Қарағанды облысының әкімдігінде өндірістік жарақаттану статистикасы мен кәсіпорындардағы тексеру нәтижелері жарияланды.
«2021 жылдың бес айында 96 жазатайым оқиға болды, онда 122 адам зардап шекті, оның ішінде 16 адам қайтыс болған. Жазатайым оқиғалардың ең көбі тау-кен металлургия, көмір және құрылыс салаларында болд. Негізгі бөлігі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «Altyn Komir Service» ЖШС және т. б. ірі кәсіпорындарда тіркелген», – деп хабарлады еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Ирина Любарская онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.
Негізгі себептердің қатарында баяндамашы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі олқылықтарды, қауіпсіздік техникасын сақтамауды, өндірісті жаңғырту жеткіліксіз жүргізілетінін атап өтті.
Жыл басынан бері полиция органдарына жұмыс істеп жатқан жазатайым оқиғаларды арнайы тергеуге 110 материал жіберілді.
Басқарма басшысының мәліметінше, өнеркәсіп кәсіпорындарында 319 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 255 бұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда олардың барлығы жойылды. 40 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылды, айыппұлдардың жалпы сомасы 8,9 млн теңгені құрады.
Ирина Любарская өңірде 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі Жол картасын және «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасын іске асыру туралы айтып берді.
Облыста 160 ірі кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізген (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ). Бес кәсіпорын Vision Zero бағдарламасына қатысады, 31 кәсіпорынға «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 1 128 өндірістік кеңес жұмыс істейді.
«Біздің өңірімізде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері әрдайым өзекті. Өкінішке қарай, ереже бұзушылықтар жұмыс берушілер де, жұмысшылардың тарапынан да жіберіліп жатады. Өндірістік жарақаттануды азайту бойынша шараларды күшейтіп, қауіпсіздік ережелерін көбірек түсіндіру қажет», – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы жазатайым оқиғалар болған әрбір кәсіпорында еңбек жағдайын жақсарту бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Барлық өндіріс кәсіпорындарында кәсіби тәуекелдерді бағалау және оларды азайту бойынша шаралар қабылдау қажет.