30 қаз, 2020 сағат 12:00

Қарақалпақстанда қыз алып қашқандар ұсталды

Қарақалпақстанда қыз алып қашып, оны тұрмыс құруға мәжбүрлегендер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Өзбекстан Республикасы ІІМ жанындағы тергеу департаментінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«13 қазанында сағат 20:00 шамасында 3 азамат 24 жастағы қыз баланы қарсылық білдіргеніне қарамастан алып қашқан. Оқиға Қанлыкөл ауданының Сари-Олтин және Маденият көшелері қиылысында болды. Жұмыстан кейін үйіне бара жатқан қызды 3 ер азамат «Nexia-2» автокөлігіне мәжбүрлеп отырғызып, Бустан ауылындағы үйлердің біріне апарған.

Қазіргі таңда осы факті бойынша Қанлыкөл ауданының ІІБ жанындағы тергеу тобы Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 136-бабының 1-бөлігі (Әйелді некеге тұруға мәжбүрлеу немесе некеге тұруға кедергі жасау) бойынша қылмыстық іс қозғады», - делінген Өзбекстан Республикасы ІІМ жанындағы тергеу департаментінің сайты таратқан мәліметте. 

Қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша, күдіктілерге 25 базалық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу, 360 күнге дейін міндетті қоғамдық жұмыстарға немесе 3 жылға дейін түзету жұмыстарына тарту жазасы қарастырылады. Сондай-ақ, сот шешіміне байланысты 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.