Мұрат Камалов Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы бүгін Нүкіс қаласында өткен Қарақалпақстан Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс сегізінші сессиясында мәлім болды, деп хабарлайды Өзбекстан Республикасы Президентінің ресми сайты.
Кеңестің сегізінші сессиясына Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Жиында ақсақалдар кеңесінің шешімімен Жоғарғы Кеңес төрағасы қызметіне Мұрат Қаллыбекұлы Камаловтың кандидатурасы ұсынылып, оған Өзбекстан басшысы қолдау білдірді.
Нәтижесінде депутаттардың жасырын дауыс беруі арқылы Мұрат Камалов Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметіне сайланды.
«Мен Мұрат Камаловпен көп жылдан бері таныспын. Ең алдымен, М.Камалов адал әрі патриот адам. Ол қай жерде қызмет атқарса да, Қарақалпақ халқының қамқорлығына бөленгенін көрдім. Бұл - ең басты қасиет. М.Камалов әкесі Қаллыбек Камаловтың, марқұм Мұса Ерниязовтың ісін жалғастырып, халықтың өмірін жақсарту жолында аянбай еңбек ететініне сенімдімін», - деді Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев.
Қарақалпақстан Республикасы Конституциясының 80-бабына сәйкес, Жоғарғы Кеңестің төрағасы Қарақалпақстанның басшысы және жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың шілде айында 18 жыл Қарақалпақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Мұса Ерниязов өмірден озған болатын.