Қылышты сабынан, жыланды басынан ұстау керек.
Қазақтың аталы сөзi
«…Жауы мен өзiн жақсы бiлетiн, жүз соғыста да қатерге тап болмайды.
Жауын жақсы бiлмейтiн, бiрақ өзiн жақсы бiлетiн бiресе жеңiп, бiресе жеңiлетiн болады. Ал жауын да, өзiн де бiлмейтiн айқас сайын үнемi жеңiлiс табады».
Сунцзы «Соғыс өнерi» кiтабынан
Қытайды зерттеп жүрген ғалымдардың пайымдауларына қарағанда, бұл елдiң жалпы табиғи ресурстары 2 миллиард адамды қамтамасыз етуге ғана жетiп, одан кейiн өз мүмкiндiгiн сарқа беретiн көрiнедi. Дегенмен, осындай бiр тықырдың таяп келе жатқанын Қытайдың өзi де жоққа шығармайды. Су көздерi тартылып, орман сиреп, жайылымдар азып, егiстiк алқаптар уланып, экологиялық апат төне бастағаны хақында өздерi де дабыл қағып жатыр. Қазiр Қытай елi – қақпағы жабық өз iшiне сыймай бұрқылдап қайнап жатқан қара қазан тәрiздес. Түбiнде ол бәрiбiр тасиды. Сонда, ол қалай қарай құйылады? Қазақстанмен бiрге әлемдi де мазасыздандырып отырған осы мәселе. Бұл жерде Қазақстан үшiн өте үлкен қауiптiң басын ашып айтқан жөн. Қытайдың территориясымен шектесiп жатқан жерлерге назар аударып қарасақ, айналасының барлығы халықтың тығыз орналасуы нәтижесiнде тығындалып тұр. Қаруына сенген Ресейдi есептемегенде, қытайлар үшiн тек Қазақстанға (Орталық Азия) қарай ғана ағылуларына мүмкiндiк қалады.
Егер де 2002 жылдың 31 желтоқсанынан бастап тек ұлты қытайлар үшiн Қытай үкiметi жеке куәлiгi мен тiркелген мекен жайы туралы анықтамасы болса болды паспорт жасатып беру арқылы сыртқа кететiн азаматтарының құжат рәсiмдерiн барынша жеңiлдеткенiн және қаржыландыратынын ескерсек, азаматтарының шетелге кетуiне мүдделi екендiгiн бiлдiредi. Оған қоса 2004 жылдан бастап қытай азаматтарының Қазақстанда бiр күн визасыз болуына және жиырма адамнан тұратын туристiк топтарға виза беруге үкiметiмiз келiстi. Осы сәттен бастап Қазақстанға қарай халық ағынының тығынын алып тастады деп есептеуге болады. Сондай-ақ бұған Қытайдағы ерлер мен әйелдер арасындағы табиғи тепе-теңдiктiң бұзылу процесiн қосыңыз. «Бiр отбасыға – бiр бала» саясатына 25 жылдай уақыт болды. Ендi қазiр сол кездегi реформа перзенттерi отбасы құратын уақыт келгенде үйленетiн әйел таппай әлек. Сондықтан әйел затын сырттан iздеуге мәжбүр. Және кейбiр шарттар негiзiнде ендi екi балалы болуға рұқсат етiлдi. Мұны Қытай үкiметi халқының қартайып кеткендiгiмен, жастарының қарттарды асырай алмайтын жағдайға жеткендiгiмен түсiндiруде. Бұл ендi демографиялық тасқын басталады деген сөз. Бұдан кейiн шетелдiк зерттеушiлер Қазақстанды жақын уақыттары қытай мигранттары жаулап алатындығына еш күмәндары қалмағандығын жарыса жазды. Қазақстан жөнiнде барлық шетелдiк зерттеушiлердiң пiкiрлерi шамалас, 20 жылдан кейiн Қазақстанда 20 миллион қытай өмiр сүредi дейдi. Қазiргi күнi 500 мыңға жуықтаған қытайлар 20 жылдан кейiн 20 миллион болуы еш күмән тудырмайды. Сондай-ақ Батысты игеру саясаты шеңберiнде Шыңжаңға iшкi Қытайдан 20 жылда 250 миллион адамды көшiру жоспарын бастап кеткенiн ескерсек, Қазақстанда 20 миллион қытайдың пайда болуы ертегi емес сияқты. Егер де Қытайдың 150 млн.нан аса жұмыссыздары бар екенiн ескерсек Шыңжаңда жұмыс орындарын ашса, әп-сәтте-ақ сонша халықтың көшiп келуi түк емес. Қазiр қалашықтар салып көшiру үдерiсi басталып та кеттi.
Ендi тайфунның тасқынындай нөпiр халықты қаншама қорған салсақ та немесе Арқаның қақаған суығы мен бораны да тоқтата алмасы хақ. Кез келген табиғатқа бейiмделгiш, өзгенiң ассимиляциясына түспейтiн, жыбырлағанның бәрiн азық ететiн жанысiрi қытай халқын батыстық философтардың айтып жүргенiндей «ұлтты бiр лидер де құтқара алады» дегенiндей бiр мықты көшбасшының немесе қарудың күшi ғана тоқтатуы мүмкiн.
Бiр қызығы осындай алаңдаулы кезде Қазақстанға қытайлардың дендеп келе жатқанын бiзден гөрi Ресей сезiнiп, дабыл қағып бiздi оятуға тырысуда. Әрине бiзге жаны ашығандықтан емес. Бұл жерде бiрiншi кезекте өз мүддесi бар. Себебiн де айтайын, Ресейге келетiн қытайлардың басым бөлiгi Қазақстан арқылы өтiп жатқанын анықтаған. Қазақстанның қытайлану қаупiнiң алдын алмаса Қытайдың шекарасы Волгадан бiр-ақ шығатынынан үрейленуде.
Қытай мигранттары ешқашан ассимиляцияға ұшырамайды. Керiсiнше топтасып, қауымдасып жүрiп қалашығын салып өз ұлтының саяси мүддесiн насихаттап жүредi. Онымен шектелiп қалмай Қытайдың экономикасын дамыту үшiн шетелде жүргенде де барлық мүмкiндiктерiн жұмылдырады. Қытайдың экономикасын көтерген, инвестиция әкелген де осы шетелдегi қытайлықтар екен.
Қытайдың бiзге байланысты саясатының нәтижесiн бiр Алматы қаласы арқылы түсiндiре кетейiн. Бiр Алматы қаласында қазiргi күнi жүзге тарта қытай кафесi мен мейрамханалары, 270 бiрлескен кәсiпорын, 2 банк, 48 жанармай құю бекетi, бiр Мәдениет орталығы, Қазақ Ұлттық университетi жанындағы Қытай тiлi орталығы, Конфуций институты, Ялянь сауда орталығы, Си Синхай, Бианху көшелерi, Барахолка және Сауран сауда орталықтарындағы сауда нүктелерi, Қазақстанның паспортын алған 5000-нан аса азаматты да қосыңыз. Бұл Қытай ақпаратынан алынған нақты мәлiметтер. Ал бiздiң құқық қорғау органдарымыз мұндай мәлiметтердi құпия ұстайды. Себеп қарапайым, ай сайын әрбiр Қытай азаматы өзiнiң амандығы үшiн полиция бөлiмшесiне 10 мың теңге, аудандық бөлiм бастығына 25 мың теңгеден берiп отырады. Мұны бар Қытай азаматтары растап отыр. Ресейлiк зерттеушiлердiң айғақтарына қарағанда, қытайлықтарды шетелге шығарып отырумен жүйелi айналысатын биресми жасырын ұйымдар бар екен. Әр елге шығарудың өзiндiк мөлшерi бар. Еуропа елдерiне 8-10 мың доллар, Ресейге 2,5-3 мың доллар көлемiнде әр адамға шығын жұмсайтын көрiнедi. Қазақстан ең арзандарының қатарына кiредi. Мекен жайға тiркелу үшiн 100-200 доллар жеткiлiктi. Әлемдiк тәжiрибе дәлелдеп отырғанындай мигранттар тарихта ешқашан мемлекетке пайда әкелмеген, әкелмейдi де. Ендi осының бәрi аздай қытай және орыс тiлдерiнде «Хасакэсытань хуацяо бао» деген газетiн шығара бастады. Газет Қазақстандағы қытай диаспорасына арналған деп жазылған. Сонда бiз қытай диаспорасының пайда болғанын да бiлмей қалғанымыз ба? Бұл жақын уақытта, мүмкiн 5-6 жылда Қытай үкiметi Қазақстандағы қытай тiлдiлердiң құқығын қорғайды деген сөз. Әрине адам пайда болған жерде құқығы да пайда болады. Сондай-ақ Алматыда Қазақстандағы барлық қытайларды басқарып отыратын (қазiргi тiлмен айтқанда жергiлiктi халықтан қорғап отыратын «крыша») «триада» деген бандиттiк топтың да пайда болғанын бiреу бiлер бiреу бiлмес. Бұған қоса жақында қытай ұлттық мәдени орталығын ашуды да жоспарлап жатқандығын естерiңiзге салайын. Қытай мигранттарының Алматыда қаптап келе жатқанына байланысты мәселе көтерiлгенде iшкi iстер органы оның жалған екендiгiн жариялады. Сонда деймiн-ау, бiз күнде қаптаған қытайлықтарды көрiп жүрген көзiмiзге сенемiз бе, әлде iшкi iстер органының мәлiметтерiне сенемiз бе? Осы арасы түсiнiксiз. Және бұл тек Алматыдағы ғана жағдай. Басқа жердегi жағдайды айтпай-ақ қоялық. Ал бас қаламыздағы қытай мәселесiн айтып өтпеске болмас. Астанамыз Астана қаласының қақ ортасынан ойып тұрып қытайдың ұлттық нақышында салған зәулiм «Пекин палас» қонақ үйiне айына шамамен 600-700 қытай азаматы қонақтайтынын, оған қоса Астана қалалық әкiмшiлiгi қытай сауда орталығын салуға жер бөлiп берiптi.
Жалпы Қазақстан бойынша Қытайдың 20 iрi компаниясы және орта-ұсағы бар 2000-нан аса бiрлескен компаниялар жұмыс iстеуде. Олардың басым бөлiгi әрине энергетика саласында. Атап айтқанда Қытайдың иелiгiне өтiп кеткен компаниялар:
Ақтөбемұнайгаз – 85,32 пайыз үлес
Маңғыстаумұнайгаз – 47
ПетроҚазақстан – 67
Қазгермұнай – 50
Қаражанбасмұнай – 50
Павлодар мұнай өңдеу зауыты – 58
Шымкент мұнай өңдеу зауыты – 50
Айдан мұнай – 100 т.б.
Сондай-ақ қытайдың 4 компаниясы қазiргi таңда мұнай бар жерлерге барлау жұмыстарын жүргiзiп жатыр. 2004 жылы сәуiр айында Қытайдың Sinopec Group мұнай химиялық компаниясы Каспийдiң солтүстiгiндегi бiрқанша кенiштерге иелiк ететiн америкалық Fioc (First International Oil Сompany) компаниясын сатып алды. 2009 жылы маңызды компанияларымыздың бiрi «Қазмұнайгаз» «Барлау өндiру» АҚ-ның 11 пайызын сатып алды. Жақында «Қазақмыс» Қытайдан 2,7 млрд. доллар қарыз алғанын және жақын арада үлесiне кiретiнiн бiлдiк. Қазақстанның көп аймағын электр қуатымен қамтамасыз етiп отырған Екiбастұз электр станциясын сатып алды. Әлi де көптеген компанияларды сатып алу жөнiнде келiссөздер жүргiзiлiп жатыр. Арал теңiзi аймағында мұнай-газ кенiштерiн ашу үшiн барлау жұмыстарын жүргiзуде. Ең қауiптiсi 939 миллион долларға «ҚазМұнайГаздың» 14,5 пайыз акциясын сатып алуы. Таңқаларлығы елiмiздiң «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниямыздың үлесiнен қытайдың CNPC компаниясының үлесi асып кетiптi. Жалпы Қазақстандағы энергетика саласындағы үлестiң жартысына жуықтады. Сонда бұл елдiң мұнай-газ саласындағы монополист компаниясы ҚМГ емес CNPC болғаны ғой. Егер де мұны түсiне бiлгенге елдiң қауiпсiздiгiне үлкен қауiп төндiрiп тұр. Бұл жөнiнде ҚР Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi төрағасының орынбасары Б. Парсегов «Бәсекелестiк туралы» заңның 12-бабына сәйкес егер нарықтағы үлесi 35 пайыздан асып кетсе нарық субъектiсiнiң жағдайы үстем деп табылады. Ал қытайлық компаниялардың мұнай нарығында аталған өлшемдерге (критерий) сәйкес келмейдi» дедi. Осы кезге дейiн Қытайға қарай тек мұнай құбырының салынып жатқанын естушi едiк, сөйтсек оған қоса PetroChina компаниясы Қазақстанның батысынан Қытай шекарасына дейiн бiр газ құбырын салып жатқаны анықталды.
Қытай ендi мұнай мен газды қойып уран кенiштерiн сатып алуды бастады. Бiлетiнiмiз Шиелi, Иiркөл, Семiзбай кенiштерiне иелiк етуде. Қытайдың ұлттық ядролық корпорациясы мен Гуандун ядролық корпорациясының Қазақстанның уран кенiштерiнде үлестерi бар, әрi «Қазатомпром» компаниясынан уран сатып алу келiсiмi жасалған. Алдағы уақытта Қапшағайдағы ойын-сауық қалашығын, Мойнақ су электр станциясын, Балхаш және Екiбастұздағы жылу электр станциясын салуды жоспарлап жатыр. Жалпы Қытай Қазақстанның барлық энергетикалық ресурстарын, яғни мемлекетiмiздiң күш қуатын толықтай бақылауға алу үшiн барынша инвестиция құйып жатыр. Не үшiн екенiн анықтай алмадық. China Development Bank Қазақстанның Даму банкiне 100 млн. доллар берген екен. Қытай тек қана энергетикалық ресурстар қорын сатып алу үшiн 3 трлн. қаржы бөлгенiн әлемге жариялады. Бiрақ бұған алданбаңыздар, бұл Қытайдың кезектi қақпаны. Атам қазақ мұндай әрекетке «не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп керемет жауап айтқан. Сiздер ойлайтын шығарсыздар, қытайлар бiзге миллиондаған доллар инвестиция құйып жатыр деп. Ол салған ақшалары өндiрiске, экономикамызды дамытуға емес, мұнай, газ, уранды өндiрiп Қытайға алып кету үшiн ғана. Ал оның шығынын өтейтiн бiз боламыз, өйткенi несие ретiнде мойнымызға iлiнiп жатыр ғой. Бiр елдiң экономикалық қауiпсiздiгiн тәуелдiлiктен қорғау үшiн тұтыну тауарларының жартысынан астамын өздерi өндiруi керек екен. Бұл жағдай бiзде қызыл сызықтан әрi асып кеттi. Алманың атасы атанған Алматы өңiрi алманы Қытайдан тасығаннан кейiн не сұрауға болады.
Әрине экономикалық жағынан Қытай тек Қазақстанға емес әлемге ықпалын күшейтiп келедi. Әсiресе әлемдiк дағдарыс кезiнде Қытайдың экономикалық қуаты керiсiнше артып кеттi. Қытай банкiсiнiң (Bank of China) вице-президент Жу Минь «Бұл дағдарыс бiзге АҚШ-тың әлем экономикасына бақылау жасай алмайтынын айқын дәлелдеп бердi» деп ашық түрде сынға алды. Бұл дегенiмiз Қытай бiрте бiрте АҚШ-тың экономикасына, долларға деген тәуелдiлiгiн азайтты деген сөз. Қытай юанiнiң әлемдiк валютаға қарай жол алғанынан болар, 2009 жылғы 15 сәуiрде Пекинде қаржы министрiмiз Б. Жәмiшев: «Қазақстан юаньдi резервтiк валюта ретiнде пайдалануы мүмкiн» деп салды. Юаньнiң тұрақты болып тұрғандығынан қазiр саудагерлерiмiз тауардың құнын юанмен өлшейтiн болыпты. Бұл үдерiс түптеп келгенде доллар құнсызданатын болса Қазақстан юаньға көшуге дайын деген сөз. Байқасаңыздар Халық банкiнiң банкоматтары қытай тiлiнде де қызмет көрсете бастады. Мұның барлығына дабыл қағып жатқан жан баласы жоқ сияқты көрiнедi.
Ендi халық санымен қоса тауарларына да аз кем тоқтала кетейiн. Әрине, қытай тауарларына шектеу қоя алмаймыз, бiрақ тауарымен бiрге келетiн адамдарын кiргiзбеу керек. Ол үшiн шекарада сауда орталықтарын ашып, сол арадан тауарын алып, өзiн сол жерде қалдырып отыру керек. Сонымен қатар шекарада тауарларын тексерiп өткiзетiн лабораториялар салуымыз керек. Себебi Қытайдың көптеген тауарларына ЕО, АҚШ, Жапония, Малайзия сияқты көптеген елдер тиым салды. Себеп бiреу, адам денсаулығына зиянды, тiптi улы заттар. Осы жағдайларды бiле отыра 2010 жылдың 18 сәуiрiнде екi елдiң кеден басшылары 24 сағат бойы жұмыс iстейтiн тауар өткiзу бекетiн ашатын болып келiстi. Мұндағы мақсат қытай тауарларын кедергiсiз тез арада өткiзетiн «жасыл коридор» ашу. Бiр кездерi АҚШ үй жануарларына арналған Қытай тағамдарынан зиянды қоспа тауып едi, ит пен мысығының денсаулығын мемлекеттiк деңгейде қорғап Пекинге қарсы нота жiбердi. Жалпы қытайдан қандай тағамдар болмасын кiргiзбеу керек. Себебi тағамдарының дерлiк бәрi гендiк модификацияланған тағамдар. Тiптi кейбiр тағам түрлерiнiң зияндылығын анықтауға мүмкiндiгiмiз жетпейтiн көрiнедi. Бiрде қытайдан келген шошқаның етi қаншама тексерулерден өтiп халық тұтынатын орынға келгенде зияндылығы анықталады. Артынша 90 тонна зиянды шошқа етiн қайтаруға мәжбүр болыпты. Сонда зияндылығы белгiлi бiр уақытқа дейiн анықталмай жүре бередi деген сөз ғой. Осылай бiлдiрмей әсер ететiндердiң көпшiлiгi еркектердi белден айыратын, ұрықтарын өлтiретiн қоспа бар екенiне құлақ та үйрендi. Мамандардың айтуынша тағамдарымен қоса Қытайдан келетiн киiм-кешек, балалар ойыншықтарының сапасы да сын көтермейдi екен. Осылардың кесiрiнен ауру ұрпақтар саны өсуде. Атап айтқанда бүлдiршiндер арасында артроз, сколиозға шалдыққандар көбейдi. Соңғы 5-10 жылдан берi жастардың басым бөлiгiнде майтабан ауруы анықталып әскерде Отан қорғау борышынан айрылғандар қатары көбеюде. Медицина мамандары бұл қытайдың аяқ киiмдерiнiң тигiзген зардабы екенiн айтты. Мектептердегi стандартқа сай келмейтiн қытай парталарының зардабынан балалар бүкiр, қабырғасы қисық қалыптасуда. Одан қалды кеңсе тауарларының жағымсыз иiстi, улы бояуларынан оқушыларымыз тағы да зардап шегуде. Ал нәрестелерге арналған ойыншықтардағы улы бояулардан зақымданған, жарылғыш заттардан күйген, сылдырмақтағы дыбыстың қаттылығынан керең болғандар қаншама. Бүгiнде жерге түссе сынбайтын қытайлық ыдыстарға қызығатындар көбейдi: бағасы арзан әрi ұзаққа шыдайды. Мұндай ыдыстарға салынған тағамдар лезде уға айналады екен. Себебi ыдыстағы меламиннiң құрамына формальдегидпен бiрге асбест қосылады. Ал асбест ыдыс тұрмақ, құрылысқа пайдалануға қатаң тыйым салынған улы зат. Автобустарынан халықтың қандай зардап шеккенiн де бiлесiздер. Өкiнiштiсi күнде қолданып жүрген ұялы телефонымыздың маркасы басқа елдiкi болғанымен Қытайда жасалғандығы және оның радиация мөлшерi шектен тыс болғандықтан миымызды зақымдап жатқанын көбiмiздiң хабарымыз жоқ. Осыларды ескере отырып дамыған елдердiң шектеу қойған тауарларының тiзiмдерiн жасап, шектеу қою керек. Қытайлар тек тауарымен ғана денсаулығымызға зиянын тигiзбей, жұмыс iстетiп жатқан кен орындарындағы экологияны бүлдiрiп жергiлiктi халықтың денсаулығын күрт нашарлатып жiбердi. Оны сол жердегi ауруханалардың мәлiметтерiнен бiлуге болады. Қытай кен орындарында газдан улану оқиғалары жиi қайталанатын болды. Шиелi кентiнде болғанымда «соңғы күндерi судың бетiнде бiр май тәрiздi сұйықтық пайда болды. Бiлетiндердiң айтуынша ол уран көрiнедi. Соны бiле тұра жергiлiктi халық судың бетiн үрлеп жiберiп iше беретiн» жағдайға жетiптi. Осылармен қатар Ертiс, Iле өзендерiнiң арнасын бұру арқылы Қазақстанның шығыс аймағына үлкен экологиялық апат туындатпақшы. Өзендерiмiзде судың төмендеуiнен балықтың түрлерi азайып барады. Бұған алаңдаушылық бiлдiрген Қазақстан тарапына Қытай ресми түрде «Елдiң барлық ресурстары, оның iшiнде шекаралық өзендерi де Қытай экономикасының өркендеуiне жұмыс iстеуi керек. Қалғаны маңызды емес» деп бiр-ақ қысқа қайырды. Қытайлардың басынғаны сондай жергiлiктi халықты қорлайтындай жағдайға жетiптi. Барлық басшымызды сатып алғаннан кейiн басынғаны ғой бұл. Қытай мәдениетiн, тарихын халқымыздың санасына түрлi айла жолдарымен тықпалап жатыр. Таңертең тұрғанда Қытай әнұранын айтқызуды әдетке айналдырған. Қытай тiлiн талап етедi, бiлетiндерiне жеңiлдiктер жасайды. Өздерiңiз жақында оқыған боларсыздар қытайлық азаматтың «Жас Алаш» газетiнiң редакциясын арнайы барып талқандап кеткенiн. Бұл бiр елдiң беделдi газетiнiң аузын жабуға және байқап жазуға Қытай тарапынан көрсетiлген сес. Қытайда қасиеттi мұрамыз домбыра аяқасты етiлiп, «Домбыра» деген маркамен арақ шығарды. «Әнұран таққан арақты, домбыраға құйып таратты» деген хабарды да естiгенбiз. Сонымен бiрге Қазақстан туы, елтаңбасы, бедерленген қытай тауарларына да көз үйрене бастады. Осы тектес ұлттық, рухани құндылықтарымызға қарсы жасалған шабуылдардан қорғануымыз керек. Қытай ежелден өзiнiң мәдениетiн, идеологиясын бiртiндеп өзге ұлтқа сiңiрiп, содан кейiн әлсiз, тамырсыз, рухы тоналған ұлттарды жойып отырған. Егер жiтi назар аударып қарасаңыздар қазақтың екiсiнiң бiрiнiң үйiнде немесе қызмет, сауда орындарында қытайдың фэн-шуй iлiмi негiзiнде жасалған мүсiндер, атап айтқанда месқарын адам мен тиын тiстеген құрбақаны көресiздер. Сонда бақыт пен байлық шақырады деген қытайдың сенiмi санамызға да кiрiп үлгердi деген сөз ғой бұл. Бақыт пен байлықты Құдайдан емес қытайдың ойыншығынан сұрасақ жетiскен екенбiз. Өтiрiк ертегiге құрылған сәттiлiктер арқылы мұндай ойыншықтарға сенудiң түбiнде пұтқа табынушылық жатқанын естен шығармаңыздар. Бұл бар болғаны қалта қағу мен қытайландырудың бiр жолы.
Қысқасы қытай тауарларының осындай ауыр халге душар ететiн зияндылығын ескере отырып кең түрде насихаттау керек. Махатма Ганди айтқандай «ағылшындарға қарсы күресудiң бiр жолы – ағылшын тауарларын еш сатып алмау» дептi. Содан кейiн ағылшын компаниялары бiрiнен кейiн бiрi банкротқа ұшырап, артынша үндi жерiн тастап кете барыпты.
Жоғарыда айтылған тауар алмасу байланыстарының күшейгенi сондай, көлiктердiң мүмкiншiлiгi жетпей жатқан көрiнедi. Осыны ескерген Қытайдың HPGI компаниясы Қазақстан мен Қытай арасында жаңадан 21 жол байланысын құруды жоспарлап, оның сегiзi тек мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалдауға арналатындығын жариялады.
Осылардың барлығын жариялаудағы мақсатымыз екi елдiң осындай тығыз қарым қатынасына сына қағу емес. Қарым-қатынаста да тереземiз тең әрi әдiлеттi болуын қалаймыз. Әйтпесе бiзге тек дайын тауарларын тасып, өзiмiздiң өндiрiстi тұншықтырып экономикалық жағынан тәуелдi ету, барлық шикiзатымызды тасып әкету осының бәрi достық немесе мүдделестiк, әдiлеттiлiк пе? Бұның нақ жауабын өзiмiз-ақ айтайық, бұл әлем тарихындағы тәжiрибеден бiлетiнiмiздей шикiзат өндiрушi әрi дайын тауар тұтынушы дамымай артта қалған елдердiң қатарына қосу.
Қазақ аң-құспен, табиғатпен сырласа бiлген халық. Солардың сезiмталдығымен алдағы күндi болжап отырған. Егер қазақ-қытай шекарасының арғы бетiне назар аударсаңыздар құстар жоқ та бергi бетте құстар көп екен. Құс екеш құстың өзi шекараның арғы бетiне бiр қадам жоламайды. Өйткенi бiр тажалдың келе жатқанын сездiртедi. Сөйтсе мәдени төңкерiс кезiндегi қырғын гендiк жадында сақталғандығынан арғы бетке өтпейдi екен. Сондықтан тарихтан жоңғарларды түп тамырымен қалай қырғанын, ал қазiр автономды ел болып отырған ұйғырларды қалай қырып жатқанып бiлiп, көрiп отырып қалай сақтанбай отырмыз деген заңды сауал әрдайым әрбiр қазақты ұйықтатпауы керек.
Шетелге кеткiң келсе ағылшын тiлiн үйрен, осы жерде қалғың келсе қытайша үйрен деген әзiл де болса әңгiмелер айтылып жүр. Қазiрдiң өзiнде өз елiмiзде отырып қытайға жалданын жүргенде ертең құл болмаймыз деп кiмдi сендiре аламыз.
Өте тереңiнен жүргiзiлген қытай саясатының бiр тармағы тарихи, мәдени құндылықтарымызды қытайландыру. Осы тұста бiзге қиын соғып тұрған жерi тарихи құжаттарымыздың болмауы. Ал Қытайда бiз туралы томдаған зерттеулер саны ұзақсонар. Бiр Су Бэйхайдың төрт томдық «Қазақтың жалпы тарихы», Уаң Жылайдың төрт томдық «Орта Азияның жалпы тарихы» сияқты еңбектердiң өзi неге тұрады!? Жалпы осы тектес томдаған еңбектердiң барлығы қытай мүддесiне қарай жазылған. Осындай еңбектердiң әсерiнен бiзде қытайлық пiкiрдi қалай жақтап кеткендерiн бiлмей қалғандар көбеюде. Қытайдың жалпы орта мектебiнiң 9-сыныбына арналған тарих оқулығында Қазақстанның оңтүстiк бөлiгiн Қытайдың территориясы деп көрсеткен. Қысқасы солардың жерiн бiз хақсыз жаулап алған екенбiз. Егер де бiз де оқулықтарымызда Қытай қорғанынан бастап айтпай-ақ қояйын, кешегi Орынбор қаласын картамызға қосып алайықшы Ресейiң өре түрегеледi.
Қытайда Орталық Азияны зерттейтiн 10-нан аса ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы Қазақстанды зерттеуге бағытталған екен. Қытай Қазақстанды зерттеу жағынан бiздi он орап кетедi. Егер сенсеңiздер әрбiр қытай азаматы елiне барғанда қазақтар не iстеп жатыр, ой-пiкiрi қалай екенi жөнiнде қауiпсiздiк органдарына түсiнiктеме берiп отырады. Ал басшыларымыздың барлық iс-әрекеттерi жөнiндегi ақпараттарды бақылауда ұстап отыр. Шыңжаңның экономика газетi күн сайынғы нөмiрлерiнде Қазақстанның күнделiктi экономикалық жағдайынан былайша айтқанда базардағы көкөнiс бағасынан бастап мұнайының әр барелiнiң бағасына дейiн жариялап отырады. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының болашағына болжамдар да жасап, тiптi күзгi жиын-терiмде қанша тонна астық алатынына дейiн есептеп жариялайды екен.
Спорт саласында да қытайдың мерейi үстем болып тұр. Қазiр өзiмiздiң қазақша күрес сияқты ұлттық спортымыздың орталығына гөрi ушу, айкидо, кунфу сияқты қытайдың жекпе-жек өнерлерiн насихаттайтын орталықтарын көптеп ашылып жатыр. Бұл түбiнде өзiмiздiң генiмiзге тән әскери рухты жоғалтуымызға жол ашпай ма?
Қытай ешқашан басқа елдiң территориясына қол сұқпайды деген адамды қателестiретiн пiкiрге сенуге болмайды. Қытай қауiпсiздiгiнiң доктринасына сәйкес Қытайдың стратегиялық шекарасы әлсiз елдердiң территориясы есебiнен ұлғая бередi. Арысы Қытай қорғанынан бастап айтпай-ақ, берiсi 1992-95 жж. аралығында Ресейдiң Приморье, Уссури, Амурдағы бiраз жерлерiн, 1997 жылы Гонконгты, 1998 жылы Аомынды өзiне қосып алып тек территориясын ұлғайтып келедi. Егер де қытайдың әскери тәсiлдерiн зерттесеңiздер, соңғы уақыттары қорғаныс саласынан гөрi қарсы шабуылға көп қаржы бөлуде. Осы тектес мысалдарға сүйенiп Қазақстан Қытайға қарсы 30 минут, 40 минут қана төтеп бере алады дегендер көп даурыға бермесiн. Осы тектес пiкiрлердi Ресей әдейi шығарып «Сендер өз беттерiңмен Қытайға қарсы 1 сағат та қарсы тұра алмайсыңдар» деп Қазақстанды Қытайдан қорқытып өз қолтықтарының астына басқысы келедi. Жоғарыда аталған экономика, идеология, спорт, миграция, т.б. салаларындағы үстемдiгiмен қоса Қытай ендi әскери байланыстарын күшейтуге кiрiстi. Себебi де түсiнiктi, Қазақстандағы экономикалық мүддесiн қарумен қорғау. Сондай-ақ Қазақстанның батысынан бастап Қытайға қарай тартылған мұнай құбырының қауiпсiздiгiн қорғау мақсатында кез-келген уақытта әскер кiргiзуге дайындық жұмыстарын жүргiзуде. Бұл аталған мәселенi Қытайдың Қазақстанмен әскери жаттығуларын көбейтiп жатқандығымен дәлелдеуге болады. Мысалға соңғы 4-5 жылда жыл сайын әскери жаттығу өткiзудi дәстүрге айналдырды. Биыл Қазақстандағы Мәтiбұлақ полигонында тағы бiр әскери оқу-жаттығу өткiзу жоспарланып отыр. Кеңес Одағы заманынан қалған әскери техниканың ескiрiп, қолданыстан шығуына байланысты Қытай өзiнiң әскери құрал-жабдықтарын берiп, оқу-жаттығулар өткiзу арқылы иемденгiсi келетiн ниетiн iс-әрекетiмен байқатып жүр. Оған қоса қытайдың әскери оқу орындары қазақ әскерлерiне оқуға бөлiнетiн грантты жыл өткен сайын көбейтiп келедi. Қытай ендi мұнай құбыр желiлерiмен қатар Қазақстандағы компаниялары мен азаматтарының мүдделерiн қорғаудың стратегиясын жасап жатқанына күмәнiңiз болмасын. Әрине бiздiң ресми билiк ұлттық қауiпсiздiгiмiзге тiкелей қатер төндiретiн болғандықтан елiмiздегi Қытайдың энергетикалық мүдделерiн қытай әскерилерiнiң қорғауына рұқсат бергiсi келмейдi. Ал бiрақ оған қарап отырған қытай жоқ. Қазiр экономикалық тәуелдiлiкке түсiруге, қытай диаспорасын көбейтуге бар күшiн салып жатыр. Одан арғысы белгiлi ғой.
Жоғарыда аталған Қытайдың қауiпсiздiгiмiзге де, экономикамызға да дендеп кiрiп бара жатуына даңғыл жол ашып отырған елiмiздегi тамырын тереңге жiберген ЖЕМҚОРЛЫҚ. Бұл жемқорлық деген жоңғар шапқыншылығы мен ашаршылықтан да жаман болайын деп тұр.
Бiр қауiп төндiрiп отырғаны қазiрдiң өзiнде қытайлар көбейiп кеткен Ақтөбе, Маңғыстау сияқты Қазақстанның кейбiр қалаларындағы жергiлiктi атқарушы органдар арасында қытай мүддесiн қорғайтындардың көбеюi. Жергiлiктi халықтың ортақ бiр мәселесi мәслихат, әкiмшiлiкте көтерiлiп қалған кезде ауыздарына құм құйып алғандай үнсiздер саны көбейiп, есесiне халықтың мәселесiн жанұшырып айтатын адамдар азайып барады. Қу бастың құлқынын ғана ойлап аузына қытайдың қаржысын толтырып алғандар қалай сөйлесiн. Бiрде Қызылорда облысында қытайдың мұнай барлау экспедициясы ұсталды. Туристiк визамен қыдырып келген қытайлықтар 89 жергiлiктi азаматты келiсiм шартсыз жалдап, мұнай қорын барлап жатқан жерiнен қолға түстi. Осының бәрiне жол ашып, рұқсат берiп отырған кiм, әрине жергiлiктi атқарушы органдар.
Бiр таңқаларлығы, Қытайдың көпе-көрнеу төндiрiп отырған қаупiн қарапайым халық көредi де, билiк неге көрмейдi? Қытайға сатып берсең де, жалға берсең де, уақытша берсең де, берген жердiң ендi қайтуы жоқ екенiн бәрi бiледi де, билiк бiлмейдi ме? Миллиардтаған қытайдан алпауыт АҚШ сақтанғанда, алақандай 15 млн қазақ неге сақтанбайды? Жердi ешқандай жағдайда жалға да, малға да, қарызға да беруге болмайды! Бұл халықтың билiктен әбден күдер үзгенi соншалық жердi жалға бередi екен дегенде сасқанынан Ху Цзинтаоға араша сұрап жазылған хаттарды интернеттен оқыдым. Бұл арада тек қана билiктi ғана кiнәлап отыруға болмайды. Бұған бiзде жауаптымыз және бiз де кiнәлiмiз.
Хат жазғаннан, сұрағаннан, жылағаннан, кiжiнгеннен мүйiз шықса, қазақтың мүйiзi қарағайдай болар едi. Бұдан ешқандай пайда жоқ, нәтиже жоқ екенiне көз жеттi. Әлсiздiң үнiне кiм құлақ асып едi бұ заманда. Сондықтан әрбiр қазақ мықты, табанды болуы керек. Ретi келгенде аспандап кеткен билiктi алқымынан алып, тәрбиеге салып, тәубесiне түсiрiп отыру керек. «Халық талап етсе, хан түйесiн соятынын» ұмытпайық. Бiрақ мына заманда саясатқа қарсылық бiлдiрген халықты қырып салудан да тайынбай ма деп ойлаймын. Себебi Қытайға жер беруге қарсы шыққан кешегi Алматы қаласындағы 2009 жылғы 16-17 желтоқсанда жаңа алаңның астында 2000 әскер мұздай қаруланып, ши шыға қалса жер астынан тап беруге дайын тұрыпты.
Қытайға Қазақстанның жерi керек жоқ деген пiкiрдегiлер қателеседi. Өз жерiне сыймай отырған елге қалай жер керегi жоқ. Яғни оларға шикiзат керек, тұратын жер керек. Сондықтан да олар Қазақстаннан жалға болса да жер алуға мүдделi. Қытайдың «Рен минь рь бау» газетiнiң ағылшын тiлiндегi сайтында және Францияның «Le Monde» газетiнде «Қазақстаннан жетi мың гектар жер он жылға алынды, үш мың қытай диқаны осы көктемде барады» деген мәлiметтi таратты. Бұл Алматы облысы Алакөл ауданында орналасқан «Сино-Қазақстан» компаниясы. Директоры – Ху Фең деген қытайлық. Одан қалды естерiңiзде болса С.Терещенко 1 млн. гектар жердi сатып алып едi ғой. Ендi сол жерлерiн шетiнен қытайлық фермерлерге жалға берiп жатқан көрiнедi. Осылардың бәрi ақылға қонбайды. Себебi ешқандай ел Қазақстанға мал, егiн шаруашылығын үйретпей-ақ қойсын. Себебi Қазақстан бұрыннан аграрлы ел. Тәжiрибемiз мол, жеткiлiктi. Тек жұмысымызды жүйеге қойсақ болды.
Жоғарыда аталған барлық қауiп-қатерлерге қарсы шаралар ретiнде ұсыныстарымды бiлдiре кетейiн.
Неге бiз әрдайым iс-шара жоспарлағанда, тiптi бiр әңгiменi айтқанның өзiнде бөтен бiреудiң құқығын бiрiншi кезекте ойлап айтамыз. Ананың, мынаның құқығын бұзып жiбермеймiз бе деп жалтақтап отырамыз, сосын барып екiншi кезекке өзiмiздi қоямыз. Қытайдың еркектер проблемасы өздерiне. Соларға қыз жетпей қалады екен деп бiзде артылып жатқан қызымыз жоқ. «Әйелiн, қызын қызғанбаған адам жұмаққа бармайды» деген халық емес пе едiк. Сондықтан қалайда қытаймен аралас некеге тыйым салуымыз керек. Тiптi Индонезия мен Малайзия қытайлықтардың келуiне заң жүзiнде қатаң тыйым салды емес пе?
Мүмкiндiгiнше ұлты қытайға азаматтық бермеу. Әлемдiк тәжiрибеде көрсетiп жүргенiндей азаматтық алуды қиындату, мысалыға қазақ тiлiн бiлудi талап ету, азаматтық үшiн тұрақтау мерзiмiн 5 жылдан 10 жылға көтеру.
Бiр қызығы бiз Қытай туралы көп нәрсе бiлмеймiз. Ешқандай классикалық деңгейдегi еңбектерiн оқыған емеспiз. Қысқасы Қытай әлемi, қыр-сыры бiз үшiн әлi жұмбақ. Сол үшiн ҚР Сыртқы барлау қызметiнде арнайы Қытай басқармасын құру. ҰҚК жанынан Қытай ғылыми-зерттеу институтын құру. Оған қытайдың қыр-сырын жанындай бiлетiн Қытайдағы ұлтшыл қазақтарды тарту. Мысалыға, Қытайдың Мемлекеттiк қауiпсiздiк министрлiгiнде 3-бюро Гонконг, Макао (Аомын), Тайванмен арнайы шұғылданатын және сол жердегi ұлты қытай ұлтшылдарын тыңшылыққа тартатын болған. Бұл бюро таяу арада жабылуы мүмкiн деген де болжам бар. Себебi Гонконг пен Макаоны қосып алды, ендi жақында Тайванды да бағындырады дейдi. Көрдiңiз бе арнайы бюро құрғанның нәтижесi қандай.
Сондай-ақ қытай жұмысшыларын кiргiзбеу, тендерлерге қытай фирмаларын қатыстырмау керек. Кез келген адам iстей алатын қара жұмысшыны Қытайдан әкелудiң ешқандай жөнi жоқ. Қытай үлеске кiрiп алған компанияларының тендерлерiн қытайлар шешетiн болыпты. Соның себебiнен сервистерiнiң барлығына қытайларды тартуда. Сонымен қоса техникаларын әкелуде. Техникасын әкелген соң, қосалқы бөлшектерiн әкеледi, сосын оны жөндейтiн мамандарын әкеледi, сосын жұмыс орында санын 10-15 жеткiзiп алған соң, құқықтарын сұрай бастайды. Тамағын, киiмiн, азық түлiгiмен қоса аспазшысын шақыртады. Осылайша кезең кезеңiмен iстiң барлық тетiктерiн қолдарына алып жатыр. Нәтижесiнде бұрындары көшеден еш көрмей жүрген қытайымызды, ендi қазiр 2-3-iн, сосын топ топтарымен көретiн болдық. Бiр бiлетiнiмiз шекарадан жылына шамамен 50-60 мың қытай кiрсе, соның 20-30 мыңы ғана қайтады екен. Бұл ресми дерек көзi, ал биресми санын бiлмеймiз. Бiр таңқаларлық жағдай, Қазақстандағы қытай мигранттары жөнiнде не көшi-қон полициясы, не статистикалық органдар болсын ешқайсысы дөп басып санын айта алмайды. Бұл проблеманы тез арада жолға қою керек.
Сонымен қатар Қытайдың қытайландыру саясатына қарсы бiзден басқа да көршiлерiнiң қалай сақтанып келген тәжiрибелерiн саралай отырып, тек Жапониядан ғана үлгi алуға болатынын баса айтқым келiп отыр. Өйткенi, олар ұлттық менталитеттерiн сақтай отырып, рухани әлемiне шетелдiктердi бойлатпай, өз аумағына қоныс тепкiзбедi, iргесiн аулақ ұстады. Қандай жағдай болғанда да Қытай азаматының Жапонияда тұрақтап қалуына ешқандай мүмкiндiк қалдырмаған. Жапон азаматына үйлене қалған күннiң өзiнде, азаматымен қоса елден шығарып жiбередi. Қытайдың саясатына қарсы бiздiң әрекетiмiз, осыдан 40-45 жыл бұрын оңтүстiк-шығыс Азия елдерiнiң Қытайға қарсы әрекетiне ұқсас. Қытайдан ешқандай қауiп сезiнбеген оңтүстiк-шығыс Азия елдерi көп уақыт өтпей-ақ Қытай ықпалында қалай қалғанын бiлмей де қалды. Қазiр бiз де Қытайдан келетiн қауiптi айтарлықтай сезiне алмай отырғанымыз рас. Қытай 5 мыңжылдық тарихында ешқашан көршi елдерiн күшпен басып алған емес. Алдымен тауарларын кiргiзiп, артынан сауда-саттықпен барған қытайлар тұрақтап қалып, қытай тауарына тәуелдi етiп, соңында саяси жағынан да тәуелдi етiп отырған. Сонау Сары өзен бойынан басталған жаулап алу саясаты арқылы қазiр 9,6 млн. шаршы шақырымды бағындырды. Нәтижесiнде қаншама халықтарды соғыссыз-ақ жер бетiнен жойып, қаншамасын отарында қанап отыр. Олар қарумен жауламайды, тек қана Конфуцийдiң саналарына мыңдаған жылдардан берi сiңiрiп тастаған «1 сантиметрден алға жылжып отырсаң жеткiлiктi» деген ұстанымын iске асыруда. Ендi осындай өткен тарихтан да сабақ ала отырып неге сақтану шараларын қолға алмасқа. 1) Ұлан-ғайыр даламыздың Қытаймен шекаралас жатқан шекара бекеттерiнде Қытайдың демографиялық ағынын реттеп отыру үшiн 4 шекара бекетiнiң тек Достық шекара бекетiнен ғана қытай дипломаттарын қатаң қадағалап өткiзу қалғандарынан адамдар өткiзбеу (заттары өте берсiн) қажет. Бiрақ тауар алмасу қалыпты барлық шекара бекеттерiнен жүре бередi; 2) Қазақстанға кiрген әрбiр Қытай азаматын қатаң қадағалауда ұстау арқылы, қонақ үйден басқа жерлерге – үй жалдап тұруына қатаң тиым салу; 3) нақты саны белгiсiз азаматтығымызды алған қытайлардың Қытайдағы туыс-таныстарын түрлi жолдарымен шақырып, Қазақстанның өндiрiс өнеркәсiбi, сауда-саттығы сияқты түрлi салаларына iшкерiлей араласуына жол бермеу; 4) Ақпарат құралдарында, оқулық құралдарында Қазақстанды қытайландыруға қатысты арандатуға жол бермеу. 5) Қытайдан тауарлармен бiрге келетiн рухани өнiмдерiне шектеу қою; 6) қазақ халқының қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқан Қытайдағы 1,5 млн. қазақты Қазақстанның солтүстiк аудандарына көшiрiп алу. Алайда ресми дерек бойынша 1,3 млрд. тұрғыны бар Қытайдың демографиялық, әлеуметтiк проблемасы шаш-етектен болса да қандастарымызды Отанына қайтаруға құлықты емес. Қытайдағы қандастарымыз Қазақстанға келетiн болса демографиялық, ұлттық проблемаларымыздың бiршамасы шешiлген болар едi. Сонымен бiрге картадан қарағанда төбемiзге жайғасып алған Ресейдiң солтүстiк өңiрiмiздегi саяси ықпалы азаяр едi. Шығыс көршiмiздiң қаншалықты қауiптi екенiнiң парқына бара алмай отырған азаматтарымызға Қытайдан келген қандастарымыз түсiндiруге және жақыннан тануымызға көмектескен болар едi. Осы мәселелердiң бәрiн ескерiп, Қытай үкiметi мұны Қазақстанға қатысты бiр көзiр ретiнде ұстап отыр. Әйтпесе қандастарымыздың бәрiн әкелгеннен соншалықты Қытайдың демографиялық жағдайына әсер етпейтiнi айдан анық. Егер де бiз Қытайдағы 1,5 млн. қандасымызды әкелiп үлгере алмасақ болашағымызға қатысты, Қытайға қатысты бiр көзiрiмiздi жоғалтқанмен бiрдей. Өйткенi, соңғы жылдары Қытай үкiметi қандастарымыз орналасқан Шыңжаң аймағын қытайландыруды қарқынды түрде бастап кеттi. Және болжамдарға қарағанда жақын уақытта қытайланып бiтедi деген болжамдар да бар. Бұдан түсiнгенiмiз — қазақтардың басын бiрiктiрмей кезең-кезеңiмен қытайландыру. Яғни, Қытайдағы қандастарымызды қытайландырып бiткен соң, ертең бұл күннiң бiзге де тумауына кiм кепiлдiк бере алады. Жоғарыда аталған күрмеуi шешiлуi керек мәселелердiң барлығы тарихымыз бiзге көрсетiп, дәлелдеп ортаға шығарып берiп кеткен сабақтарынан туындаған проблемалар. Егер де бiз осы мәселелердiң шешiмiн табуға тырыспасақ, әрекеттенуге ниет етпесек мұның зардабы ауыр болмақ.
Ендi бiр мәселе айта кетейiн, осы келтiрiлген айғақтардың көпшiлiгi сыртқы ақпарат көздерiнен алынды. Бiзде Қытаймен қарым-қатынасқа байланысты барлық ақпараттар құпия сақтаулы. Қытайдың қаншалықты қауiп төндiрiп отырғанын бiлу қиын. «Қытай қауiп төндiрiп тұрған жоқ, ол Ресей саясатының ықпалы» дейтiндерге айтарым, егер де жоғарыдағы фактiлердi еске түсiрсек Қытай қалай қауiптi емес деп айта алады. Қытайдың ақпараттарына сенетiндер «Қытай қауiптi емес» деп әлде бiр жалған мысалдарды келтiрiп әлек. Бәрiне айтарым Ресейдiң де, Қытайдың да фактiлерiн бiр шетке қойып Қазақстандағы орын алып отырған фактiлерге көздi ашып қарасаңыздар, сонда Қытайдың қаншалықты қауiптi екенiн түсiнесiздер. Әрине, сыртқы ақпараттар өз идеологиясының шеңберiнде ғана айтылған, жазылған пiкiрлер. Ал бiз осындай арандатуларға, басқа елдiң идеологиясының жетегiнде кетпес үшiн осы пiкiрлердi ұлттық санамыздың сүзгiсiнен өткiзiп өз мүддемiздi көздейтiн пiкiрлер, идеологиямызды қалыптастыруымыз керек. Мысалы, «Қытай сияқты аждаһаға төтеп беру үшiн Ресейдiң жанынан табылуымыз керек» деген сияқты. Бiз үшiн Қытай аждаһа да, Ресей аю да емес. Екi елге де төтеп бере алатын ұлттық рухымыз бар. Сыртқы күштiң қару мен экономикалық әлсiздiгiмiздi санамызға сiңiрген түсiнiгiнде қалмай, рухты халық екендiгiмiздi ұмытпаңыздар.
Пазылбек АБСАТТАРҰЛЫ
"Жұлдыз" журналы, 2011 жыл, №6