05 мам, 2020 сағат 19:39

Қарағандыда ірі көтерме-сауда орталығын ашу көзделуде

Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып қайтты. Жұмыс сапары барысында Премьер-министр ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге арналған «Солтүстік-Оңтүстік» бағдарын байланыстыратын ірі «Global City» көтерме-сауда орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Global City» көтерме-сауда орталығы – азық-түлікті сақтап, сортқа бөліп, сатуға арналған ірі хаб жобасы. Орталықта өнімді жаппай және бөлшектеп сатуға мүмкіндік бар. Делдалсыз ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу – Қарағанды нарығында ғана емес, республиканың өзге де аймағындағы жеміс-жидек пен көкөністің бағасын төмендетуге жол ашады. 

Орталықта ірі көлемде сауда жүргізетіндер үшін әртүрлі температуралық режимі бар климаттық қойма, құрғақ қойма, уақытша сақтау қоймалары, теміржол тығырықтары, краны бар контейнерлік аумақтар, кедендік ресімдеу орындары мен тиеу-түсіру техникалары қарастырылған. 

Шағын сауда үшін кешен екі кросс-докты, ал жаппай сатып алушылар үшін 164 тиеу автокөлігін ұсынады. Бөлшектік саудаға арналып, мұнда аумағы 42 мың шаршы метрлік көтерме-сауда орталығы тұрғызылған. Оның ішінде жеке тұратын 149 сауда павильоны мен 2 мың шаршы метрлік арнайы ет павильоны бар. 

Компанияның коммерциялық департаментінің директоры Наиль Мұнасипов айтып өткендей, кешенді тұрғызудағы мақсат – кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өнідірушілер бизнесін табысты түрде жүргізу үшін жайлы жағдай жасау, сауда операциясынан делдалдарды ысыру, азаматтарды дайын әрі жаңа өнімдермен қамтамасыз ету болып отыр. Делдалдардың жолын кесу арқылы тұтынушыға жететін түпкі баға төмендейді. Кешен аумағы 60 га аумақты алып жатыр. Алдағы уақытта оны 100 га-ға дейін кеңейту көзделген. 

Халыққа ыңғайлы болу үшін 2020 жылдың соңында көтерме-сауда орталығында автостанция салынады. 

Айта кетсек, көтерме-сауда орталығын тұрғызу жұмысы «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары аясында қолдауға ие болып отыр.