қарлұқ, дулу, шігіл, яғма тайпаларын өздеріне қоса отырып, оларға өздері ұстанған ислам дінін уағыздай келе және оны өздерінің басты діни ұстанымы ретінде исламды бетке алып, ұлы Қарлұқ қағанатын құрды деп нақты айтуға болады. Олардың ешқандай да арабтық негізі жоқ екені аңғарылып тұрғандай. Бұдан шығар қорытынды, Қарахан мемлекетін құрған Қарахандық ақсүйектердің түп-негізі түркілік тайпадан екендігі. Мұны кезінде «Тауарих хамса» (Бес тарих) атты түркі тарихын жазған Халид Құрбанғали да растай түседі. Ол осы аталған еңбегінде: «Бұғра хан лақабын алған алғашқы Бұғұқра хан - Тау ханның тоғызыншы немересі. Осы Тау хан нәсілінен Сағұн еліне хан болған әуелгі Қара хан мен екеуінің арасында болған тоғыз бабаларының аты бізге мәлім емес. Тау хан заманы Мұхаммед пайғамбардан 300 жыл бұрын болып, мұның тоғызыншы немересі бірінші рет Бұғра хан аталған. Бұл Бұғра хан мен Сыдық бұғра Қараханның хан арасы 400 жылдай болған. Тау хан мен Бұғра хан арасындағы бабалары хан болмағаннан аттары атаусыз қалған. Бірақ, алғашқы Бұғра хан мен Сыдық бұғра хан әулетінің арасында хандық үзілмеген» (Алматы: Қазақстан, 1992. 229-230 беттер) - деген дерегіне сүйенсек, Қарахан ақсүйектерінің түбі түркілік негізден барып шығатындығы және хандық билікті үзбей ұстап отырғандығы айқындалады. Тау хан дегеніміз – Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», Қадырғали Жалайридың «Жылнамалар жинағы», Рашид ад-Диннің «Жылнамалар тарихы», «Оғызнама» т.б. осындай ортағасырлық еңбектерде айтылатын Түрік – Қарахан – Оғыз хан – Тау хан атты Қарахан ақсүйектерінің түп атасы. Яки, Қарахан билеушілерінің де шыққан ортасы Оғызға барып тіреледі. Қалай болғанда да Қарахандықтардың түп негізі Түркінің аты шулы қаханы Афрасиабқа барып тірелетіндігі. Мұны ортағасырлық тарихшы, Қарахандар шежіресін жазған Жамал Қаршы да растай түседі. Ол өзінің «Әл-Мулхакат би-с-Сурах» атты еңбегінде: «Сатұқ Боғра хан Абд ал-Карим ибн Базир Арслан хан ибн Білге Қадірхан Афрасиабтың ұрпағы. Афрасиаб ибн Пушанг ибн Алып ибн Рысыманның, ал соңғы аталары Тур ибн Афридун ибн Ануйан ибн Зарасаф ибн Джам ибн Фарс ибн Бури ибн Каркин ибн Йафас ибн Нұқ пайғамбар болып таралады» деп, олардың түркілік шежіресін түп тамырынан таратып береді. Міне, Жамал Қаршыдан артық Қарахан тарихы мен шежіресін жазған бірде бір адам жоқ. Енді Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегін оқып көрейік: «Қашқар мазарларына қатысты айтқанда, олардың ең біріншісі – Сатұқ Боғра хандікі. Ол Афрасиаб әулетінен шыққан.... Ол түркілердің ішінен ең алғаш мұсылман болған», 328-бет) – дейді. Тағы да: «Қашқардың сұлтандарының ішінен – Сатұқ Боғра хан жастайынан ислам дінін қабылдады. Кейін патша болған соң Қашқар уәлаятының бәрі ислам дініне кірді. Одан кейін бірнеше ұрпағы Қашқардың патшалық тағына отырды» («Тарихи Рашиди» Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тұран» баспасы, Алматы. 2003 ж. 317-бет) – деп, оның негізі түркі екеніне тоқталады. Міне, ортағасырлық осы тарихшылар бізден гөрі сол заман тарихын жақсы білетін шығар?! Яғни, Түркілер арасынан ең алғаш мұсылман болған Қарахандар және олар Түркінің атышулы хақаны Афрасиябтың ұрпақтары......
Осы «Нсабнама» шежірелік кітабын зерттеген Зікірия Жандарбек ағамыз да өзінің «Насабнаме» нұсқалары және түркі тарихы» атты еңбегінде былай дейді: «Бұл деректер ибн ан-Надимнің «ал-Фихрист» кітабындағы Исхақ ат-Түрік пен «Насабнаме» нұсқасындағы Исхақ бабтың бір адам екендігін дәлелдейді» (Алматы 2002 ж. «Дайк Пресс» баспасы. 88-бет) деген ойы. Мұнда да Ысқақ бабтың Түркі деген титулы болғандығы да көп нәрсені аңғартады. Аталған кітапта: «Сайрам ханы Білге Құл Қадірхан 840 жылы өзін қаған деп жариялап, қағанаттың жеке дара билеушісіне айналады.....(95-бет) дейді тағы Зікірия ағамыз. Ал, осы қарлұқ тайпаларының құрамы мен олардың саяси құрылысы жөнінде және қарахан империясының құрылу тарихы мен шығу тектері туралы үлкен ғылыми еңбек жазған С.М.Сыздықов ағамыз өзінің «Қарлық-Қарахан мемлекеті: саяси тарихы және мәдени мұралары» атты кітабында: «Жамал Қарши да Қарахандардың мұсылмандық әулетін құрушы Сатұқ Әбд әл-Кәримнің атасы Қарлық қағаны Білге Күл Қадір хан болды деп жазды» («Фоллиант» баспасы, Астана – 2015 ж.174-бет)» деп дәлелдей түседі. Біз жоғарыдағы бірнеше деректерді келтіре отырып, бұл жерде бір нәрсені нақты анықтадық, ол - Сатұқ Қараханның түркілік Қарлұқ қағаны Білге Құл Қадірханның ұрпағы екендігін және оның түп негізі араптардан келген дейтін Қожалар руына еш қатысы жоқтығы.
Ал бұлардың тегі араптық деп жүргені Сатұқ Боғра ханның бабасы Құл Білге ханнан мирас болып қалған ислам дінін қабылдай отырып және оны алғаш рет мемлекеттік дін ретінде өзі құрған мемлекетке енгізіп, халық арасында насихаттау үшін өзін қалайда Алланың нұрынан пайда болған дейтін діни шариғат пен ұлылық қағидаға негіздеп, өздерінің ата-баба шежіресін Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Хазірет Алидің баласы Мұхамед-Ханафияға апарып тіреуінде жатыр. Бұған дәлел ретінде бір деректі айтқымыз келеді. Ол «Тазкире-и Бұғра хан» деп аталатын ортағасырда жазылған шығарма. Қазіргі таңда, Сатұқ Боғра хан туралы жазылған көне дәуірдің бірден-бір дерегі осы болып табылады. Яғни, оның өмірбаяны мен ұрпақтарының шежіресі жайлы жазылған құнды дүние. Бізге бұл дерек туралы мәліметті алғаш рет жеткізген шығыстанушы ғалым Ш.Уалиханов болатын. Ол өзінің «Қашқар сапарлары» атты күнделігінде Қашқардан осы еңбекті кездестіргенін жазғанды. Қазіргі таңда, аталған шығарма қолымызға тиіп, ортағасырлық түркі мәдениетінің аса құнды жәдігері саналатын осы шығарманы түпнұсқадан тікелей тәржімелеген шығыстанушы Серікбай Қосан деген ғалымымыз болып отыр. Енді осы аталған шығармаға сөз берсек: «Хақ Тағала Әзіреті сұлтан бұл әлемге келмес бұрын бірнеше жыл ілгеріде [оның] рухын Миғраж түні әзіреті Пайғамбар рухының қатарында көрсетті. Әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл қай Пайғамбардың рухы мұнша ұлық дәрежеде Құдай Тағала жаратқан?», – деп әзіреті Жәбірейілден (ғ.с.) сұрады. Жебірейіл (ғ.с.): «Әй, Алланың елшісі, бұл ешбір пайғамбардың рухы емес. Сіздің үмметіңіздің рухы. Ол үмметіңіз сіз дүниеден өткен соң үш жүз отыз жыл өткеннен кейін дүниеге келіп, Түркістан уәлаятында кәпірлерді ислам дініне кіргізіп, Сіздің шариғатыңызды халық арасында әшкереле қылады. Оның аты – Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы» деп жауап берді» дейтін дерек бар. Енді осы аңыздың ел ішінде және ислам ғұламаларының айтуы бойынша басқаша өрбитінін білеміз. Ол аңызда пайғамбар миғражға көтерілгенде Сатұқ Боғра ханның емес, өзінен кейін ислам дінін кеңінен тарататын, насихаттайтын Ахмет Ясауидің рухани нұрын көреді. Осы себептен де Меккеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет деп, Түркістанды екінші Мекке санайтыны. Яғни, Қарахандықтар қалай болғанда да Сатұқ Боғра ханды ислам дінін насихаттағаны үшін Ясауидің аңызымен шатастырып, ұлы тұлға ретінде көрсететіні. Яғни, бұл аңыз бұл шежірелерге бертінде, 15-16 ғасырлардан кейіннен қосылған деуге болады. Міне, түбі Түркілік Сатұқ Боғра ханның ұрпақтары оны қалай дәріптегенін осынау деректен аңғара беріңіз. Аталған Боғрахандар тарихын жазған осы дерекке сүйенер болсақ, Сұлтан Сатұқ Боғра хан шамамен 952 жылы дүниеге келген болып есептеледі. Әрі қарай сол деректе тағы да: «Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы тоқсан алты жас өмір сүрді. Соған шейін ол Балхтың алдындағы Махмұд дариясына дейін, бұ тарапты күн шығысқа шейін, солтүстігі Қарақұрым [Қаркөрім] деген жерге шейін семсерінің күшімен кәпірлерді мұсылман қылып, әзіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) шариғаттарын һәм дін миллеттерінің бірегей негізін қалады» деп жазады. Әрине, мұндай шежірелердің өз тектерін пайғамбарға апарып тіреуі ислам дінін қабылдау кезеңіндегі өздерінің мәртебесі мен атақ-абыройларының асқақ болуы үшін жасалған дүние деп қарау керек. Әйтпесе, жоғарыда айтқанымыздай мұның барлығы ортағасырлық араб жазбаларына түсер еді ғой. Ал оларда мұндай дерек жоқтың қасы.
Тағы бір мәселе, ол қазіргі таңда ғалымдарымыздың Әбд ар-Рахим бабты Сатұқ Боғра Қараханның мұсылманша есімі деп қабылдауында жатыр, яки екеуін бір адам ретінде санауында. Ал Сатұқ Қарахан бабамыз шынында да қазіргі ғалымдарымыз айтып жүргендей шамамен 900-955 жылдары өмір сүрген. Мұны тағы да ғұлама ғалым Жамал Қаршы дәлелдей түседі. Ол «Әл-Мулхакат би-с-Сурах» еңбегінде: «Сатұқ Боғра хан әл-Ғази 955 жылы қайтыс болды. Мазары Қашғар аймағына қарайтын Артудж деген жерде» деп нақтылайды.
Енді, осы деректерге сүйене отырып, Әбд ар-Рахим баб пен Сатұқ Боғра хан екеуінің өмір сүрген дәуірлерін алып қарайтын болсақ, онда тіптен сай келмейтінін аңғаруға болады. Себебі, ортағасырлық Сайф ад-дин Орын Қойлақидың «Насабнама» атты шежірелік дерегіне сүйенсек, оңтүстік өңірден шығысқа қарай ислам дінін тарату үшін Әбд ар-Рахим, Ысқақ баб, Әбді әл-Жалил баб атты үш қолбасшының аттанғаны туралы жазылады. Ал, олардың осы деректе айтылғандай жаулау дәуіріне қарасақ, онда олар хижраттың 150-ші жылдары шыққаны нақ тайға таңба басқандай жазулы. Сонда қазіргі жыл санаумен 770-776 жылдарға сайкес келеді. Бұл деген Әбд ар-Рахим баб пен Сатұқ Боғра хан екеуінің арасында бақандай 150-200 жылдай уақыт бар екенін көрсетпей ме? Яғни, Қарлұқ қағанатын құрған осы үш түркілік қолбасшы екеніне ешқандай дау жоқ. Сонымен талдай келе айтпағымыз Абд ал-Рахим баб Сатұқ Боғра ханның атасы немесе бабасы. Атасы болса Құл Білге Қадірхан болады, ал Сатұқ Боғра Қараханның мұсылманша есімі Абд әл-Карим.
Ал, енді осы Сатұқ Боғраханның әулиеге айналуы мен соған теңестірілген Тараздағы Әулие Қараханның бір-біріне тарихи қатыстылығы туралы ойды қозғап көрейік. Ел арасында халықтың Сатұқ Боғраханды Әулиеата санап, оған әлі күнге дейін сйынып келе жатқаны айтылады. Ал, сондай Әулие ата қасиетіне ие болған тағы бір Қарахандық, ол – Тараздағы Әулие Қарахан баба мазары. Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге қарасаңыз Тараздағы Әулиеатаны Сатұқ Боғрахан еді дейтін тарихи желілер де жеткілікті. Екеуін ажырата алмаған халық кейде Қашғар жеріндегі Әулиеата мен Тараздағы Әулиеатаны бір адам деп санайды. ХІХ ғасырдың аяқ жағында осы өңірдегі барлық тарихи орындарды зерттеген орыстың әуесқой тарихшылары В.П.Панков пен В.Каллаур Түркістанда құрылған «Түркістан әуесқойлары археологтарының үйірмесі» атты үйірменің отырысында Тараз қаласындағы Қарахан баба туралы жинаған деректерін жариялайды. Сол деректерде: «Әулиеата қазысы (яғни, Қарахан бабаның шырақшысы) Абдулланың айтысы бойынша Әулиеата Қараханның шын аты Ша Махмуд. Ол 95 жыл жасап, 15 жылын ел көзіне көрінбей құдайға құлшылық етуге арнаған. 40 жыл ел билеген. Ол 866 жылы өмірден озған. Оның ата-тегі Қазидың жазбасы бойынша былай екен: Хазіреті Али – Мұхаммед Ханафия – Ша-Абдуфаттах – Ша-Абдужаббар – Абдуқаһһар – Ша Хасан – Абдул Азиз – Ша Махмуд (Әулие Қарахан)» (Протоколы зеседаний сообщений членов Туркестанского кружка любителей археологий) В.П.Панков (Мазар Карахана). 423 бет.) - деген деректі келтіреді. Дәл осындай дерек Зікірия Жандарбек ағамыздың «Насаб-наме» нұсқалары және түркі тарихы» атты жоғарыдағы біз айтқан еңбегінде де бар. Онда: «Сатұқ Боғра Қарахан үлкен ұлы Шах Ахмедті Қашқарға қояды. Оның лаһаб аты Шамы хан. Ортаншы ұлы Шах Мұхамедті Жетікент еліне патша қояды, лаһабы Шамсы хан. Кіші ұлы Шах Хасанды Құзбалыққа патша қылады. Шах Хасанның лаһабы – Қылыш Қарахан. Оның ұлы Абд ал-Азиз, лаһабы Арбуз Қарахан, қабірі – Сарығ Балығда, Тоқмақ ата деп аталады. Шах Абд ал-Азиз ұлы – Шах Махмуд, лаһабы – Әулие Қарахан, 283/896-97 жылы опат болды (94-бет), - дейтін дерегі.
Енді осы жерде жоғарыда айтылған алты насабнама нұсқасы жазылған еңбектегі 1-ші нұсқасына, яғни, Саиф ад-Дин Орын Қойлақидың насабнамасындағы шежіреге көз жүгіртейік. Бұл насабнамада Шах Махмудтың шежіресі былай таратылады: «Абд ар-Рахим баб (Сұлтан Сатұқ Боғра Кара хан) - Қылыш Қара хан – Эрбуз Қара хан – Әулие Қарахан – Мансұр Қара хан – Шағыр би Қарахан – Жамал Қарахан – Джихад Қарахан – Санжар Қарахан – Сұлтан хан – Ғадай Қарахан – Абд ал-Халик хан – Мұхаммед Шейх – Шах Хасан Шейх – Абд ал-Азиз – Шах Махмұд (лаһабы Әулие Карахан)». Бұл шежіреге қарасақ Тараздағы әулие Қарахан Шах Махмұд Сатұқ Боғра ханның 15-ші ұрпағы болып тұр. Егер бір ұрпақ арасы шамамен 20 жыл деп есептесек, екеуінің арасы 300 жыл болады. Ал 25 жыл десек, 375 жыл болады. Сонымен Сатұқ Қараханның өлген 955 + 300 = 1255, ал 955 + 375 = 1330 жыл шығады. Әрине, мұны жай болжам деп қараңыз. Егер осылай болса онда Әулие Шах Махмұд шамамен 1300 жылдары өмір сүрген тұлғаға айналады. Ал насабнаманың басқа 5 нұсқасында да Шах Махмұд Сатұқ Қараханның шөбересі болып келеді. «Абд ар-Рахим - Килич Кара хан – Иртуз Кара хан (Эрбуз хан) – Махмуд хан (Әулие Қара хан) – Мансур Кара хан». Осы 5 нұсқасына сенсек онда Шах Махмұд Ибн әл-Асир айтқандай 1070 жылдары Таразды билеген Махмұд Қараханға келеді. Бірақ, мұны әулие деп дәріптейді ғой?! Ал Ибн әл-Асир оны әйелі у беріп өлтіргенін және ешқандай әулие болмағанын жазады. Сонда Тараздағы әулие Қарахан кім?
Осы жерде тағы да бір қызықты деректі айтқым келеді, ол қазіргі Қарахан баба мазарының маңдайында тұрған парсыша жазу еді және соны зерттеу арқылы көп жәйттердің бетін ашу еді. Мұны осы уақытқа дейін ешкім мән беріп аудармапты. Мен осы қарахан тарихын зерттеп жүргеніме біраз жыл болды. Осыған орай мен осы жазуды арап тілін біледі деген біраз адамдарға жібердім. Олар оның арап тілінде емес, парсы тілінде жазылғанын анықтады. Сосын ол парсыша жазуды мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей ағамызбен сөйлесіп, сол кісіге жібердім. Ол кісінің аудармасы бойынша Қарахан мазарындағы парсыша сөздердің кілті ашылды. Аударманың астында Ислам Жеменей ағамыз жасаған парсыша сөзді де сол күйі жібердім. Ол былай аударылды:
«Ыласыңызға түс көріп оқыдым, патша гүлзары.
Сен жазар болсаң оның тағдырына,
"патша гүлзары санымен саналған" 1322
تو که نویسد برای انجامش
روضه پادشاه بود رقم
Яғни, мұндағы жазудың мағынасына қарап отырсақ, онда жатқан бір адамның өлген жылына меңзейді. Бәйіттің екі жолы толық жоғарыдағыдай аударылды. Егер, 1322 жылы өлген адам болса немесе сол жылы мазар салынған болса, онда бұл мазарда жатқан адам «Кім болды» деген даулы сұрақ туатыны ақиқат. Енді маған бұл қызық болып тұр. Менің «Алтын Орда һәм Қайду хан мемлекеті» деген мақаламда осы Тараз қаласын өзінің астанасы етіп, осында 40 жыл билік құрған Қайду хан туралы жазған едім. Мына деректерге қарап отырсам бұл мазар сонда 1300 жылы өмірден өткен Қайду ханның мазары ма деген де ой туады. Өзі өлген соң 22 жылдан кейін басына ұрпақтары кесене салдыруы да мүмкін ғой?! Ортағасырлық тарихшы Жамал Қаршы өзінің «Ал-мулхакат би-с-сурах» атты еңбегінде: «Біздің елдің ханы – Кайду хан 670/1271 ж. қыркүйек айының соңында Таразда таққа отырған. Ол әділетті, жомарт, жұмсақ мінезді, елдің мүдделерін түсінетін, білімді, мұсылмандарды қолдаушы, мейірімді, тапқыр хан еді» деп оны мақтап айтады. Ал ортағасырлық «Муизз ал-Ансаб» атты еңбекте: «Қайду хан ұзақ өмір сүрді және 40 жылдай патшалық құрды. Оның қырық шақты ұлдары болды» деген деректі келтіреді.
Ендігі менің ойыма оралып отырған дүние, Қарахан бабаның аңызында да оның 40 жыл ел билегені, білімді, жомарт, әділетті болғаны айтылады. Ал бұл айтылған аңыздардың барлығы да біз айтып отырған жоғарыдағы деректердегі Қайду ханның бейнесіне келетіні айқын көрініп тұр емес пе? Және де Абылай ханның немерелері Саржан мен Есенгелді сұлтанның Ташкент құсбегісінің қолынан қаза тапқан кезінде, оларды осы Таразға әкеліп жерледі деген аңыздар бар. Шынында да бабасы Қайду ханның қасына жерленуі әлбетте қисынға келеді. Сонда бұл кесене Қарахан емес, Қайду хан кесенесі болғаны ма? Ал, аңыздарға келер болсақ, Сатұқ Боғра хан да, ұрпағы Шах Махмұд та, Мансұр Қарахан да, Қайду хан да 40 жыл ел билеген. Бәрінің биліктегі жылдары бірдей. Осыған қарап ел шатасқан-ау деген дүдамал ой келеді. Әрине, бұл болжам ғана. Мұны енді болашақта зерттеуге алу керек және өзінің нақты шешімін табады деп ойлаймын. Яғни, бір түсінікті нәрсе, Таразда қаншама Қарахандық хан-патшалар жерленіп, кейіннен Қайду хан билегенде халық арасында бәрінің әлемге таралған атақ-аңыздары бір-бірімен шатасып, тұрғызылған мазардың айналасында сол аңыздар өріп жүрген. Сол себепті халық бір патшаның аңызын бір патшамен шатастырып отырған. Хош, сонымен өз тақырыбымызды әрі қарай жалғастырайық.
Мұнда айтылып тұрған Әулиеата (Шах Махмуд хан) Каллаур мен Панковтың Тараздағы Қарахан бабаның шырақшысы Абдолладан жазып алған жазбасы бойынша 866 жылы өлген, ал «Насабнаме» бойынша 896 жылдары өмірден озды дейді. Бұл жерде Абдолла қази мен «Насабнаме» шежіресі не қателесіп отыр, не тура шындықты айтып отыр. Қателігі сол, беріде өмір сүрген Шах Махмудтың өмір тарихын оның өзі өмір сүрген кезеңнен 200 жыл бұрын өмір сүрген тұлғаның тарихына апарып тіреуі. Себебі, Шах Махмудтың өзі 1060 жылдары көз жұмғанын ескерсек, арадағы осыншама алшақтыққа қарап отырып, Таразда бұл адамның жатпағанын дәлелдей түсетін нұсқаға көз жеткізгендей боламыз. Ал, шындығы сол, Қарахан баба мазарында жатқан тұлғаның ақиқатында 866-870 жылдары өмірден озды дейтін Қарахандықтардың түп атасы саналатын, мұсылманша есімі Әбд ар Рахим аталып кеткен Құл Білге Қадірханның нақ өзі екендігі. Себебі оған, Құл Білге Қадірханның 840 жылы өзін қаған жариялап, жаңа мемлекеттің негізін қалағандығы және Сайрам қаласынан ордасын Таразға көшіріп әкеліп, осында мекендегені айғақ. Ал, ол 866 жылдары өлген кезде, артында қалған екі ұлы: Базыр Арслан хан мен Оғұлшақ Қадірханның әкесінен қалған Таразды астанасы ете отырып, шашырап қалған елді билеуі болатын. Осы бір дүрбелең кезеңде, яғни, 893 жылы Саманидтік Исмаил бин Ахмет Тараз қаласына өзінің ең алпауыт жорығын жасайды. Талай тарихи соғыстардың куәсі болып келе жатқан Талас алқабы – тағы да бір ауыр шайқастың тарихын басын кешірді десе де болады. Базыр Арслан хан мен інісі Оғұлшақ Қадірханның шашақтай шашылған түркі әскерінің басын құрап, Талас өзенінің бойындағы кең алқапта арап-парсы әскерін күтіп алады. Ұрыс даласында екі жақтың әскері жан беріспей арпалысып, күн-түн демей қырғын соғысқа ұласады. Бірақ та, бұл шайқастың қанша күнге созылғаны тарихта белгісіз күйінде қалады, алайда түркілердің есепсіз шығынға ұшырап, ауыр жеңіліспен аяқталғаны шындық еді. Бұл соғыс Исмайлға да оңай тимегені, оның да қатты шығынға ұшырағаны туралы Мұхаммед Наршахи өзінің «Бұқар тарихы» еңбегінде айтып кетеді. (Мухаммад Наршахи «История Бухары». Н.Лыкошин (пер. с перс.) Ташкент: Типо-Литография т. д. "О и Г. Братья Каменские" 1897. 108 бет.) Осылайша тарихта қасіретті «Талас қырғыны» деген атпен қалды. Ибн ал-Асир мұны түркілердің 10 мың адамынан айырылып, қағанның үй-ішімен қолға түскенін жазады. Соған қарағанда осы шайқаста Базыр Арслан хан мен оның әйел бала-шағасы тұтқынға түскен сияқты. Себебі, осыдан бастап оның есімі аталмайды және баласы Сатұқ Боғраханның осы жеңілістен қашып Қашғарға кеткен ағасы Оғұлшақ Қадірханның қолында 7 жасар жетім бала болып тәрбиеленгені тарихи айғақ және Исмаилдың Тараз қаласын жаулап алып, онда ең алғашқы Ислам мішітін салдыруы да осыған дәлел бола алады. Ал, Оғұлшақ Қадірхан Қашғарға барып, әкесі мен ағасынан қалған түркі халқының басын қосып, өзін Боғра хан деп атайды да ағасының жесір қалған әйелін, Сатұқ Қараханның анасын әмеңгерлікке алады. Яки, бұдан аңғаратынымыз Сатұқ Боғраханның да, оның әкесі Базыр Арслан ханның да Тараз өлкесінде дүниеге келуі және осы Талас аймағын өздерінің құтты мекен санауында жатыр. Сатұқ осы ағасын тақтап түсіріп, өзі қаған болған кезде Тараз аймағын жаудан тазалап, атасы Құл Білге Қадірханға Тараз қаласында мазар салдырды деуге болады. Ал, әкесі тұтқында кеткендіктен оның қайда жерленіп, қайда өлгені тарихта белгісіз күйде екені рас. Ал кейінгі кездегі халық арасында айтылып жүрген Абд ал-Рахим бабтың Сатұқ Боғра хан тарихымен алмасып кетуіне қатысты ерекшелікке келсек, олардың ерлік істерінің аңызы ел ішінде әрбір ұлы тұлғаның қасиетімен шатастырылып кеткенін айғақтайды. Бір қызығы, Сатұқ Боғра хан да, Шах Махмұд хан да 95 жыл жасағаны аңыз болып айтылады. Бірақ, тарихта екеуі екі тұлға болғаны анық әрі ақиқат. Екеуі де Әулиеата деген қасиетті есімді иеленеді және екеуі де 40 жыл ел биледі. Мұны тарихшы, прфессор Әлімғазы Дәулетхан ағамыз өзінің «Сұлтан Сатұқ Боғра хан ғазы» атты «Ақиқат» журналының 2019 жылғы 28 желтоқсандағы санында: «Сатұқ Боғра хан таққа отырған 40 жылда Қарахан хандығы бұған дейін түрік халықтары тарихында болып көрмеген өркениеттік дамуға қол жеткізді» деп турасын айтады және оның таққа 915 жылдары отырғанын айғақтайды. Бірақ, осындағы Шах Махмудымыз Ибн әл-Асирдің айтуына қарағанда 95 жыл жасамағаны тағы да дәлелді түрде баяндалады. Сонда 95 жыл жасаған Тараздағы тарихи тұлғамыз – Құл Білге Қадірханның жасы болғаны. Әрі Таразды билеген Шах Махмудтың бабасы жатқан Құл Білге Қадірханның мазарына келіп күндіз-түні құлшылығын жасап, оған сиынып жүргендіктен де халық осы ұрпағының атағы мен бабасы екеуін кейін шатастырып алған-ды. Шах Махмудтың өзі де осы бабасының қасына жерленгені де шындық.
Сонымен елдің көкейінде Тараздағы Әулие Қараханның мазарына қатысты бұл қай қағанның тарихы болды екен деген заңды сұрақ туындайды: Әбд ар-Рахимның ба (Құл Білге Қадірхан), Сатұқ Қараханның ба, Шах Махмуд ханның ба? Әлде, үшеуі де бір тұлға болып, әр түрлі лауазыммен аталып жүрген бір адамның бейнесі ма? Менің пікірімше бұл жерде айтылып отырған тұлғалардың ішінен Әбд ар-Рахим мен Құл Білге Қадірхан бір адам болып, екеуінің де өмірден өткен кезеңдері сәйкес келетіні және Әулиеата кесенесі де осы кісіге арнап салынғандығы шынайылыққа жақындастырады.
Негізі, Қарахан империясы өзінің түп негізін осы Білге Құл Қадірханнан бастайды. Бұл туралы тарихшы, ғалым С.Сыздықов: «Әдетте қалыптасқан тарихнамада Қарлық мемлекеті 940 жылы Қашғардың түрік билеушілерінің Баласағұнды басып алуына байланысты құлады делінеді. Ал Қарахан мемлекетінің тарихы 942 жылдан, яғни Сатұқ Боғра ханның Баласағұн билеушісін құлатып, өзін қаған ретінде жариялағанынан басталады деп көрсетеді. Шын мәнісінде, былай болған еді: 840 жылы қарлықтардың жабғуы, Испиджабты билеуші Білге Күл Қадыр Қара хан қаған атағын алып, халыққа жария етті. Міне, осы кезден бастап қарлық мемлекетін билеушілер өздерін Қара хан әулетіненбіз деп санай бастады. Бұл 840 жыл. Ал дәстүрлі тарихнамада Қарахандар әулетін Сатук Абд ал-Керимнің исламды қабылдап, қаған ретінде өзін жариялануынан бастайды. Қайсысы дұрыс? Біздіңше, Қарахандар әулетінің билігін 840 жылдан, яғни Білге Күл Қадыр Қара хан қағаннан бастаған тарихи әділдік болар еді. Өйткені, алғашқысы мен кейінгісінің арасындағы айырмашылық тек ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдауда ғана...... Оғұлшақтың немере інісі Сатұқ Боғра хан (915-955) Қарахандардың мұсылмандық әулетінің негізін салушы болды. Бұл жерде ерекше ден қоятын жағдай тарихнамада қалыптасқандай Сатұқ Боғра хан жалпы Қарахан әулетінің негізін салушы емес, оның тек мұсылмандық бағытын бастаушы ретінде қарастыру керек. (Сол бір заманда. «Егемен Қазақстан» газеті. 05.02.2015 ж.) – деп өте әділдігін айтады.
Міне, әрбір тарихты зерделей білетін көзі қарақты жанның барлығы да Құл Білге Қадірханның Таразды өзінің астанасы етіп, Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы болғанын жақсы түсінеді.
Осы жерде басын ашып алатын бір мәселе бар, Абд ар-Рахим мен Әбд әл-Карим яғни, Сатұқ Қарахан атауларының барлығы да бір тұлғаның әртүрлі атпен айтылып жүрген есімі ретінде аталуы. Міне, осылардың ішінен Сатұқ Боғраханның қай тұлға екенін анықтап алу міндеті тұр. Себебі, Абд ар-Рахим хижраттың 150 жылдары, яғни, 770 жылдары ислам соғысын аша келген тұлға. Ол Сатұқ Қараханның заманына мүлдем сәйкеспейді. Әбд әл-Карим Сатұқ Боғраханның ислам дінін қабылдағаннан кейінгі арабша атауы десек, кей деректе екеуін екі бөлек тұлға ретінде жазады. Мейлі, ең бастысы Абд ар-Рахим мен Абд әл-Карим екеуі екі тұлға екендігі. Сонда, Абд ар-Рахимді өз басым Сатұқ Қараханның атасы Құл Білге Қадірхан деп ойлаймын. Халық арасында кей кездері Тараздағы Қарахан баба мазарын Сатұқ Қараханның кесенесі дейтін аңыздар да әлі өріп жүр. Ал, жоғарыдағы аталған Каллаур мен Панковтың деректерінде Тараздағы Қарахан бабаның 96 жыл өмір сүргендігі және 866 жылдары өмірден өткендігі нақтыланып тұр. Тағы да «Насабнама» нұсқасын алып қарасақ онда да Таразда жатқан Шах Махмудтың 896 жылдары өлгенін жазады және Әбд ар-Рахим патшаның Қашғар еліне отыз жыл патшалық қылып, өз уақытында Табғач Бұғра хан атанып, Қашғарда қалмағанын баяндайды. Ал, Құл Білге Қадірханның 840 жылы Баласағұнда өзін қаған жариялағанға дейін билеген және отырған негізгі резиденциясы Тараз қаласы болғаны белгілі. Сонымен деректерді салыстырып қарап отырсақ Тараздағы Әулиеата Қарахан бабамыздың орнында менің ойымша Сатұқ Қараханның түп атасы Құл Білге Қадірханның, яғни Әбд ар Рахимның жатқанын аңғарғандай боламын. Бұл патша ең бірінші ислам дінін ұстаушы да таратушы да болғаны ақиқи шындық. Тағы да Жамал Қаршиға сүйенейік: «Түркі мемлекеті ішінде бірінші болып ислам дінін қабылдаған Шаш болды. Оның тұрғындары исламды Білге Құл Қадірхан дәуірінде қабылдаған еді» деген дерегі. Яғни, Білге Құл Қадірхан Афрасиаб ұрпақтары ішінен бірінші болып ислам дінін қабылдаған және оны ұрпақтарына мирас етіп қалдырған.
Сөйтіп, алғашқы Қарлұқ-Қарахан қағанатын құрушы адам да осы кісі. Сол дәуірде Тараз қаласының Қарлұқ қағанатының орталығы болғандығы тағы бар. Қарлұқтардың араб басқыншыларына қарсы көп жылдар бойы тойтарыс беріп, талай рет Ташкенттен әрі ығыстырғаны тарихтан белгілі. Бірақ, ішінара ат төбеліндей ғана ортаның ислам дінін ұстағаны болмаса халықтың көп бөлігі ұстамады. Тек 960 жылы ғана мұның ұрпағы Сатұқ Боғра ханның дінді елдің басты құралы етіп, ғазауат соғысын жүргізуінің арқасында барып ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялай алды. Дәл осы уақыттағы түркілердің ислам дінін шынайы қабылдағанын Ибн әл-Асир өз еңбегінде айтып өтеді. Оның айтуынша 200 мыңдай түркі халқы ислам дінін қабылдаған.
Осы жерде тағы да бір қызықты нәрсе айта кеткім келеді, ол - Тараздағы Әулиеата атанған Шах Махмуд хан туралы аңыз бен ақиқатқа астасқан желі бойынша қай ғасырда, қай жылдары өмір сүрді дейтін сұрақтардың туындауы... Мұны айтып отырған себебіміз, Құл Білге Қадірханның жетінші ұрпағы, Сатұқ Боғра ханның шөбересі болған Шах Махмудтың аңыздық тарихы - атасы Құл Білге Қадірханның аңыз тарихымен шатасып кетуі болатын. Көптеген ғалымдарымыздың зерттеуі бойынша ол кісі шамамен X-XII ғасырлар арасында Таразда хандық құрған дейтіндігі. Ғалымдардың көбісінің сүйенер дерегі ол ортағасырлық Ибн әл-Асирдің «Ал-Камил фи-т тарих» атты еңбегі. Ибн әл-Асир өзінің осы бір сүйсіне жазған еңбегінде Махмуд хан туралы былай дейді: «Сондай-ақ, Қадірхан ұлдары арасында Боғрахан ибн Қадірханды тақта қалдырды. Оған Тараз бен Исфиджаб аймағы қарайтын, бірақ, мұның ағасы Арслан хан келіп, оның патшалығын тартып алды. Екеуінің арасында соғыс басталды да Арслан хан ақыры қашып, тұтқынға алынды. Оны түрмеге жауып, Боғра хан оның елін иемденді. Содан кейін Боғра хан патшалықты өзінің үлкен ұлы Хусейнге(Ағры тегін) тапсырды да, оны өзінің мұрагері етіп жариялады. Боғра ханның ұлдарының ауызбірлігі болмады. Сосын, оларға Самарқанд билеушісі Тамғаш хан шабуыл жасады» дейтін құнды хабарламасы. Бұдан байқайтынымыз Махмуд Боғра хан Шаштан бастап қашғарға дейінгі иеліктің билеушісі болып, Шығыс қағанатты басқарғандығын көруге болады және осы деректе Шах Махмудтың 1060 жылдары өмірден өткенін Ибн әл-Асир нақтылап жеткізеді. Оның балаларының көп болғандығы және олардың ауызбірлігі болмай, әкелері кеткен соң әркімге жем болып, әке тағынан айрылғанын да айтады. Сонымен қатар, Шах Махмудтың ешқандай әулие болмағаны және Тараз қаласының билеушісі болып, өмірінің соңғы кезеңдерінде ғана Шығыс қағанаттың толық иесі атанып, өмірден өткені айтылады. Сонда бұл мазар кімдікі? Жалғыз бұл емес, Таразда тағы бір Махмұд хан әулие бар, мүмкін бұл сол шығар? Сарқырап аққан Талас өзенінің бойында, биік дөңнің үстіне орнатылған Тектұрмас атты әулие бар. Халық ішіндегі аңыз бойынша оның да есімі Сұлтан Махмұд хан. Сонда деймін-ау, Тараз қаласында екі Махмұд хан жатыр ғой. Ол да Қарахандық ақсүйектердің өкілі. Бірақ, өкінішке орай, ол туралы да тек аңыз бен әфсаналар ғана ел ішінде сақталған. Тектұрмас та Қарахан әулие өмір сүрген заманда өмір сүргені аңыздарда айтылады. Тіптен, мықты қолбасшы, ешкімнен қорықпайтын батыр әрі діни адам болған дейді әфсаналар самалы. Мұны да зерттеу кезінде еске алу керек және түбін анықтау керек екені болашақтың ісі енді.
Тағы да Ибн әл-Асир өзінің еңбегіндегі Қашқар туралы жазбасында: «Қашғар Түркістанның ең басты қаласы. Ол Арслан ибн Жүсіп Қадірханға тиесілі. Содан кейін ол 15 ай бойы Тараз бен Шаштың билеушісі Махмуд Боғра ханға тиесілі болды. Ол қайтыс болған соң оның билеушісі Тоғрыл хан ибн Жүсіп Қадірхан болды. Тоғрул хан осы иелікке және Баласағұнға ие болды. Ол 16 жыл билік етті» деген нақты дерегі. Көріп отырғанымыздай Шах Махмуд Боғра ханның орталығы Қашқар болған Шығыс қағанатты бір жарым жыл басқарғаны. Ғалымдарымыз осы деректі негізге ала отырып, Тараздағы Әулие Қарахан осы Махмуд Боғра хан дегенді айтады. Ал, бұл шынында да сол кісі ма, басқа ма деген сұрақты анықтауды қажет етеді. Себебі, Тараз қаласын билеген бірнеше Қарахандық билеушілердің бар екенін де ұмытпауымыз керек. Және мұның ата-тек шежіресі де екі деректе екі түрлі жазылады. Насабнама бойынша: Сатұқ Боғрахан, одан – Шах Хасан, одан – Абд ал-Азиз, одан Шах Махмуд болса, Ибн ал-Асир бойынша: Сатұқ Боғрахан, одан – Сулейман хан, одан – Хасан Боғра хан Харун, одан – Жүсіп Қадірхан, одан Махмуд Боғра хан болып таратылады.
Ал, марқұм Әбдікәрім Әбдімомынов ағамыз да өзінің «Қарахан әулеті» атты өз бабаларын жазған еңбегінде Тараздағы Әулиеата Қараханды Абд ал-Рахимның інісі Шаһ Абд әл-Хасан деген ойын айтады. «Шаһ Абд әл-Хасан Қарахани – 780 жылдары өмір сүрген. Біз Тараздағы Әулие ата – Қарахан бабаны осы, Әбд әл-Хасан бабамыз деп білеміз.(«Қарахан әулеті». 2011 ж. 186 бет). Міне, Әбдікәрім ағамыз да Әулиеата Қарахан бабамыздың өмір сүру дәуірін біз ойлаған VІІІ ғасырдың кезеңіне жатқызады. Яғни, бұл дәуір Сатұқ Қараханның өмір сүрген уақытына келмейді және оның түп атасы Құл Білге Қадірханның кезеңіне келетінін аңғару қиын емес. Көптеген деректер осылайша Тараздағы Қарахан бабаның өмір сүру кезеңін VІІІ ғасырға жататыны жөнінде мәлімет беруде.
Тағы да бір зерттеуді қажет ететін мәселе, ол Шах Махмуд Боғра хан мен оның ғашығы делінетін Айша бибі анамыздың арасындағы махаббат хикаясы. Бұл туралы халық арасында қазіргі таңда, бірнеше аңыз-әңгімелер тамсана айтылып жүр. Бірақ, аталған аңыздағы тұлғалардың өмір сүру кезеңін зерттеп қарасақ, екеуі екі ғасырдың адамдары болғанын анықтай түсеміз. Мұндағы айтпақ ойымыз Шах Махмуд хан мен Айша бибі дәуірлерінің екі кезеңде өткендігі болмақ. Біз әлі күнге дейін Әулиеата аталған Тараздағы Қарахан кесенесінде жатқан Қараханды Шах Махмуд хан деп насихаттап келеміз. Мейлі, солай-ақ болсын, онда бұл кісінің ғашығы болған Айша бибі анамыз бен екеуінің арасындағы махаббатты насихаттап жүрген аңыздың мүлдем сәйкеспейтіндігін қайтеміз?! Себебі, Айша анамыз шамамен 1185 жылдары өмірге келген дейміз. Ал, Ибн әл-Асирдің айтуы бойынша Таразды билеген Шах Махмуд хан 1060 жылдары қайтыс болған. Енді оның ғашығы делінетін Айша бибінің өгей әкесі Зеңгі бабаның Шыңғысхан дәуірінен кейін 1258 жылы өмірден озғандығын да білеміз. Сонда Әулие Қарахан Шах Махмуд пен Айша анамыздың арасындағы жас айырмашылық бақандай 150 жылмен айшықталып тұрған жоқ па?! Мұның өзі көптеген аңыз-әңгімелерге сыни көзбен қарауға итермелейді.
Иә, осы бір аңыз бен Қарахан жөніндегі дерек туралы талай ғалымдарымыз бен жазушыларымыз, журналистеріміз бен өлкетанушыларымыз өз ойларын айтып та жазып та жүр. Солардың бірі жазушы, журналист, марқұм Б. Әбілдаұлы еді. Ол кісі өзінің 2002 жылғы 13 маусымдағы «Ақ жол» газетіндегі «Қарахан мемлекетіне 2800 жыл» атты мақаласында Қарахан империясы ақсүйектерінің түп-төркінін аңызға айналған алып тұлға Афрасиябқа апарып теңеп, олардың мемлекеттігіне 2800 жыл деп келтіреді. Сол мақалада: «Ең соңғы Таразды билеген қарахан Мұхаммед бин Жүсіп атақты Айша бибінің жұбайы болғандығын басқа деректер арқылы дәлелдеуге болады. Қазақстан сәулетшілері атақты архитектор Н. Бәсеновтың бастауымен Айша бибі күмбезін зерттегенде осы кесенені соққызған Мұхаммед деген жазуды тапқан. Ал, Айша бибінің өмір сүрген кезеңі шамамен 1185 жылдан кейінгі уақыт екендігін ескерсек, қарахандар әулеті ішінде Жүсіптің ұлы Мұхаммедтен басқа Таразды билеген дәл осы аттас ешкім болмағандығы тағы мәлім» деген ойын айтады. Осылайша марқұм ағамыз да Айша бибі мен Шах Махмудтың өмір сүру дәуірлерінің сәйкеспеуіне орай, Тараз қаласының орталығында орналасқан киелі мазардың Әулиеата-Шах Махмудтікі емес-ау деген тұжырымын ортаға салатыны. Яғни, Айша бибінің ғашығы болған, онымен замандас, сол дәуірде Таразды билеген Жүсіптің ұлы Мұхаммед болуы керек екендігін, басқа тұлғалардың онымен сәйкеспейтіндігін алға тартады. Сонда ел арасында махаббаттың символына айналып жүрген Айша мен Қарахан бабаның ғашықтық сезімі туралы аңыздар кім жөнінде болғаны? Қай Қараханды айтып жүр халық? Тіптен, зерттей берсең көп нәрсенің түбінің ақиқаттан алыстап, жаңылысып кеткен жырларға шомыла бересің. Бұл да бір зерттеуді, анықтауды қажет ететіні шындық болмыс болып тұр.
Сонымен, аталған Шах Махмуд Боғра хан Тараз қаласында өзінің атынан теңге соқтырып, қаланы гүлдендіргені де шындық. Оны Ибн әл-Асир де растап отыр. Сонда деймін-ау, Тараздағы Әулиеата Қарахан шынында да Шах Махмуд па, әлде, оның түп атасы Құл Білге Қадірхан, яғни, Абд ар-Рахим бабтың өзі ме? Болмаса шырақшысы болған қази кіммен шатастырып алуы мүмкін? Міне, бұл да жауабы жоқ, шешуі қиын және ғылыми зерттеуді қажет ететін мәселе болып тұрғаны рас. Және осы жерде хандардың титулына келер болсақ, Ибн әл-Асир өзінің кітабындағы хабарлауында: «Сондай-ақ, Қадірхан ұлдары арасында Боғрахан ибн Қадірханды қалдырды» деген дерегіне сүйене отырып, Шах Махмудтың әкесі де, өзі де «Қадірхан» текті титулды иемденген Қарахандық ақсүйектердің ұрпағы болғандығы. Ал, Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Құл Білге ханның да «Қадірхан» титулын иемденген қаһан екендігін барлық тарихшылар айтып жүр.
Енді тағы айтар бір мәселе Тараздағы Әулие Қарахан бабаның қасында кесенесі тұрған Дәуітбек бабаға қатысты болмақ. Бұл кісі туралы тарихта аса бір шынайы деректер жоқтың қасы. Ел арасында да ешқандай аңыз-әңгіме жоқ, кездеспейді. Тек оның басында тұрған қабір тасындағы арабша жазу ғана бар. Мұның өзі бізге біраз жайттардың бетін ашып береді. Жазуды 1893 ж. В.В.Бартольд, ал 1939 ж. А.Беленицкий танып, оқыған. Онда «Бұл Ильяс оғул бек шахин-шах баласы Балық Білге-Ұлықбек Икбал хан Дәуітбек Исфахсалардың моласы, 660 жылы 31-наурыз 1262 8-наурызда жұмаға қараған түнде көз жұмды» деп жазылған. Ал осы жазуды 2017 жылы тарихшы, ғалым Дархан Қыдырәлі қайта оқып, оның Бартольдтар жіберген қатесін шығарып берді және оны өзінің «Қарахан мемлекеті және оның билеушілері» атты мақаласында жариялады. Сол мақаладағы Дархан Қыдырәлінің оқуы бойынша түркі тіліне ыңғайланып аударылған толық мәтінін ұсынамыз:
هذاروضةالملکالکبیروالقرمالخطیرالعاملالعادلالباذلصاحبالسیفوالقلممعدنالجودوالکرممعزّالحقّمعینالخلقمربّعالعلماءمقوّیالضعفاءجلالالحقّوالدینظهیرالاسلاموالمسلمینحضرةمجتبیالخواقینمختارربّالعالمینمجمعالفضلوالنعممنبعالبذلوالکرمالصادعبامراللهالقایمبحجة // خاتمالزمانمنشأالجودوالحسانابوالمکارموالشمایل // قتلغتونکاالغبیلکاایلیکخَاندادبیکاسفَهسَلاربنالیاس ... اوغولبیکالشَهیددَادبیکالطرا(زی) // الاانّاولیاءاللهلاخوفعلیهمولاهمیحزنونوفانةفیلیلةالجمعةالثامنمنجمادالاولیستّینوستمایة
«Бұл бау ұлы билеуші, текті қолбасшы, ғалым, әділ, жомарт, қылыш әрі қалам иесі, жомарттық пен тектілік қайнаркөзі, ақиқатты даңқтаған, адамдарға жәрдем еткен, ғалымдардың қарнын тойдырған, әлсіздерге күш берген, ақиқат пен діннің даңқын шығарушы, ислам мен мұсылмандардың қорғаны, қағандардың таңдаулысы, әлемдер раббысының сүйіктісі, ерлік пен бақыттың тоғысқан жері, жомарттық пен тектілік бастауы, тәңірі әмірлеріне бағынған, тәңіріне арқа сүйеген, заманының шоқ жұлдызы, жомарттық пен қайырымдылық отаны, асыл әрі жақсы қасиеттердің иесі Құтлығ-Тонга Ұлығ-Білге Иликхан / Иқбалхан Дадбек Исфехсалар б. Ілияс ... Ұғыл бек әш-Шәһид Дадбек әт-Таразидыкі. «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды» (Құран Кәрім, 10:62). Ол 660 жылы жұмадүл улә жұмасының кешінде (1262 жыл, 31 наурыз) қайтыс болды».
Міне, бір ғана қабір тастың басына осыншама сөз жазып, Дәуітбек бабамыздың рухын аспандатыпты. Мұны керемет демеске амалымыз жоқ. Осы жазуды талдап, оның мағынасын ашып, насабнама шежіресіндегі оның ата-бабаларын талдай келе ғалым ағамыз тағы былай дейді: «Полат қожа Маменов қолжазбасында» бұл шежіренің қысқа нұсқасы «Оның ұлы Ісмайыл, оның ұлы Ілияс хан, оның ұлы Ахмед хан, оның ұлы Санжар хан, оның ұлы Хасан хан, оны ұлы Мұхаммед хан, лақап аты Білге хан еді, оның ұлы Дадбек хан, оның ұлы Әбді әл-Халық хан» түрінде келіп, «Абдулла Юлдашев қолжазбасындағы» мәліметтермен ішінара сәйкес болуы ескерерлік жайт. Осылайша Таразда жерленген аталмыш Қарахан билеушісі Дадбек Исфехсалар бин Ілиястың екі-үш буын бұрынғы атасы 1217 жылы Хорезмшах өлтірген Отырардағы соңғы Қарахан билеушісі Мұхаммед Білге ханға баратыны туралы болжам жасауға болады. Аты аталған Отырар билеушісінің ұлы Дадбек хан бин Мұхаммед Білге ханмен «Дәуітбек» кесенесінде жатқан Дадбек Исфехсалар бин Ілиястың атасы(немесе әкесі) Ұғыл бек әш-Шәһид Дад бек әл-Тарази екеуі бір адам болуы әбден мүмкін. Бұл адамды да әкесі сияқты 1220-жылдары бір деректерде Хорезмшахтар өлтіріп, оның «әш-Шәһид» деген лақап аты соған куәлік етсе керек» деп нақтылай түседі.
Бұдан артық дәлелдің еш қажеті жоқ қой деп ойлаймыз. Яғни, бұдан аңғаратынымыз Дадбек мазарында жатқан адам Тараздағы соңғы Қарахандық тұлға екендігі. Және бұл мазар жай ғана Дәуітбек емес, ел арасындағы аңыздарда Дәуітбек Шах Мансұр (Шамансұр) деп қосарлана айтылады. Сонда мұндағы Шах Мансұрымыз кім болды екен?! Бұл туралы да Дархан ағамыз өз ойымен бөліседі: «Расында бұл ескерткіштің оңтүстік-батысында шамамен 100 м қашықтықта «Қарахан әулие» кесенесі тұр, ал ол кешенде XI ғасырда билік еткен Қарахан билеушісі Шах-Мансұр Арслан Илигпен байланыстырылатын қабір қойылған» дейді. Бірақ, ол Шах Мансұр хан Қашғарда отырып биледі ғой. Оның Таразға келіп жерленуіне не себеп бар деген де ой туады. Жоғарыда келтірілген Шах Махмұдтын шежіресін келтірейін: «Абд ар-Рахим - Килич Кара хан – Иртуз Кара хан (Эрбуз хан) – Махмуд хан (Әулие Қара хан) – Мансур Кара хан». Барлық насабнама нұсқасы бойынша Әулие Шах Махмұдтың Мансұр Қара хан деген баласы болғаны, оның Сайрамды 43 жыл билегені тайға таңба басқандай айтылады. Яғни, осы Мансұр Қара хан өмірден өткен соң, бабасы, әкесі жатқан қасиетті қорым Тараз қаласына келіп жерленген. Былайша айтқанда Тараз қаласы олардың сонау бабасы Құл Білге Қадірханнан бастап, оның ұрпақтары жерленіп келе жатқан династиялық пантеонға айналып үлгерген болатын. Яғни, Тараз қаласында Құл Білге Қадірхан, Шах Махмұд хан, Мансұр Қарахан, Дәуітбек секілді ұлы хандар жерленген. Кейіннен осылардың қасына Шыңғысхан ұрпақтары да келіп қосылған. Өз ойым Қайду хан да осы жерде жатыр деп ойлаймын. Сонымен ең алғаш кесене кімге тұрғызылғаны уақыт өте келе ұмытылып, соңғы Шах Махмұдтың абырой-атағымен аңыз болып қалған сияқты.
Сонымен, деректерді саралай келе Тараздағы Қарахан баба мазарында жатқан адам, Қарлұқ билеушісі болған және Қарахан мен Қадірхан титулын иемденген Сатұқ Боғра Қараханның атасы Құл Білге Қадірхан болуы мүмкін деген тұжырымды ойды айтқымыз келеді. Себебі, ең алғаш ислам дінін де осы кісі қабылдап, оны ұрпақтарына мирас еткен. Сол жолды ұстанған немересі Сатұқ Боғра хан да ақыры ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялап, дін үшін атасының жолын қуып ғазауат соғысын жүргізді.
Осылайша, ойымызды жинақтап, көптеген тарихи деректерді саралай отырып бір қорытындыға келер болсақ, Тараздағы Әулие Қарахан-Шах Махмудтың орнында Қарахан мемлекетінің негізін қалаушы Әулие Құл Білге Қадірхан жатыр. Себебі, жастайынан жетім қалып, ағасының әкесі ұстап кеткен ислам дініне кірмей, Тәңір дінінде қалғанын құптамай, өзі қаған болған кезде атасынан қалған дінді аманат етіп қабылдаған ол, өзінің түп атасы саналған Құл Білге Қадірханға және оның өзі билеген Тараз қаласында Сатұқ Боғрахан кесене салдырмады деуге бола ма? Әрине, салдырады. Өйткені, оған осы мемлекеттің негізін қалап берген де, ислам дінін негіз етіп қалдырған да сол атасы емес пе?! Ал, Шах Махмудтың да ұрпақтары да оның мазарын осы бабасының қасына жерлеуі әлбетте мүмкін нәрсе. Өйткені, орыс империясы тұсында түсірілген киелі кесененің суреттеріне қарасаңыз, Қарахан бабаның айналасында кірпіштен қаланған көптеген зираттардың болғандығына көз жеткізесіз. Яғни, бұл жер өз кезегінде ұлы хандардың ұрпағы жерленетін киелі де қасиетті пантеон болғандығын байқауға болады. Бірақ, кейін келе Тараз қаласын билеген Сатұқ Қараханның шөбересі Махмуд ханның атақ даңқы, оның ұлы Мансұр Қараханның атағы және кейінгі Шыңғысхан ұрпағы Қайду ханның 40 жыл Таразды билеу кезіндегі аңыз-әфсаналары мен бабалары Құл Білге Қадір ханның аңыздары бір-бірімен араласып, халық кесене кімге салынғанын ұмытып кеткен сыңайлы. Себебі, ұрпақтары олардың тарихын айтқан кезде осы бабаларының өмір сүру кезеңдерін шатастырып алып отырған. Шығыс қағанатты билеген Махмуд ханның атағы басым болып, бабасы Құл Білге Қадірханның өмірден өткен уақытымен алмастырып жібергені байқалады. Қасиетті бабаларымыздың уақыт өте келе ерен ерліктері мен аңызға айналған киелі істерінің барлығы да замана өткен сайын ұмытылып, халық ұлы тұлғалардың тарихи аңыздарын бір-бірімен шатастырып, кімнің кім екенін білмейтін дәрежеге жеткен. Орта Азияны билеген Қарахан ақсүйектерінің бұлайша шатасуына, әзірейілдей жүрек лүпілін жұтқан шығыстан келген алапат жойқын Шыңғысхан шапқыншылығы да әсер еткені белгілі. Сол себепті, ақиқи дін ислам деп, одан басқа діни ағымдарға көзқарасы басқаша болған Қарахан ақсүйектері, Тәңір дініндегі мұғұл ойранынан өздерінің ата-бабаларының жатқан жерлері мен олардың сүйектерін сақтап қалудың амалын жасауды ойлап, бабалары туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер ойлап тауып, өздерін тек пайғамбар ұрпақтары - дін таратушы ретінде ғана көрсетіп қала берді.
Ең бастысы, осынау тарихи оқиғалар артына көптеген ақиқи аңыздар қалдырып, ұлы хандар: Құл Білге Қадір хан, Шах Махмұд Қарахан, Мансұр Қарахан, Қайду хан, Дәуітбек хан, Есенгелді мен Саржан сұлтандар сияқты тұлғалар жерленген Тараз қаласын қасиетті мекенге айналдырып кетті. Тараз – әулие хандардың орталығы болғаны осындай деректерден байқалып тұрғандай. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе және қаламыздың орталығындағы Қарахан баба мазараты жанында ұлы хандар пантеоны болды деген ойымызды растай түсетіндей.
Асылжан Дулати,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының бөлім басшысы
Пайдаланған әдебиеттер:
1) Қырғыз халқының батырлық дастаны. Манас. 1-том
2) Хамза Қалмырзаұлы Көктәнді «Аспан мен Даланың төрт ұмытылған тарихы» Москва «Қасиет» 2001ж. 32-бет.
3) «Исламизация и сакральные родословные в Центральной Азии: Наследие Исках баба в нарративной и генеологической традициях. 1-том, 2-том. Составители: Аширбек Муминов, Анке фон Кюгельген, Девин Ди Уис, Михаэль Кемпер. Алматы-Берн-Ташкент-Блумингтон «Дайк-Пресс» 2008 ж»
4) Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» (Бес тарих) Алматы: Қазақстан, 1992. 229-230 беттер)
5) «Тарихи Рашиди» Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тұран» баспасы, Алматы. 2003 ж. 317-бет)
6) Зікірия Жандарбек «Насабнаме» нұсқалары және түркі тарихы» (Алматы 2002 ж. «Дайк Пресс» баспасы. 88-бет)
7) Мухаммад Наршахи «История Бухары». Н.Лыкошин (пер. с перс.) Ташкент: Типо-Литография т. д. "О и Г. Братья Каменские" 1897. 108 бет.)
8) Сатай Сыздықов «Қарлық-Қарахан мемлекеті»(«Фоллиант» баспасы, Астана – 2015 ж. 174-бет)»
9) «Тазкире-и Бұғра хан» (Бабалар сөзі. Алматы: «Толағай», 2007 ж 33-бет.)
10) Ибн әл-Асир «Ал-Камил фи-т тарих» Ташкент – Цюрих 2005. Перевод П.Г.БУЛГАКОВА.
11) Протоколы зеседаний сообщений членов Туркестанского кружка любителей археологий) В.П.Панков (Мазар Карахана). 423 бет.
12) Әбдікәрім Әбдімомынов «Қарахан әулеті» 2011 ж. 59 бет, 186 бет
13) «Манас» жыры. 1-том. Қырғыз халқының батырлық дастаны.
14) Сатай Сыздықов. Сол бір заманда. «Егемен Қазақстан» газеті. 05.02.2015 ж.).
15) Жамал Қарши «Мулхакат би-с-Сурах». Введение, перевод с арабско-персидского, коментарии, текст, факсимиле Ш.Х.Вохидова, Б.Б.Аминова
16) «Муизз ал-ансаб» Алматы «Дайк-Пресс» 2006 (История Казахстана в персидских источниках 3-том. Превод Ш.Х.Вохидов)
17) Ә.Х.Марғұлан шығармалары. 1-том. Алматы «Алатау» баспасы 2007 ж
18) Б. Әбілдаұлы «Қарахан мемлекетіне 2800 жыл» «Ақ жол» газеті, 2002 жыл 13 маусым
19) Әлімғазы Дәулетхан «Сұлтан Сатұқ Боғра хан ғазы», «Ақиқат» журналы, 2019 жыл 28 желтоқсан